Кейінгі үш жарым жылда Қызылорда облысында 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов осылай деді.
«Биылдың өзінде 48 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. 2 000 пәтер, оның 1 738 пәтерлік 40 тұрғын үй жыл соңына дейін, сонымен бірге қазір қарқынды құрылысы жүріп жатқан Сырдария өзенінің сол жағалауындағы «жаңа қалада» іске қосылмақ. Бұған дейін облысты абыроймен басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаев Елбасы тапсырмаларын, Мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын оңтайлы, сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында сол жағалауда жаңа қала салу туралы бастама көтерген болатын. Сол жағалауды игерудің бастамасы ретінде Сырдария өзенінің екі жағалауын ұштастыратын жаңа көпір іске қосылды» дейді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
2018 жылы сол жағалауда Рухани жаңғыру орталығы бой көтерді. Ғимарат 1925 жылы ұлтымызға қазақ атауын беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару Комитеті бұрынғы ғимаратының сызбасы негізінде қаланған. Биыл Жастар ресурстық орталығы пайдалануға берілді.
Жеке инвесторлардың күшімен сол жағалауды дамыта отырып, мемлекет үшін де, бизнес үшін де ауқымды, тиімді жоба іске асырылуда. Бюджет есебінен тек инженерлік коммуникацияларын тарта отырып, өткен жылы инвесторлар есебінен тұтастай шағын аудан салынды.
«1 064 пәтерлік 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді, оның 14-ін (604 пәтер) жеке инвесторлар салды. Одан бөлек, 1 190 пәтерлік 28 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа қаланың жас отбасыларына жағдай жасау үшін 320 орындық балабақша салынды. «Болашақ» университетінің кампусы ашылды. Алдағы жылдар ішінде бұл жерде Неке сарайы, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен жатақханасы, жабық көпсалалы футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені және тағы басқа нысандар бой көтереді» дейді аймақ басшысы.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 300 төсекке арналған көпбейінді облыстық аурухана құрылысының (онкологиялық бөлімімен қоса) жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жан басына шаққандағы бюджет шығындары бойынша Қызылорда өңірі республикада 6-орында тұр, ал әлеуметтік сала шығындары бойынша – 1-орында. Қызылорда облысы соңғы 5 жылда әлеуметтік сала рейтингісі бойынша көшбасшы болып табылады. 2019 жылдың қараша айындағы көрсеткішке сәйкес әлеуметтік сала шығынына 169,5 млрд теңге (56,7%) құрап отыр, бұл тұрғыда денсаулық сақтауға 11,4 млрд теңге қаржы жұмсалған.
«Алдымызда – типтік емес, бейімделген ғимараттарда орналасқан медициналық мекемелердің мәселесін шешу міндеті тұр. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. 22 жаңа медициналық нысан құрылысын сала отырып, бұл мәселені 2025 жылға қарай толығымен шешеміз. Сонымен қатар мамандар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 2016 жылдан бастап облыс әкімінің грантын енгіздік, бүгінде 53 резидент Қазақстанның 5 жетекші жоғары оқу орнында білім алуда. Биыл 15 білікті дәрігер аймаққа қажетті мамандықтар бойынша жұмыс істеуде. Ал өткен жылдан бастап жалпы практикадағы дәрігерлерді оқыту үшін облыс әкімінің арнайы грантын бөліп келеміз, бүгінде бұл грантты 60 астам маман иеленді» дейді Қуанышбек Ысқақов.
Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейінде медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру мақсатында дәрігерлік амбулаторияларды көбейту жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 3 жыл ішінде қосымша 61 дәрігерлік учаске ашылып, бұл жалпы практикадағы дәрігерге бекітілген халық санын 2017 жылғы 2 200 адамнан бүгінгі күні 1 683 адамға дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш 1 600 адамға дейін, ал 2020 жылы 1 500 адамға дейін жететін болады.
Облыстық көпбейінді аурухананың филиалы ретінде жұмыс істеген Байқоңыр қалалық ауруханасы 2019 жылдың маусым айынан бастап жеке заңды тұлға ретінде бөлініп шықты.
Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 9 дәрігерлік амбулатория, жергілікті бюджет есебінен – 4 фельдшерлік акушерлік бекет, 5 медициналық бекет ағымдағы жылы салынуы жоспарланып, оның 4-і пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде облыстық медициналық орталығы мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық қондырғы орнатылды.
Айта кету керек, облыстағы медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен толығымен қамтылды.
Миуа НАЗАР,
Қызылорда облысы