Тең құқық – тең мүмкіндік
Тең құқық – тең мүмкіндік
697
оқылды

 Шешімі ең күрделі саналатыны – ұлтаралық және дінаралық кикілжіңдер. Олар бірнеше декада, тіпті ғасырға созылуы мүмкін. Ал экономикалық, әлеуметтік жанжалдардың ғұмыры қысқа. Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде аталған қатердің алдын алуы тиіс. Орталық Азия, Кавказдағы, Донбастағы ұлтаралық қақтығыстардың соңы неге әкелгенін көрдік. Алайда титулды ұлт басымдық сұраса, диаспоралар теңдік талап етсе, шешім қандай болуы керек? Өзімізде де болған, бірақ «тұрмыстық төбелес» деп жылы жауып қойған фактілерден қандай сабақ алдық?

Әлемде 200-дей мемлекет болса, соның 20-ға жуығы ғана моноұлтты. «Бір мемлекет – бір ұлт» ұғымы ХХ ғасырда-ақ ақы­рын жойыла бастады. Түрлі қақтығыстар, саяси келісімдер, миграциялық көштер, кейіннен басталған жаһандану процесі ұлттардың араласуына ықпал етті. Ал Ресей патшалығындағы Сто­лыпин реформасы, Кеңес Ода­ғындағы Сталин саясаты ха­лықтар көшін күшпен жүргізді. Сәйкесінше, шалғайға аттанған сан алуан халықтар да, оларға жерін босатып беруге мәжбүр болған қазақтар да риза болған жоқ. Сондықтан шеттен кел­геннің бәріне «келімсек» деген ныспы тағуы бекер емес. Бұл же­рінен айы­рылған кез келген ұлттың табиғи, психологиялық, қалыпты реакциясы. Орта ға­сыр­ларда мая, аравак, ацтектер де ис­пан­дық­тарды құшақ жая қарсы алмаған. Дегенмен мұның барлығы өт­кен тарих. Бүгінгі негізгі мәселе– сол тарихи оқиғалардың салда­рынан туған ұлтаралық қаты­настарды реттеу. Тек реттеп қана қоймай, оның дамуына жағдай жасау. Артта қалған 30 жылда Қазақстан этносаралық саясатта көршілеріне қарағанда бір қадам алда болды. Бұл көкірек соғатын бос мақтан емес. Нақтырақ айт­сақ, елімізде Ферғана, Ош, Таулы Қа­рабақтағыдай ірі ұлтаралық ки­кілжіңдерге жол берілмеді. Бұл тек Үкіметтің бейбіт ұста­ны­мының нә­тижесі емес, ха­лық­тың сабыр­лы, толерантты қа­сиетінің жемісі екенін баса айт­қан жөн.

Жауабы айқын сұрақ

Бүгінгі биліктің алдында тұрған бірден-бір мәселе – ти­тулды ұлт қазақтар мен өзге де диаспоралар Қазақстан атты ортақ үйде «келешекте қандай жағдайда, шартта, құқықтық кеңістікте өмір кешеді?» деген сауалға жауап табу және оны қоғамға түсіндіру, жеткізу. Сұ­рақтың жалғыз жауабы – ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамай, барлығына ортақ құ­қықтық тең­дікті қамтамасыз ету. Әділетті қоғам құру. Неге? Себебі заң алдында азаматтар тең бол­ғанда қоғамда әділдік үстемдік құрады. Ал теңдік пен әділет – кез келген мемлекетшілдік, қоғамдық келі­сімнің іргетасы саналатын құн­дылықтар. Джон Локк, Томас Гоббс секілді орта ғасыр ой­шыл­дары да, Джон Ролз, Амартия Сен секілді ХХ ғасырдың зерт­теу­шілері осы құндылықтар мем­лекет пен азаматтар үшін қан­шалық маңызды екенін өз ең­бектерінде дәлелдеп кеткен.

