Қазіргі уақытта Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше болуы туралы пікірталас айтарлықтай жүріп жатыр. Әсіресе, қазан айы туысымен Одаққа кіру, кірмеу туралы әңгіменің «қазаны» қайнай түскен.
2019 жылдың 1 қазанында Ташкентке барған ресми сапарында Ресей Федералды жиналысы Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко Өзбекстанның ЕАЭО-қа мүшелікке өтуі қарастырылып жатқандығын мәлімдеді. Бұл мәлімдемені БАҚ сенсациялық жаңалық ретінде іліп әкетіп, жаппай жариялай бастаған. Дегенмен көп өтпей өзбек тарапы түзету жасап, арындаған ақпараттың «әпігін» басқандай болды. Өзбекстан Олий Межлис төрағасының бірінші орынбасары Садық Сафаев арнайы баспасөз жиынын өткізіп, Ресей Федерациясы кеңесі спикерінің мәлімдемесінде «тым көп резонанс тудыратындай» ештеңе жоқ екенін айтты. Өйткені аталған Одаққа кіру жайы Ташкентте соңғы үш жыл бойы талқыланып келгенімен, нақты шешім қабылданбаған.
Сондай-ақ Садық Сафаев аталған жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын, сырттан қысым жоғын жеткізді. «Өзбекстан қысымға ұшырайтын ел емес, ал біздің президент біреудің қысымына иілетін жан емес» деп атап өтті спикер.
Одан бөлек, таяуда Өзбекстандағы «Милли тикланиш» партиясының жетекшісі Алишер Кадыров ЕАЭО-ны «екінші КСРО» деп атаған болатын. Осыдан-ақ елдегі саяси элита мен қоғамдық ұйымдар аталған мәселені қызу талқылап жатқанын байқауға болады.
Өзбекстанды Одаққа кіргізуді, әсіресе Ресей тарапы белсенді қолдап отырғаны белгілі. Мәскеудің мақсаты – ЕАЭО-қа Орталық Азия мемлекетін түгел қосып, экономикалық тұрғыда ықпалын күшейту. Оған дәл қазіргі өзбек басшылығының елді ашық нарықтық қатынастарға сай дамыту ұстанымын жақтап отырғаны да дөп келіп отыр.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов Кремльдің саясатына үнемі сақтықпен қарап, аяғын тарта қимылдайтын. 2012 жылы Өзбекстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығып кетуі осының көрінісі еді.
Мәскеудің мүддесі Өзбекстанды тезірек ЕАЭО-қа кіргізіп, аймақтағы АҚШ пен Қытайдың күшін әлсіретіп, геосаяси мүмкіндігін кеңейте беруді көздейді. Осы орайда, өңірдегі халық саны көп республиканы ортақ Одаққа қызықтырудың түрлі тәсілі қарастырылуда. 2020 жылдан бастап жүзеге асады делінген ЕАЭО елдерінің бірыңғай зейнетақы жүйесі осыған мысал. Ресей тарапынан ұсынылған жоба еңбек мигранттарына үлкен мүмкіндік ашады деп басымдық бере айтылуы да біраз дүниені меңзейді.
Шавкат Мирзиёевтің билікке келуінен кейін Өзбекстан сыртқы саясатта белсендірек қимылдай бастады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан Қытай азаматтары үшін визасыз режимді (7 күндік) енгізіп отыр. 2018 жылғы мамыр айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің АҚШ-қа сапары «тарихи сапар» деп аталып, өзбек тарапы америкалық компаниялардан 5 млрд доллар инвестиция тартуға келісім жасасқан. Екі елдің сауда айналымы соңғы екі жылда едәуір өскенін байқаймыз. Мәселен, 2017 жылы көрсеткіш 136 млн доллар болса, 2018 жылы 300 млн долларға жеткен. Ал биылғы сегіз айда АҚШ-тың Өзбекстанға экспорты 455 млн долларды құрағаны белгілі. Рас, алып экономикасы бар АҚШ үшін бұл сома аса үлкен көрсеткіш емес, дегенмен Өзбекстан үшін АҚШ-пен қаржылық һәм саяси тұрғыда қарым-қатынас үлкен мүмкіндікке жол ашады. «Ала шапанды ағайын» мұндай қолдаудан айырылғысы келмесі анық.
