Тәуелсіздік күні – ұлт тарихындағы ең қастерлі мереке. Айтулы мереке қарсаңында «Қандай асудан асып, белестерді бағындырдық?» деген маңызды сауалдардың тағы бір ой елегінен өткізілуі – заңды құбылыс.
Тарихта мемлекеттік тәуелсіздікті алудың бірнеше жолы кездессе, біздің еліміз солардың қай-қайсысын да айналып өтпегендей. Жалпы, жер бетіндегі үш мыңнан астам ұлт пен ұлыстың екі жүздейінің ғана өз мемлекеттілігі бар. Яғни, тәуелсіздік – қаншама халықтың арманы. Бізге ата-бабаларымыз екі ғасырдай уақыттан бері армандаған саяси дербес, басқа мемлекеттер таныған ел болуын көру бақыты бұйырды. Енді, міне еліміз өз Тәуелсіздігінің 29 жылдық мерекесін қарсы алу үстінде. Осы кезеңде еліміздің қол жеткізген әрбір табысы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байланысты.1991 жылғы 16 желтоқсанда ел Президенті қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. Іле-шала Алматыдағы Республика алаңы мәз-майрам болып, кеудесін қуаныш кернеген әрі патриоттық сезім құшағындағы халыққа толып кетті. Ұмытылмас сәттер. Қазақ қыздар педагогикалық институтында 3-курста оқитын кезім, сол нөпірдің ортасында болғанымды әрдайым ерекше толқыныспен еске аламын. Тарих қойнауына көз жүгіртсек, қазіргі қазақ жерінде сонау скиф, сақ, ғұндардан бастау алатын жиырмадан аса мемлекеттің екі мың жылдай сабақтаса өмір сүргенін көреміз. Бұлардан кейін 1269 жылы Моңғол империясынан тәуелсіздік алған Алтын Орда мемлекеті құрылды. Ол ыдырағаннан кейін пайда болған бірнеше үлкенді-кішілі хандықтардың қатарында Қазақ хандығы 1465 жылы дербес мемлекет ретінде тарих сахнасына шықты. Демек, сыртқы және ішкі қайшылықтардың салдарынан ыдыраған кеңестік империядан тәуелсіздік алған бүгінгі жаңа Қазақстан – өзіне дейінгі мемлекеттер мен мемлекеттік құрылымдардың мұрагері. Алайда қай дәуірді алсақ та, еліміздің көрші елдермен ресми құжатталған шекарасы болған емес. Бұған біз тұңғыш рет Тәуелсіздік жылдары қол жеткіздік. Құрлықтағы шекара сызығының ұзындығы бойынша Қазақстанның орны әлемдік алтылықта. Шекарамыздың 55%-і Ресеймен, 17%-і Өзбекстанмен, 13%-і Қытаймен, 9%-і Қырғыз Республикасы т.б. елдермен қабысады. Көрші мемлекеттермен шекара сызығын анықтау бойынша келіссөздердің басталуы мен ресми құжаттарға қол қою арасындағы жол тақтайдай тегіс болмағанын қазіргі уақыт биігінен біліп отырмыз. Елбасының еліне деген шынайы сүйіспеншілігі, көреген де сарабдал саясаты, бабалар рухынан нәр алған табандылығы мен ерлігі, ақыл-парасаты келіссөздердің талай ауыр кезеңдерінен алып шығып, шекарамызды түпкілікті шегендеуге мүмкіндік берді.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күнімен құттықтағанда «...Біз үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Оны бағалай білу – бүгінгі және өскелең ұрпақтың міндеті. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз рөлін ешқашан ұмытпауымыз керек. Тұңғыш Президентіміз – мемлекетіміздің негізін қалаушы, тарихи және әлемдік деңгейдегі тұлға» деген болатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ қазақ елін мекендеп отырған 130-дан астам этностың бірегей бірлігін қалыптастыруды мақсат тұтқан Елбасы көп елдің тәжірибесінде кездесе бермейтін тың, жаңашыл бастама көтеріп, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Бүгінде еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналған ассамблея этносаралық келісімді, халық бірлігін одан әрі нығайтуға қолайлы жағдай жасап келеді. Елдігіміздің мызғымас құндылықтары – бейбітшілік пен келісімге, татулық пен бірлікке көптеген мемлекет қызыға қарап, оны қазақстандық модель ретінде танып отыр. