Қызметкері жемқорлыққа жол берген басшы отставкаға кетеді
Қызметкері жемқорлыққа жол берген басшы отставкаға кетеді
5,248
оқылды

Бұдан былай, саяси мемлекеттік қызметшілер – министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандар әкімдері өздеріне тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа жол берсе, міндетті түрде отставкаға шығуға сұрануы керек.

Бұл туралы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте мәлімдеді.

«Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті», – деген О.Бектенов  «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізілген жаңашылықтармен  таныстырды.

Оның айтуынша, аталған заңның қабылдануы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. 

Сонымен, қандай тұлғалар тікелей бағыныштылар ретінде қарастырылады:

— орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін – бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары;

— облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін – оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі;

— орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде қызметінен кетеді;

— облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді;

— Аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді.

«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшіні осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға орнынан кету туралы өтініш жіберіледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау – бұл саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыреті.