Ақмола облысында ауыл әкімі жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, 14 желтоқсан күні сағат 23:30-да Атбасар аудандық ПБ кезекшілік бөліміне жедел жәрдем қызметінің диспетчері хабарласып, «Екатеринбор-Алматы» тасжолының бойында, Атбасар қаласынан 20 шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болғанын хабарлаған.
Қолдағы мәліметтерге қарағанда, «DAF» жүк көлігінің жүргізушісі - Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының тұрғыны рульге ие бола алмай қалып, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сөйтіп «ВАЗ-21214» көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көліктің 51 жастағы жүргізушісі, Державинск қаласының тұрғыны алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
«Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. «DAF» жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Қаза болған ер адам - Мирасхан Балғабекұлы Мұратов - Ақмола облысының Жақсы ауданы Тарасовка ауыл округінің әкімі. Аудан әкімдігі бұл мәліметті растады. М.Мұратов 1969 жылғы 10 мамырда Қостанай облысының Әулиекөл ауданы Убоган ауылында дүниеге келген.