Өзбекстан одаққа кіруге ниетті

Өзбекстан одаққа кіруге ниетті

Қазіргі уақытта Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше болуы туралы пікірталас айтарлықтай жүріп жатыр. Әсіресе, қазан айы туысымен Одаққа кіру, кірмеу туралы әңгіменің «қазаны» қайнай түскен.

2019 жылдың 1 қазанында Ташкент­ке барған ресми сапарында Ресей Фе­дералды жиналысы Федерация кеңесі­нің төрайымы Валентина Матвиенко Өзбек­станның ЕАЭО-қа мүшелікке өтуі қарас­тырылып жатқандығын мәлімдеді. Бұл мәлімдемені БАҚ сенсациялық жаңалық ретінде іліп әкетіп, жаппай жариялай бастаған. Дегенмен көп өтпей өзбек та­рапы түзету жасап, арындаған ақпарат­тың «әпігін» басқандай болды. Өзбекстан Олий Межлис төрағасының бірінші орын­басары Садық Сафаев арнайы бас­пасөз жиынын өткізіп, Ресей Федера­циясы кеңесі спикерінің мәлім­демесінде «тым көп резонанс тудыра­тын­­дай» еш­теңе жоқ екенін айтты. Өйт­­кені аталған Одаққа кіру жайы Таш­кентте соңғы үш жыл бойы талқы­ланып келгенімен, нақты шешім қабылданбаған.

Сондай-ақ Садық Сафаев аталған жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жат­қанын, сырттан қысым жоғын жеткізді. «Өзбекстан қысымға ұшырайтын ел емес, ал біздің президент біреудің қысымына иілетін жан емес» деп атап өтті спикер.

Одан бөлек, таяуда Өзбекстандағы «Милли тикланиш» партиясының же­тек­шісі Алишер Кадыров ЕАЭО-ны «екін­ші КСРО» деп атаған болатын. Осы­дан-ақ елдегі саяси элита мен қо­ғамдық ұйымдар аталған мәселені қызу талқылап жатқанын байқауға болады.

Өзбекстанды Одаққа кіргізуді, әсіресе Ресей тарапы белсенді қолдап отырғаны белгілі. Мәскеудің мақса­ты – ЕАЭО-қа Орталық Азия мемлекетін түгел қосып, экономикалық тұрғыда ық­палын күшейту. Оған дәл қазіргі өзбек басшылығының елді ашық на­рық­тық қатынастарға сай дамыту ұстанымын жақтап отырғаны да дөп келіп отыр.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов Кремльдің саясатына үнемі сақтықпен қарап, аяғын тарта қи­мылдайтын. 2012 жылы Өзбекстан­ның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйы­мынан шығып кетуі осының көрі­нісі еді.

Мәскеудің мүддесі Өзбекстанды тезірек ЕАЭО-қа кіргізіп, аймақтағы АҚШ пен Қытайдың күшін әлсіретіп, геосаяси мүмкіндігін кеңейте беруді көз­дейді. Осы орайда, өңірдегі халық саны көп республиканы ортақ Одаққа қызықтырудың түрлі тәсілі қарасты­ры­луда. 2020 жылдан бастап жүзеге асады делінген ЕАЭО елдерінің бірыңғай зейнетақы жүйесі осыған мысал. Ресей тарапынан ұсынылған жоба еңбек мигранттарына үлкен мүмкіндік ашады деп басымдық бере айтылуы да біраз дүниені меңзейді.

Шавкат Мирзиёевтің билікке ке­луінен кейін Өзбекстан сыртқы саясатта белсендірек қимылдай бастады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан Қытай азаматтары үшін визасыз режим­ді (7 күндік) енгізіп отыр. 2018 жылғы мамыр айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің АҚШ-қа сапары «тарихи сапар» деп аталып, өзбек та­ра­пы америкалық компаниялардан 5 млрд доллар инвестиция тартуға келісім жасасқан. Екі елдің сауда айналымы соң­ғы екі жылда едәуір өскенін бай­қаймыз. Мәселен, 2017 жылы көрсеткіш 136 млн доллар болса, 2018 жылы 300 млн долларға жеткен. Ал биылғы сегіз айда АҚШ-тың Өзбекстанға экспорты 455 млн долларды құрағаны белгілі. Рас, алып экономикасы бар АҚШ үшін бұл сома аса үлкен көрсеткіш емес, дегенмен Өзбекстан үшін АҚШ-пен қаржылық һәм саяси тұрғыда қарым-қатынас үлкен мүмкіндікке жол ашады. «Ала шапанды ағайын» мұндай қолдаудан айырылғысы келмесі анық.

