Қазақстанда қоқысты жағып, одан электр қуатын өндіру жоспарланған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзум Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды Тengrinews.kz сайты.
«Бұл күндері қоқысты қайта өңдеу саласы инвестициялық тұрғыдан алғанда артта қалып отыр. Тарифтерді бірнеше есеге бірден көтеру мүмкін емес екендігі белгілі, алайда жағдайды өзгерту үшін салаға сырттан қаражат пен технологиялар тартуымыз қажет. Ол үшін Waste to Energy жобасы қолға алынған. Бұл жоба қоқысты өртеп, одан электр қуатын өндіруге бағытталған. Болашақта оны электр жүйелеріне тарату көзделген. Аталған жоба полигонға көмілетін қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, осы бағытқа инвестиция тартуға да септігі тигізеді», - деді Мағзум Мырзағалиев Сенатта өткен Үкімет сағатында.
Сонымен қатар, министр алты-сегіз қоқысты өртейтін пилоттық кешендердің құрылысын да жоспарлап жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл – осы салаға жақын арадағы бірнеше жылда 500 миллион доллардан төмен болмайтын қаражат тартатын болады.
Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін қоқысты термиялық жолмен жою мөлшерін де 30 процентке дейін жеткізу жоспарда бар. Бұл көрсеткіш бүгінгі таңда Еуропалық одақ елдердегі орта мөлшерге тең. Бүгіннің өзінде Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға ниетті бірнеше потенциалды инвесторлар бар. Барлық аталған шаралар бюджет қоқыстарды жоюға кететін шығынды азайтып, экологияға, адам денсаулығына, флора мен фаунаға кері әсерін төмендетуге әсер етпек. Қалдықтарды өртеуде зауыттарға экологиялық жағынан қатал талаптар қойылады. Бұл зауыттарды барынша «жасыл экология» деуге толық негіз бар. Бүкіл Еуропа қазір осылай жұмыс істейді», – деп түсіндірді министр.