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және демократияландыруға бағытталған сан алуан жедел де қарқынды реформаларды жүзеге асырды. Реформаларды қолға алмас бұрын әлем елдерінің қалыптасуы мен дағдарыстан шығу тәжірибесін, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, әсіресе Франция президенті Шарль де Голль мен Сингапурдың негізін салушы Ли Куан Юдың өнегесін барынша зерделегенін айтқанымыз абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау және нығайту әрбір Қазақстан азаматының және барлық саяси күштердің абыройлы міндеті екенін атап өтті. Абыройлы міндетті атқаруда еліміздің қорғаныс әлеуетін одан әрі арттырудың маңызы зор. Қазақстанның Кеңес Одағынан қалған ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартуы Тұңғыш Президенттің батыл саяси шешімі болды. Осы арқылы еліміз әлемдік қауымдастық алдында үлкен беделге ие болып, ядролық қарусызданудың көшбасшысы атанды.Егемен ел тағдырындағы шешуші құндылықтың бірі – астананың айбарлы Алатау баурайынан шежірелі Сарыарқа төріне көшірілуі. Осы бір тарихи шешім туралы 1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңесте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бірінші кезекте бұл біздің геосаяси аренадағы рөлімізді күшейтуі тиіс. Қазақстанның Еуропа мен Азияның қақ ортасындағы орнына байланысты артықшылығын толығырақ дамытуының бірегей мүмкіндігі туады», – деп айтқан ойының көрегендік болғаны қазір дәлелденді.
Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы, оның тікелей бастамасымен өмірге келген «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиялық даму бағдарламалары, жастарымыздың бәсекеге қабілетті білім алуын қамтамасыз еткен халықаралық «Болашақ» бағдарламасы, «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму», «Цифрлық даму», «Жалпыға Ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мемлекеттік бағдарламалары сияқты құндылықтар Қазақстан дамуына әсер етті. Ел егемендігімен бірге келген рухани азаттық еліміздің рухани өміріне қан жүгіртіп, ұлтымыздың тұтас тарихын жазуға әрі қоғамдық санасын жаңғыртуға қызмет етуде. Елбасының «Ұлы дала елі», «Мәңгілік ел» идеялары, «Халық тарих толқынында», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары – ұлт руханиятының қастерлі құндылықтары. Халықты сындарлы сынақтардан алып өткен Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы ретінде өзінің тарихи миссиясын жалғастырып жатыр. Елбасымыздың қазіргі пандемия уақытында елі үшін алаңдап, отандастарына қамқор көңіл-ниетін білдіріп, ауыртпалықты еңсеруге қажетті қаржылық, материалды-техникалық, азық-түлік ресурстарының жеткілікті екенін, «алаңдайтын, абыржитын ешнәрсе жоқ» екенін негіздеп, сыртқы елдермен байланысы, әлеуметтік-экономикалық, білім және ғылым салаларында жүргізілген табысты реформалар бұл қиындықты да жеңіп шығуға жол ашатынын айтқаны халқына үлкен демеу болды.Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз әлеуметтік-экономикалық реформалардың сәтті жүруінің басты кепілі ретінде күшті Президенттік билікті таңдадық. Қазақстан халқы Елбасының «әуелі – экономика, сосын – саясат», «Асықсақ та аптықпайық» даналық ұстанымдары аясына топтасып, еңселі ел болудың даңғыл жолына түсті.
Бейбіткүл КӘРІМОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы-ректор м.а.