Айтқандай, Өзбекстанның ЕАЭО-қа қосылуы мәселесіне Қытай жағы өз көзқарасын білдірмегенімен, АҚШ аса қолдамайтынын ашық мәлімдеген. Вашингтонда өткен Америка-Өзбек­стан сауда палатасының бизнес-фо­румында АҚШ сауда министрі Уилбюр Росс: «Біз өзбек серіктесімізді жаңа ке­лі­сімдердің Дүниежүзілік сауда ұйымы­на кіру процесіне әсерін мұқият зерделеуге шақырамыз. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одаққа кіру ДСҰ-ға кіруді қиындатып, кешіктіруі мүмкін» деп ескертті. Сондай-ақ Росс Өзбекстанның Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одаққа кіруге қызығушылығы ел­дің халықаралық саудаға интеграция­лануын бәсеңдетуі мүмкін екенін айтты.

 

ЕАЭО-дан ӨЗБЕКСТАНҒА
ҚАНДАЙ ПАЙДА БАР?

Сөз жоқ, Одаққа Өзбекстанның қо­сылуы 180 миллионның үстіндегі халық санына тағы 30 миллионнан артық ха­лық қосылады (РФ – 144 млн, Өзбек­стан – 33 млн, Қазақстан – 18 млн, Бе­ла­русь – 9 млн, Қырғызстан – 6 млн, Армения – 3 млн) дегенді білдіреді. Бұл үлкен тұтыну нарығын әрі әлеуетті жұ­мыс күшінің қуатын көрсетеді. Кейбір мәліметтерде қазірдің өзінде 2,5 мил­лиондай өзбекстандық еңбек мигранты Ресейде жұмыс істеп жатқаны айтылуда. Демек, олар үшін қолданыстағы шек­теу­лер алынып, заңды жұмысқа орна­ласуға жол ашылмақ.

Екіншіден, Одаққа кірсе ЕАЭО-тың транзиттік мүмкіндігін өзбектер де тиімді пайдалана бастайды. Ол дегеніңіз «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» авто­магистралі және Еуропа мен Иранға шығатын теміржол дәлізі жобаларына еркін кіру.

Үшіншіден, сауда айналымы. Әйтсе де, Өзбекстан Одаққа кірмей тұрып та ЕАЭО елдерімен сауда-саттығын жақсы жүргізіп (70%) отырғанын айтуымыз керек. Сондай-ақ сауда көрсеткіші Одаққа мүше елдердің көрсеткішінен жоғары тұр. Мысалы, Қазақстанның ЕАЭО-дағы сауда айналымы – 23% көлемінде, Армения – 29%, Қырғыз­стан – 43%, Беларусь – 53% деңгейінде. Ал биылғы жылдың қаңтар-қыркүйе­гінде Ресей мен Өзбекстанның тауар айналымы 4 млрд долларды құраған.

Географиялық орналасуы, климат­тық ерекшелігі жағынан Өзбекстан – өзіндік артықшылыққа ие мемлекет. Ташкент жеміс пен көкөніс экспортын дамытып, әлемнің 80 еліне 2 млрд дол­ларға (2018) өнім өткізіп отыр. Кеп­ті­рілген өрік экспорты бойынша Өзбек­стан дүниежүзінде 2-орынға шықты. Яғни, азық-түлікке сұраныс бар жерде Одаққа кіруге аса бір тәуелділіктің де болмауы заңды.

Әрине, оптимистер Өзбекстанның ЕАЭО-ға кіруі өзбек экспортына кеден­дік баж салығының төмендеуіне алып келетінін айтады. Дегенмен бұл мәселе Одақ құрылып жатқан 2014 жылы да жиі айтылатын. Батыс тарапынан антире­сей­лік санкциялар күшейген кезде Одақ­тағы экономикасы үлкен ресми Мәскеу салық саясатын құбылтып, жо­ғалт­қан шығынды одақтас елдер есе­бінен өндіруге күш сала бастады.

Ташкент тарапы ЕАЭО-қа қашан қосылатынын нақты айтпағанымен би­лік ел экономикасын ақырындап да­йындап жатқаны белгілі. Президент Мирзиёев 1 қазаннан бастап автоөнер­кәсіпке беріліп келген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастап, бәсекеге дайын болуды тапсырды. Өзбекстан – ішкі нарығын өз автомобильдерімен 97 пайызға қамтыған республика. Биыл салада өндіріс көлемі 154%-ға артып, 1 трлн 73 млн доллар табыс түскен. Осы себептен ресми Ташкент Одаққа мүше Ресей мен өзге елдерден өндірісіне нақ­ты кепілдік талап етіп отыр. Орталық Азия­да Өзбекстан дәстүрлі ұлттық мә­дениеті қалыптасқан, тұтас қоғамы бір тілде сөйлейтін, ділі мен дініне берік мем­лекет. Сондықтан экономикалық тұр­ғыда «өз ағамыздың» өз дегені бол­маса мүшелікке өтуді созбаққа сала берері анық.