Құқықтық теңдік – бейбітшілік кепілі

Ресей патшалығы, Кеңес Одағы құрамында езгі көріп, қа­налған қазақ халқының тәуел­сіздік алған соң жер иесі, ел иесі ретінде артық құқық, басым мүм­кіндікке ие болғысы келетіні белгілі. Мұны ұлттық дамуды ұлтшылдыққа айналдырғысы келетін немесе этносаралық ки­кілжің барысында ұрандататын шолақ белсенділерден жиі ести­міз. Бір қарағанда, заңды талап сияқты көрінеді. Алайда ол орын­далса, ХХ ғасыр трагедия­ларынан сабақ алынбады деген сөз. Неге? Өйткені бір ұлттың басқадан ар­тықшылығын мойын­дау немесе заңмен бекіту расизм, шовинизм, тіпті фашизмге апаратын жол. Оған қоса, Quod tibi fieri non vis, alteri ne feceris немесе «өзіңе қа­ламағанды өзгеге тілеме» деген көне нақыл бар. Егер қазақ бұрын өзі көрген әділетсіздік қай­та­ланбасын десе, оны өз елінде басқа этностарға да қатысты болдырмауы шарт. Себебі «ти­тулды ұлттың үстемдігі жүруі тиіс» деген теріс саясаттың соңы қандай трагедияларға әкелетінін Еуропа тарихы талай дәлелдеген. Мәселен, Британия құрамында ағылшындардан озбырлық көр­ген ирланд халқы тәуел­сіздігіне қан­құйлы соғыс, ұзақ күрестің арқа­сында қол жеткізді. 1990 жылдың ортасына дейін қаншама адамның өмірін қиған терак­тілерге ұласты. Ис­панияда ис­пандардың билігін асырып, өзге ұлттарды таптауға ты­рыс­қан Франко саясатының қате­ліктерін ел былтырға дейін се­зінді. Каталония егемендікке ұм­тылып, Испанияда саяси дағ­дарыс орнады. Жақын күндерге дейін жалғасып, талай жанның өмірін жалмаған басктердің те­рак­тілері де сол солақай саясат­тың салдары еді. Ал Балқан түбе­гіндегі геноцидті адамзат әлі ұмы­та қойған жоқ. Яғни, бұл та­рихи сабақтардың түйіні біреу – ұлтына қарамай заң алдында бәрі тең деген саясат бейбіт­шіліктің кепілі бола алады.

Әділет бар жерде даму бар

Құқықтық теңдікті қам­та­масыз ету тек әділеттілік талабы ғана емес, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік, экономикалық да­муы­на жағдай жасайтын үлкен қадам. Бұған бірден-бір дәлел – АҚШ пен Еуропа арасындағы тарихи үлкен көш. Орта ғасыр­ларда монархиялық Еуропада король, дворян, шіркеуден зар­дап шеккен шаруалар жаңа құр­лыққа бет ала бастады. Себебі онда үстем тап, қанаушы топ, артық құқыққа ие ақ­сүйектер болмады. Бұл өз кезегінде Сол­түстік Аме­рикада тең құқылы адамдар мем­лекетінің құрылуына және ол елдің қысқа уақытта қуатты эко­номика қа­лып­тас­тыруына әкелді. Мұндай кең мүмкіндіктер мекені кейінірек «америкалық арман» ұғымын тудырды. Себебі теңдік орнаған жерде әр адам өз әлеуетін толық пайдаланады. Біреу өзге ұлт бол­ғаны үшін тонап, қанап кетеді деп алаңдамайды, заң күшіне сенеді. Әділет пен құ­қыққа сүйенген АҚШ-тың эконо­микалық даму себебі Дарон Аджемоглу мен Джеймс Ро­бинсонның «Why nations fail?» (Мемлекеттер неге құлдырайды?) кітабында толық­қанды сипат­талған. Яғни, аза­маттарды ұл­тына, ұлысына қарап бөлмеу, жіктемеу, қайта бәріне тең мүм­кіндік жасау елдің эконо­микалық дамуына әкеледі екен. Себебі әділет бар жерде ашық бәсеке орнайды. Ал бүгінгі ка­питалистік нарық экономи­ка­сының кон­цепциясы дәл сол ашық бәсе­келістікке сүйенеді. Әділет пен заң орнаған жерде жан-жақты өркендеуге жағдай жасалатынын World Justice Project ұйымы түзетін рейтинг дә­лелдейді. Ол тізімде қай мем­лекетте заң үстемдігі көбірек ор­нағаны көр­сетілген. Мәселен, биылғы рейтингте 128 елдің арасында Дания, Норвегия, Фи­нляндия көш бастап тұр. Бір қызығы, дәл осы үш ел БҰҰ 2019 жылы анық­таған әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде де 156 елдің ішінен топ жарып, алғашқы үштікке кірді. Аталған Скандинав елдері өзге де әлемдік тізімде алда екені белгілі. Яғни, азаматтардың құ­қығының қатаң әрі тең сақ­талуы қоғамдық өмірдің өзге де саласына оң ықпал етеді: жо­ғарыдағы рей­тингтер заң үстемдігі мен эконо­микалық дамудың арасында ортақ корреляция мен байланыс бар екенін көрсетеді.

