Н.Нығматулин Тәуелсіздік күнінің барлық қазақстандық үшін маңызын айта келе, еліміздің осы жылдардағы жетістіктеріне тоқталды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатының арқасында бүкіл әлемге жедел дамушы ел ретінде танымал болдық. Заманға сай білімді, рухты ұрпақтарымыз өсіп келеді, – деді ол. Сондай-ақ палата Спикері Қазақстанның жаһан саясаткерлері, өркениетті ел басшылары, әлемдік қайраткерлер бас қосатын сыйлы шаңыраққа айналғанын, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы толағай табыстарымызды сақтап, стратегиялық даму бағытын одан әрі жалғастырып жатқанына назар аударды.Мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Мәжіліс депутаты О.Өксікбаевқа, «Парасат» ордені Ж. Дүйсебаевқа және Д.Еспаеваға, «Құрмет» ордені Ж. Ахметбековке табыс етілді. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі аппарат қызметкерлері Нариман Әлғожинге, Ботагөз Ботабаеваға және Клара Мәутенбаеваға берілді. Қазақстанның Құрмет грамотасы аппарат қызметкерлері Айтбек Әліпов, Айгерім Нұржанова және Татьяна Сыздықоваға табысталды. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Достық» орденін Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжановқа, ТМД ПА «Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту үшін» медалі Әділет министрі М.Бекетаевқа және Мәжіліс депутаты С.Звольскийге табыстады. ТМД ПА Құрмет грамоталарын Ә.Бектұрғанов пен М.Ерман алды. Іс-шара барысында палата Спикері Нұрлан Нығматулин заң жобаларымен тиімді жұмыс істеу және парламентаралық байланыстарды кеңейту үшін меморгандар өкілдерінің депутаттық корпуспен өзара іс-қимылының маңызын айтты.Н.Нығматулин депутаттық корпустың елді одан әрі жаңғырту бойынша Елбасы мен Президент қойған барлық міндеттің орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамту үшін қазіргі күрделі жағдайда жұмыстың жаңа форматтары мен тетіктерін енгізгенін еске салды.
Елдос СЕНБАЙ