Шығыс пен Батыс арасын жалғаған қазақ елінің болашағы жарқын. Бұл байламды Тұңғыш Президент күніне орайластырып Мәжіліс ұйымдастырған «Президенттік институт: қазақстандық үлгі» халықаралық парламенттік конференцияда Америкадан келген сарапшы айтты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан форумға биыл Түркия, Сербия, Болгария, Әзірбайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Татарстан депутаттары және халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин 2020 жылғы сәуірде Қазақстанда президенттік институт ресми енгізілгеніне тура 30 жыл толатынын хабарлады. Оның айтуынша, нарықтық қатынастардың жолға қойылуы, бір партиялы жүйенің жойылуы, билік тармақтарының бір-бірінен тәуелсіздігі қағидаты Президент лауазымын енгізуге алғышарт түзді.
– Осы жағдайда тездетіп түбегейлі саяси және экономикалық жаңғырулар жүргізу, конституциялық құрылымды сақтау және нығайту, азаматтардың құқықтарын, бостандығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі туындады, – деді палата басшысы.
Ол 30 жылда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен барлық салада кең ауқымды реформалар іске асырылғанына екпін түсірді. Нәтижесінде, экономика тұрақты өсуде, әділетті әлеуметтік саясат пен қоғам өмірін демократияландыру жүруде.
– Бүгінде заманауи Қазақстан – бүкіл әлемде абырой мен беделге ие, табысты әрі орнықты дамушы мемлекет. Осының барлығы – Елбасы көшбасшылығының, оның қоғам сұранысына сәйкес іс-қимыл жасап, озық реформалар жүргізе білуінің және ұлтты биік мақсаттарға жетуге топтастыра алуының нәтижесі. Қазіргі кезде Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді ары қарай табысты дамытуда, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Ол республикамызда президенттік институттың өркен жаюының негізгі кезеңдеріне тоқтала кетті. Қазақстанның болашағына көз жүгірткен Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматуллин Елбасы Н.Назарбаев жариялаған және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев басшылығымен жүзеге асып жатқан ұзақмерзімді даму стратегиясын халқымыздың бірлігінің, болашаққа сенімінің, сондай-ақ алдағы жетістіктер мен жеңістерінің ұстыны деп атады.
АҚШ-тағы Атлантикалық кеңестің жетекші сарапшысы Ариэль Коэн Н.Назарбаевтың әлемде қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың ерекше ауан-атмосферасын қалыптастырғанын мәлімдеді.
– Назарбаев мырза Қазақстанның орасан әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беріп, оны Орталық Азия өңіріндегі жетекші экономикаға, өзге елдер үшін өнеге болар үлгілі мемлекетке айналдырды. Қазақстан сыртқы саяси дәстүрін жалғастырып жатқаны қуантады. Шығыс пен Батыс арасын жалғаған бұл елдің болашағы жарқын! – деді А.Коэн.