Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Қабылдауға барлығы 6 адам жазылды. Бердібек Машбекұлы азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, мәселелерімен танысты. Тұрғындардың көпшілігі тұрғын үй алуға, жұмысқа орналасуға байланысты өзекті жайттарды көтерді.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айнұр Жөнербаева орталыққа көпбалалы, жалғызбасты аналарды және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды жұмыспен қамту бағдарламасын құру туралы ұсынысымен келді. Бұл бастамаға партия тарапынан қолдау көрсетіліп, аталған жоба жүзеге асырылса, көп мүмкіндіктерге жол ашылады деп отыр. Ал тағы бір елордалық тұрғын Құралай Түспекова «Қазақстандағы Дельфи қозғалысын дамыту» мәселесін көтерді. Қабылдаудың үшінші қонағы Назым Бектұрғанова Денсаулық сақтау министрлігімен өзара ынтымақтастық және сертификаттау процестерін жетілдіру секілді бірқатар өзекті мәселелер бойынша ұсынысын білдірді.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жұмысына шағымданған Ілияс Қайырғалиев барлық құжатты жинап, банктің шарттарын толық орындағанымен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана ала алмай қалғанын айтты. Шағымданушының мәселесімен жіті танысқан Бердібек Сапарбаев тиісті мекеме басшылығына тапсырма беріп, жағдайды бақылауда ұстайтынын, бұл мәселе жауапсыз қалмайтынын ескертті.
Нұргүл Қадырбаева мен Алмагүл Қумашева аналар мен балалардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Олар бұған дейін бұл ұсынысхаттарын Үкімет үйіне жолдаған екен. Сөз соңында Алмагүл Қумашева баспана мәселесі бойынша да көмекке жүгінді.
Қабылдауға II топтағы мүгедек Бағытжан Шаяханқызы да материалдық және әлеуметтік көмек сұрай келді. Уиллибранд диагнозы қойылған, тромбоцитопениямен ауыратын ол мұндай диагнозы бар Қазақстандағы жалғыз науқас адам екенін айтты. Қазіргі кезде мүгедектігіне байланысты жұмыс істемейді, 45 мың теңге зейнетақы алады. Бірақ бұл диагноз тегін дәрі-дәрмектер берілетін аурулардың тізіміне кірмейтінін айтып шағымданды. Сондықтан ол сырқатына қажетті қымбат дәрі-дәрмектерді ала алмай жиі қиналатынын жеткізді.
Қабылдауға жазылмай келген тұрғындар да Үкімет басшысы орынбасарымен кездесіп, мәселелерін айтты. Бердібек Сапарбаев Жаңаөзен қаласынан жеткен 4 көпбалалы ана мен 1 азаматты қабылдап, өтініштеріне құлақ асты. Әңгіме барысында олардың елордаға жұмыс мәселесін шешу мақсатында келгені белгілі болды.
Өз кезегінде осы айдың аяғына таман, не болмаса келесі айда Маңғыстауға осы мәселемен баратынын айтқан Бердібек Сапарбаев Маңғыстау әкімшілігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақмұнайгаздың басшылары және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ортақ жоспар дайындап жатқанын мәлімдеді. Соның негізінде жұмыссыздық мәселесі де оң шешімін табатынына сендірді.
Мұнан соң Бердібек Машбекұлының қабылдауына 11 баланың анасы Зейнеш Алжимбаева кірді. Ол қабылдауға арнайы жазылмаса да уақытын бөліп қабылдаған, өтінішін бар зейінімен тыңдаған Премьер-Министрдің орынбасарына алғысын білдірді. Көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмек ала алмай отырғанын және баспана мәселесін де тілге тиек етті.
Қабылдау соңында тұрғындардың өтініштері бойынша тиісті басқармаларға тапсырма берілетіні, мәселелер назарға алынатыны айтылды.
Әбілмансұр ЖАСАН