Популизмнің салдары

Ұлтшылдық, саяси популизм бүгінде әлемдік тренд деуге бо­лады. Саяси немесе ұлттық ұран­ды ұстанымы етіп, билік басына келген саясаткерлер аз емес. Өйт­кені тобыр психологиясы жа­лын­ды сөздерді жылдам қабыл­дайды. Осылай мемлекет бас­шысы атан­ғандардың қатарына Дональд Трамп, Владимир Зе­ленский, Нарендра Моди, Жаир Болсанару, Джузеппе Контені жатқызуға болады. Де­генмен сайлауда популизммен жеңіп шығу бір басқа, ал ертең елді стратегиялық дамуға жетелеу мүл­де басқа. Көп өтпей аталған саяси көшбасшылар сәтсіздікке ұшырай бастады. Трамп қара­шадағы сайлауда жеңілді, Зелен­скийдің рейтингі 31 пайызға дейін құлдырады, Бол­санару өз халқы мен әлем қауым­дастығының жиі сынына ұшы­райды, ал Конте басқаратын Италия коронавирус панде­мия­сында сан қателікке бой ал­дырып, ірі шығын көрді. Соңғы жылдары әлемдік аренада болған ұлт­шылдық, саяси популизм прак­тикасы іс жүзінде тиімсіз стратегия екені осылайша дәлел­деніп жатыр. Популизм кейде демо­кратиялы елдердің өзінде гума­низмге қарсы әрекеттерге жол ашады. Мәселен, Д.Трамп жер­гілікті ақ нәсілді электораттың көңілінен шығу үшін миграцияны азайту мақсатында АҚШ-қа кел­ген мигранттардың балаларын ата-аналарынан бөліп алу туралы бұйрыққа қол қойды. Бір өкі­ніштісі, саясаткерлер өткінші, бү­гін бар, ертең жоқ. Алайда олар­дың жіберген қателіктері жыл­дарға жалғасады. Тіпті, эт­ностар, діни және әлеуметтік топтар арасына сына қағады, қо­ғамда алауыздық туғызады. Бұл мысалдарды неге кел­тірдім? Қазақстанның оңтүстік аудандарында ара-тұра болып қалатын этносаралық кикіл­жіңдерде жергілікті жұрт тара­пынан ұлтшылдық ұраны жиі естіліп, эмоцияға берілетіндер аз емес. Бұл түсінікті де. Бұрындары мұндай сөз асүйде, әлеуметтік желі аясымен шектелетін. Бірақ соңғы Қордай оқиғасында әлгі ұрандар жаппай төбелеске, соңы­нан бірнеше кісінің өліміне әкел­ді. Рас, қазір тараптардың айыбы анықталып, үкімі шығып жатыр. Бұдан бөлек, ел иесі, жер иесі қазақ халқы екені даусыз. Тарихи факт әрі бүгінгі статус-кво. Бірақ егер қандай да бір популистік ұран ірі қақтығысқа, адам өліміне себеп болса, онда қылмысқа шақыратын кез келген бастама, ұранға тыйым салыну керек. Себебі бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде. Емі табылар. Ал төгілген қан көптің есінде көпке дейін қалады. Ай­рандай ұйып отырған халықтар арасына сызат түседі. Мысалы, 2010 жылы Қырғыз Респуб­ликасының Ош қаласында тұрақ­сыздық пен тәртіпсіздіктен туған ұлтаралық қақтығыс қандай ауыр жағдайға әкелерін көрсетті. Сол күндері ғасырлар бойы ауылы аралас, қойы қоралас болған қыр­ғыз бен өзбек жанжалынан ай­налдырған бес күнде 893 адам көз жұмды. 2 мыңға жуық адам жа­рақат алса, жарты миллиондай халық Өзбекстанға бас сауғалады. Арада сан жыл өтсе де, жақы­нынан айырылған адамдар ол оқиғаны, қылмысқа кінәлілерді ұмытпайды. Кек сақтайды. Елімізде мұндай трагедияның қалай алдын алуға болады? Бір­ден-бір жол – қоғамда азамат­тардың заң үстемдігіне сенімін нығайту. Ол үшін билік орган­дарының заң талаптарын еш­кімнің ұлты мен ұлысына қара­май бұлжытпай орындауы шарт, әсі­ресе қазақтар мен өзге этнос өкілдері аралас қо­ныстанған шалғай ауыл мен аудандарда. Өйткені заңнан, биліктен үміті үзілген қауым оны өз күшімен орнатуға көшеді. Бұл өз кезегінде ұлтаралық қақтығыс, тіпті қан­төгіске әкелуі бек мүмкін.

