Мұнайлы астанадағы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында белгілі мемлекет қайраткері, мұнайшы, 1997-1999 жылдары Премьер-Министр лауазымын атқарған Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығы ашылды.
Еліміз үшін Нұрлан Балғымбаев есімі құрметті, оның қарапайым жұмысшы болып бастаған еңбек жолы кім-кімге де өнеге. Халық үшін алдымен мұнайшылар династиясын жалғастырушы білікті маман ретінде танылған Нұрлан Балғымбаев еңбек жолын Маңғыстау облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі болып бастаған. Еңбек тәжірибесі оны «Маңғышлақмұнай» бірлестігінде жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері болып еңбек етуге жол ашты. Адал еңбексүйгіштігі Нұрлан Балғымбаевты ұлтқа еліміздің мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімділікпен игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды жасау ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған тұлға ретінде танытты. Ол Үкімет басшысы ретінде әлеуметтік саладағы реформаторлығымен, отандық тауар өндірушілерге мүмкіндігінше қолдау көрсету бағытын ұстануымен ерекшеленді. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда елдің дамуын ойлап, тәуекелге бел буған шақтары ұлт болашағын ойлаған арда азамат етіп танытты. Ғұмыры тағылымды тұлғаны үлгі тұтқан замандастарының жалғасы бүгінгі жас буынға жетуі маңызды. Сондықтан да Нұрлан Өтепұлының ұрпақтары мұнайдың атасы атанған мұнайшы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жанынан Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникация орталығын ашуға шешім қабылдапты.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жанындағы оқыту-білім беру орталығының 4 мың шаршы метрлік ауданы бар үш қабаттық корпусы заманауи технологиялық құралдармен, ақпараттық ресурстармен толықтай жабдықталған. Орталықта Қазақстанның мұнай өндіру тарихын қамтитын экспозициясы бар интерактивті музей орналасқан. Тағы бір маңызды ерекшелігі И.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің электронды ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін интерактивті кітапхана қызмет көрсетеді. Оқу орталығында студенттер мұнайды бұрғылау, өндіру және өндеу дағдыларын дамыта алады. Мұнай-газ саласы мамандығын таңдаған студенттерді мұнай-газ саласында тәжірибеден өткізуге бағытталған орталықтың елімізде баламасы жоқ.
Оқу орталығының ашылу салтанатында Нұрлан Балғымбаевтың жұбайы Нағима Балғымбаева, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, KAZENERGY ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.
– Биыл біз Қазақстан мұнайының 120 жылдығын атап өттік. Бұл – мұнайшылардың бірнеше буынының орасан зор қажырлы еңбегі. Тәуелсіздік алған соң Қазақстан экономикасын қарқынды дамыта бастады. Бұл қиын жылдар еді. Нақты перспективаның болмауын, экономикалық және саяси жүйенің күйреуін бастан кешірдік. Елімізге инвестиция, жаңа технология тарту қажет еді. Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында Қазақстанның экономикасы әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалардың бірі мәртебесіне ие болды. Елбасы ірі компанияларға кепіл болып, олар елімізге инвестиция әкеле бастады. Мұнай-газ саласына алғашқылардың бірі болып келген «Шеврон» компаниясы әлі күнге дейін әлемдегі аса ірі кен орындарының бірі Теңізді игеріп жатыр. Осы жылдардың бәрінде Елбасымен бірге болған сенімді көмекшілерінің бірі – Нұрлан Балғымбаев. Оның білімі, іскерлігі, мақсатына жетудегі күш-жігері инвесторларды мұнай-газ саласының перспективасына, болашағына сендіруге ықпал етті.
Мемлекеттік басқару мен экономикадағы ірі қайраткер Нұрлан Балғымбаев өзінің бар білімін, тәжірибесін еліміздің өркендеу ісіне жұмсады. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, ұйымдастырушылық қабілетінің, әрдайым білігін жетілдіруге ұмтылысының арқасында жоғары лауазымдарға көтеріліп, соның ішінде Премьер-Министр болып, қызметін аса жауапкершілікпен атқарды. Мен Нұрлан Өтепұлының отбасына алғысымды айтқым келеді. Себебі оны жадында сақтап, ісін жалғастырып қана қоймай, мамандардың жас буынын қолдау жобасын нақты іске асырып отыр, – деген аймақ басшысы Н.Ноғаев осы оқу орталықта оқыған, тәжірибе алғандар келешекте мұнай саласында кәсіби маман болып, жұмыста жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына үлес қосарына сенім білдірді.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің директорлар кеңесінің төрағасы, KAZENERGY ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин Нұрлан Балғымбаевтың Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айтты.
– Өзінің білімімен, еңбегімен Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосқан оның өмір жолы күрделі. Ол туралы естелік жадымызда мәңгі сақталады. Бүгінгі шара, мұнай және газ университетінің жанынан коммуникациялар орталығының ашылуы – осыған дәлел. Бұл заманауи оқыту-білім беру орталығы бүгінгі жас буынға қажетті кәсіби білім алып, ел игілігі үшін еңбек етуге мүмкіндік береді, – деді Ұ.Қарабалин.
Салтанатты жиында сондай-ақ Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі, «Атамекен» ҰКП мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ, ТШО, НКОК компанияларының өкілдері, мұнай саласының ардагерлері сөйледі.
Сайып келгенде, мемлекет және қоғам қайраткері, мұнайшы Н.Балғымбаев атындағы қордың қолдауымен ашылған оқу орталығы – еліміздегі Жастар жылында жастарға тарту болған құнды сыйлық. Бұл орталықтың барлық мүмкіндігін пайдалана алған жастар келешекте мұнай-газ саласындағы шетелдік инвесторлармен иық тірестіріп, білікті маман атанып, отандық мамандар қатарын толықтырары сөзсіз.
Салтанатты шарада Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және байланыс орталығы ғимаратының символикалық кілтін Нұрлан Өтепұлының жұбайы Нағима Балғымбаева С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің басшылығы мен студенттеріне табыс етті.
Содан соң шақырылған қонақтар ғимаратты аралап, орталықтың мүмкіндіктерімен танысты: студенттер үшін лингафондық және оқу залдары, виртуалды кітапхана жасақталған. Виртуалды кітапхананы пайдаланушыларға ресейлік Губкин атындағы университеттің кітапханасы қолжетімді. Орталықта университеттің студенттері су астында дәнекерлеу тәсілін игереді. Бұрын Қашаған жобасында мұндай жұмыстарды тек шетелдік мамандар ғана атқарған болатын. Енді атыраулық жас мамандар да бұған үйренеді.
Нақтысында Нұрлан Балғымбаев атындағы Даму және коммуникациялар орталығындағы құрал-жабдықтар әлемдік деңгейдегі стандартқа сай болуымен ерекшеленіп тұр. Бұл елімізде мұнай-газ саласында мұнайшылар династиясының жалғасып, еліміздің табиғи байлықтарын игеруде отандық мамандарға сенім артатын уақыттың келетінін айқындайтындай. Мұны ел үшін адал еңбек етіп, халықтың жадында жақсы адам болып сақталған Нұрлан Балғымбаевтың жалғасындай болатын арда азаматтардың шығуына сенім деп түйсінген дұрыс.
Атырау облысы