Айтқандай, Өзбекстанның ЕАЭО-қа қосылуы мәселесіне Қытай жағы өз көзқарасын білдірмегенімен, АҚШ аса қолдамайтынын ашық мәлімдеген. Вашингтонда өткен Америка-Өзбекстан сауда палатасының бизнес-форумында АҚШ сауда министрі Уилбюр Росс: «Біз өзбек серіктесімізді жаңа келісімдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесіне әсерін мұқият зерделеуге шақырамыз. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одаққа кіру ДСҰ-ға кіруді қиындатып, кешіктіруі мүмкін» деп ескертті. Сондай-ақ Росс Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге қызығушылығы елдің халықаралық саудаға интеграциялануын бәсеңдетуі мүмкін екенін айтты.
ЕАЭО-дан ӨЗБЕКСТАНҒА
ҚАНДАЙ ПАЙДА БАР?
Сөз жоқ, Одаққа Өзбекстанның қосылуы 180 миллионның үстіндегі халық санына тағы 30 миллионнан артық халық қосылады (РФ – 144 млн, Өзбекстан – 33 млн, Қазақстан – 18 млн, Беларусь – 9 млн, Қырғызстан – 6 млн, Армения – 3 млн) дегенді білдіреді. Бұл үлкен тұтыну нарығын әрі әлеуетті жұмыс күшінің қуатын көрсетеді. Кейбір мәліметтерде қазірдің өзінде 2,5 миллиондай өзбекстандық еңбек мигранты Ресейде жұмыс істеп жатқаны айтылуда. Демек, олар үшін қолданыстағы шектеулер алынып, заңды жұмысқа орналасуға жол ашылмақ.
Екіншіден, Одаққа кірсе ЕАЭО-тың транзиттік мүмкіндігін өзбектер де тиімді пайдалана бастайды. Ол дегеніңіз «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралі және Еуропа мен Иранға шығатын теміржол дәлізі жобаларына еркін кіру.
Үшіншіден, сауда айналымы. Әйтсе де, Өзбекстан Одаққа кірмей тұрып та ЕАЭО елдерімен сауда-саттығын жақсы жүргізіп (70%) отырғанын айтуымыз керек. Сондай-ақ сауда көрсеткіші Одаққа мүше елдердің көрсеткішінен жоғары тұр. Мысалы, Қазақстанның ЕАЭО-дағы сауда айналымы – 23% көлемінде, Армения – 29%, Қырғызстан – 43%, Беларусь – 53% деңгейінде. Ал биылғы жылдың қаңтар-қыркүйегінде Ресей мен Өзбекстанның тауар айналымы 4 млрд долларды құраған.
Географиялық орналасуы, климаттық ерекшелігі жағынан Өзбекстан – өзіндік артықшылыққа ие мемлекет. Ташкент жеміс пен көкөніс экспортын дамытып, әлемнің 80 еліне 2 млрд долларға (2018) өнім өткізіп отыр. Кептірілген өрік экспорты бойынша Өзбекстан дүниежүзінде 2-орынға шықты. Яғни, азық-түлікке сұраныс бар жерде Одаққа кіруге аса бір тәуелділіктің де болмауы заңды.
Әрине, оптимистер Өзбекстанның ЕАЭО-ға кіруі өзбек экспортына кедендік баж салығының төмендеуіне алып келетінін айтады. Дегенмен бұл мәселе Одақ құрылып жатқан 2014 жылы да жиі айтылатын. Батыс тарапынан антиресейлік санкциялар күшейген кезде Одақтағы экономикасы үлкен ресми Мәскеу салық саясатын құбылтып, жоғалтқан шығынды одақтас елдер есебінен өндіруге күш сала бастады.
Ташкент тарапы ЕАЭО-қа қашан қосылатынын нақты айтпағанымен билік ел экономикасын ақырындап дайындап жатқаны белгілі. Президент Мирзиёев 1 қазаннан бастап автоөнеркәсіпке беріліп келген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастап, бәсекеге дайын болуды тапсырды. Өзбекстан – ішкі нарығын өз автомобильдерімен 97 пайызға қамтыған республика. Биыл салада өндіріс көлемі 154%-ға артып, 1 трлн 73 млн доллар табыс түскен. Осы себептен ресми Ташкент Одаққа мүше Ресей мен өзге елдерден өндірісіне нақты кепілдік талап етіп отыр. Орталық Азияда Өзбекстан дәстүрлі ұлттық мәдениеті қалыптасқан, тұтас қоғамы бір тілде сөйлейтін, ділі мен дініне берік мемлекет. Сондықтан экономикалық тұрғыда «өз ағамыздың» өз дегені болмаса мүшелікке өтуді созбаққа сала берері анық.