Қазақ тілі – бүгініміз бен келешегіміз

Қоғамның бірлігі тек заң күшіне негізделмейді. Мәде­ни, тарихи, рухани, әлеуметтік құн­дылықтар да жұртты ортақ­тас­тыруы шарт. Сонда ғана біз шы­найы Қазақстан халқына ай­наламыз. Ал ондай бірегей бі­ріктіруші фактор – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл мәртебесін ал­ғанына 30 жылдан асса да, қазақ тілі де-факто өз тұғырына қон­бағанын мойындайық. Әлі де банк, жеке сектор, квази­мем­лекеттік сектор, тіпті мемлекеттік қызметте те орыс тілінің қолда­нысы басым. Алайда қазақ тіліне қатысты бірнеше оң үрдісті де байқауға болады. Біріншісі – оңтүстік аудандарда жергілікті әкімдіктердің ісқағаз жүйесі қа­зақ тіліне көшкен. Екіншісі – осы аудандарда қазақ тілінде ғана сөйлесетін жаңа ұрпақ қа­лып­тасты, олар ішкі миграция арқылы Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді ірі қалаларда қазақ тілінде сөйлеуді талап ете­тін, қазақ тілінде медиа кон­тентті тұтынатын немесе өздері қа­зақтілді контент жа­сайтын топқа айналды. Үшін­шісі – қазақша еркін сөйлейтін өзге этнос өкіл­дері баршылық, бірақ саны аз. Ал түсінетін, бірақ тілдесе ал­майтындар үлесі олардан бірнеше есе көп. Жоғарыда тізілген жағ­даят­тарды ескере отырып, қазақ ті­лінде сөйлеген Қазақстан хал­қында ұлтаралық кикілжің факті­лері минимум деңгейге түседі деген болжам айтуға болады. Неге? Өйткені тіл – тек комму­никация құралы ғана емес, ол ортақ ұғымдар мен құнды­лық­тарды, салт пен әдетті қалып­тастырушы фактор. Ол үшін жаңа үдемелі мемлекеттік тіл саясаты қажет. Бұл бағыт қолға алынса, оның объектісі ретінде 30-35жасқа дейінгі барлық орыстілді қа­зақтар мен өзге этнос өкіл­де­рінің жас азаматтары таңдал­ғаны абзал. Аталған саясат аясында мектепте қазақ тілінің сапасы артса, ұлттық компанияларға орналасуда Қазтест тапсыру міндеттелсе, жеке сектордан Үкі­метке жа­зылатын барлық ісқағаз қазақ тілінде жазылу талап етілсе, Халыққа қызмет ету орталық­тарында құжаттар тек мемлекеттік тілге көшсе, осылайша қазақша білу сұранысқа айналса, онда келесі ұрпақтың қазақша еркін сөйлеуі заңдылыққа айналар еді. Бүгінде мұндай ұсынысты кейбір сарапшысымақтар тұрақтылықты бұзу, достықты бағаламау ретінде қарастырады. Осылайша, қазақ тілінің заңды меңгерілуін бірнеше онжылдықтарға шегеруге жағдай жасайды, себепші болады. Сәй­кесінше, қазақ тілінің біріктіруші факторға айналуына қарсы шы­ғады. Бірақ Балтық маңы, Кавказ елдерінің Кеңес Одағы күй­регеннен кейінгі тіл тәжі­рибесі ұлтаралық қатынасты сақ­тай отырып, титулды ұлттың тілін барлығына еркін меңгертуге бола­тынын өткен 30 жылда дә­лелдеді. Яғни, жаңа ұрпақ арқылы қазақтілді Қазақстанды қалып­тастыру мүмкін болады. Ал ондай Қазақстанда этносаралық кикіл­жіңдер қатер ретінде қарас­тырылмайды. Өкінішке қарай, қазақ тілін меңгермеген талай жас өркен мемлекет ұсынатын артық­шы­лықтан қағылып отыр. Мә­селен, соның бірі – «Болашақ» бағ­дарламасы. Бағдарлама есе­бінен әлемнің үздік универ­ситеттерінде тегін білім алуға болады. Бірақ «Болашақтың» негізгі шартының бірі – Қазтест тапсыру. Мектепте 11 жыл қазақ тілін оқыса да, оны ұғына ал­мағандар тіл сынағынан сүрініп, осы ұтымды мүмкіндікті әлі де пайдалана алмай жүр. Немесе мемлекеттік қызметте карье­расын бастай алмайды. Өйткені бюро­крат болу үшін де Қазтест тапсыру шарт. Бір сөзбен айтқанда, қазірдің өзінде қазақша білмеу тиімсіз. Талай мүмкіндік шалт кетеді. Тіл саясатына мемлекеттік қолдау көрсету тың бастама емес, әлемдік практика. Себебі тіл арқылы сол ұлттың мәдениеті, өркениеті, таным-түсінігі тара­лады. Еуропа елдеріне виза алу үшін елшілікте сол мемлекеттің ресми тілінде сұхбаттасу, IELTS, TOEFL, DALF, ZD, TestDAF, CILS секілді тіл тесттерін енгізу, азаматтық аларда тіл сынағынан өту, ағылшын, неміс, француз, италян тілдерін меңгерген өзге елдердің студенттеріне білім грантын үлестіру – барлығы да тілді қолдау шаралары екені даусыз. Ал British Council, Гете институты, Сервантес институты, Француз Альянсы, Конфуций институттарының әлемде жүздеп ашылуы тіл аясын кеңейтудің үлкен стратегияға айналғанын көрсетеді. Яғни, біз де бұл үр­дістен шет қала алмаймыз.

