Қызылорда жастары шетелде білім алады
Қызылорда жастары шетелде білім алады
239
оқылды

«Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен бола­шағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, же­ке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар. Сондықтан ер адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру ке­рек» деген Елбасы Жастар жылын жариялаған болатын. Соның аясында жастарға мол мүм­кін­діктің қарастырылуы да заң­дылық. Ал биылғы іс-шаралар жаңа буынды волон­терлік жұмысқа тартуға ұласады.

Президент Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Жастар жы­лының игілігін, ең алдымен жас­тар­дың өздері көруі қажетін, қол­жетімді баспанамен қамтуды тап­сырған еді.

– Міне, Үкіметтің бастамалары, ең алдымен осы міндетті назарға алуы тиіс. Бірақ мынаны ұмыт­пауы­мыз керек. Ең басты міндет, «дайын асқа тік қасық» дегендей, жастарға бақытты өмірді жасап беру емес, оларға өз бақытын өз­дері тауып, мақсатына жетуге жағ­дай жасау өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Қызыл­ор­да облысында атқарылып жатқан жұмыс ұшан-теңіз. Өйткені Сыр елінде «болам» деген жасқа бағыт беретін бастамалар, жөн сілтеп, мүмкіндік беретін жобалар бар. Облыста Байқоңыр қаласын қоса есептегенде, 177 мыңға жуық жас тұрады. Онда 14 пен 28 жас ара­лығындағылар санатқа алынды. Барлық өңірдегі секілді басты мәселе – жастар арасындағы жұ­мыссыздық. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 5,1 пайыздан 4,2 па­йызға төмендеген. Облыс жаста­рының кәсіпкерлікке деген қы­зығу­шылығын арттыру мақса­тын­да Kyzylorda Business Hub жаңа жобасы қолданысқа енді. Был­тыр Жаңақорған үшін табысты жыл болды. Әсіресе, кәсіпкерлік са­ласындағы жастардың саны өсіп, жұмыссыздық деңгейі азай­ды. Былтырғы жылдың қорытын­дысына сай, Жаңақорғанда жас кәсіпкерлердің саны 530-ға жетті. Өткен жылы 247 жас жұмыспен қамтылды. Биылғы меже – бұдан да биіктен көрініп, елдің өркен­деуіне үлес қосу. Біз жастарға се­неміз, өйткені жастар біздің – болашағымыз.

Жастарды қолдау, олармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу қашанда маңызды. Бүгінгі буынның ертеңгі болашақты қа­лып­тастыратыны да айқын. Сон­дықтан Сыр елі «білекке емес, бі­лімге сенетін» жаһандану зама­нында жастардың елдің ғана емес, шетелдің айтулы оқу орындарында оқуына мүмкіндік жасады. Мы­салы, 2013 жылдан бастап аймақта сұранысқа ие мамандықтар бойын­ша облыс әкімінің 100 гран­ты тағайындалып келеді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасынан шыққан балаларға жоғары оқу орындарында білім алуына жақсы мүмкіндік жасалған. Өткен жыл­дан бастап грант саны 200-ге артты. Осы кезге дейін 878 мектеп түлегі облыс әкімінің грантына ие болса, қазір оның 400-ден астамы диплом алған.

Сондай-ақ Қызылорда – көрші елдің қаржысы есебінен беделді ЖОО-да жүздеген түлек оқытуды ұйымдастырған бірден-бір облыс. Иә, 2014 жылдан бастап мектеп түлектері үздік отандық және ресейлік жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуда. Осы кезге дейін аймақтың 500-ден аса мектеп бітірушісі Ресей Үкіметі бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербордағы маңдайалды инженерлік жоғары оқу орында­рында білім алуға аттанған. Был­тыр алғашқы түлектер елге оралды. Биылға дейін 181 жас маман дип­лом алды. Ал оның 40-тан астамы туған жерде қызмет етуде. Жар­тысынан астамы Ресейде білімін жалғастыру мақсатында магис­тра­тураға түскен. Оған қоса, аймақта тұрмысы төмен отбасынан шыққан студенттерге көмек көрсету ісі жол­ға қойылған. Облыс әкімінің қолдауымен соңғы 10 жыл кө­лемінде күндізгі бөлімде білім алатын 3 533 студентке қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге мүм­кіндік қарастырылған. Бұл жеңіл­дік қазірдің өзінде 3 500-ге жуық студентке берілген.

Былтырдан бастап облыста екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ыбырай Жақаевтың жолымен жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері өткізіліп келеді. Мы­салы, өткен жылы жастар 3 күннен егін алқабында жұмыс істеген. Биыл күрішке орақ түскен кезең­нен бастап 7 күндік еңбек лагері болды. Сөйтіп, жастардың еңбекке араласуы да қарқынды дамуда.

Жаңа буынға биылғы жылдың ең басты тартуы – Сырдарияның сол жағалауынан зәулім ғимарат­тың ашылуы. Ең бастысы, бұл – жастарды біріктіретін, батыл бас­тамалары мен тың идеяларын тал­қыға салатын орын. Бұл орта­лықта IT park, антикафе, кітапхана, коуоркинг, фитнес-орталық, жас­тарға әдістемелік қызмет көрсету бөлмесі, 330 адамға арналған көп­функционалды зал, 50 орынды конференц залында соңғы үлгідегі техниканың игілігін көруге болады. Сонымен бірге Жастар жылы аясында Қармақшы, Жа­лағаш, Сырдария ауданындағы жастар ресурстық орталығы қайта жаңғыр­тудан өткізілді. Ал Бай­қоңыр қа­ласында жастар орта­лығын ашу үшін жаңа ғимарат беріліп, жаңарту үшін қаржы бөлінген.

Қорыта айтқанда, Жастар жы­лында Қызылорда облысында жүзеге асуы тиіс шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде. Мәселен, түр­кітілдес елдері жастарының қа­тысуымен халықаралық фестиваль, халық­аралық деңгейдегі тренер­лерді тарта отырып IT эшелон жобасы, 100 жасты қамтыған рес­публика­лық лагерь өткізілді. Облыс әкі­мінің жүлдесі үшін өткен жайдар­ман ойыншыларының республи­калық әзіл кеші, облыс­тық ауыл жастарының слеті де жаңа буын­ның бір мақсатқа бі­рігіп, белсенді болуына жол ашты. Сондай-ақ жас­тар арасында ерік­тілікті кеңі­нен насихаттау, еріктілік қызметтің әлеуетін арттыру мақ­са­тында тұр­мысы төмен отба­сы­ларға тұрғын үй салып беруді ұйым­дастыратын еріктілер тобы жо­басы жұмысын бастады. Болашақ осы жастардың қолында.


Миуа БАЙНАЗАР
Қызылорда облысы