103 жасқа қараған шағында көрнекті театр және кино актрисасы, саңлақ саxнагер, Қазақстанның Халық артисі, «Парасат», «Құрмет белгісі», «Ұлы Отан соғысының ардагері» ордендерінің иегері Айша Абдулина өмірден өтті.
Бұл туралы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, Қазақстан Театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров хабарлады.
Көрнекті сахна шебері А.Абдуллина 1916 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы 2 жылдық студияны аяқтайды. Қазақ өнерінің қара шаңырағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында шығармашылық еңбек жолын бастайды.
1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігінде Жамбылдай жыр алыбы, Күләш Бәйсейітова, Қ.Жандарбековтердің жанында бірге өнер көрсетеді. Декада қорытындысы бойынша И.В.Сталиннің қолынан «Еңбек Қызыл Ту» орденін алады.
Қазақ театр өнерінің тарихында Айша апа тұңғыш рет Дездомана бейнесін сомдады. Кейін Шымкент қаласына қоныс аударып Ж.Шанин атындағы академиялық театрында 65 жыл бойы үзіліссіз актриса болып қызмет етті. Орындаушылық диапазоны кең актриса ұлттық драматургия мен әлемдік классиканың жауhарларында бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнелерді сомдап, әйелдер бейнесінің толыққанды галереясын жасады. Солардың ішіндегі Айша Абдуллина апамыздың өнердегі бойтұмары – Еңлік, Қыз Жібек, Дездемона бейнелері еді.
Өнер әлемінде қол жеткізген жетістіктері мен ерен еңбегі, шығармашылық жолы – жас буын үшін жарқын үлгі бола білген Айша Абдулиннаның бір ғасырлық мерейтойы – Астанамызда, Алматы мен Шымкент қалаларында салтанатты жағдайда атап өтіп, Айша апа халқына ақ батасын беріп, ән мен жырдан шашу шашты. Ұзақ жылғы өнер мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болды. «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.
«Қазақ театр өнерінің тарихында ең ұзақ жасаған актриса Айша апамыздың ақ батасын алған, талай сырлас, дастархандас болған өнердегі жақсы көрген балаларының бірі болғаныма ризамын. Айша Абдуллинаның ұрпағына, тума-туысқандары, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Айша апамыздың өнердегі адалдық пен тазалықты ту еткен жарқын бейнесі, адами келбеті - жүрегімізде сақталады. Иманың жолдас болғай, АЙША АПА!»,-делінген хабарламада.
Марқұммен қоштасу рәсімі 28 қараша күні, сағат 09.00-де М.Әуезов театрында өтеді.