Kazakh деп танылған ел

«Қазақ» атауы бүгінде тек бір ұлтты ғана емес, бүкіл мем­лекетті сипаттайтын сөзге ай­налды. Әсіресе, халықаралық аренада. Мұны шетелдік ба­сылымдар мен сайттарды шолып шыққанда, спорт ша­раларының көрсетілімі кезінде байқау қиын емес. Мә­селен, орыстілді шетел­дік спорт ком­мента­тор­лары «ка­захские спортс­мены», «ка­захский боксер» деген сөздерді жиі қолданады. Ал BBC, CNN, The Sun, New York Times сынды әлемдік ақпарат құралдары Kazakh government, Kazakh people деп жазады. Оған қоса, танымал спортшы­ла­ры­мызды Kazakh boxer Golovkin, Kazakh former professional rider Vinokurov деп сипаттаса, Димаш Құдайберген әлемге Kazakh sin­ger Dimash деп танылған. Яғни, ұлтына қарамай елімізден шық­қан азаматтың бәрін Kazakh деп жазу үрдіске айналып барады. Қазірдің өзінде қазақ халқының үлесі өзінің тарихи максимумына, яғни 70 пайызға жақындап келеді. Олай деуге негіз бар. Өйткені 1959 жы­лы қазақтар өз елінде 30 пайыз­ды құрады, ал 1989 жылы бар-жоғы 39 пайызға жетті. Егер егеменді 30 жылда ұлттың үлесі екі есеге жуық артқанын ес­керсек, онда алдағы 10-15 жылда 80 пайыз­ға жетіп қалуы мүмкін. Әрине, бұл моноұлтты мемлекет болмасы анық, алайда жоғарыда аталған үдемелі мемлекеттік тіл саясаты қарқынды жүрсе, еш­кімнің ұлы­сына қарамайтын құ­қықтық теңдік қатаң сақ­талса, онда Қа­зақстанда эт­носаралық кикілжің деген мә­селе уақыт тезі­мен жойы­­луы ғажап емес.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА