Қостанай облысы Полиция департаментінде облыс мектептерінің бейнебақылау және күзет жүйесімен жабдықталуы, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарау мәселесі бойынша кеңес өтті.
Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов атап өткендей, бүгінде ювеналды полиция жұмысының жаңа түрлерін іздеу қажет. Ол үшін ҚР ІІМ Академиясының ғылыми әлеуеті пайдаланылатын болады. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің жұмыс тәжірибесі негізге алынбақ.
Осындай мысал туралы Қашар бөлімшесінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторы капитан Ермер Барамбаев атап өтті. Қашар поселкесінде бірнеше жылда жасөспірімдер қылмысының деңгейі төмендеген.
– 2017 жылы мектеп оқушылары арасында қақтығыстар көп болды. Дәл сол кезде полиция көмекшілерінің екі тобын құру туралы идея келді. Бір мектепте «Бүркіт», екіншісінде «Арлан» жасағы құрылды, оның құрамына мінез-құлқы нашар жасөспірімдер кірді, – деді Е. Барамбаев.
Жасақта негізінен 5-11 сынып оқушылары. Олар үшін арнайы формалар тігіліп, олар өздері мектепте тәртіпті қадағалай бастады. Ермек Барамбаевтың айтуынша, жасақтардың өз лицензиясы да бар.
Кеңесте бұл тәжірибені бүкіл облыс бойынша тарату туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, кеңесте мектептерді бейнебақылау камераларымен жабдықтау мәселесі қаралды. Келесі жылдың өзінде облыс мектептерін бейнебақылау жүйелерімен қосымша жарақтандыруға 107 миллион теңге бөлу жоспарланған. Бұл оқу орындарының бейне бақылау жүйесімен 100% жабдықталуын қамтамасыз етеді.
Бүгінде облыста кәмелетке толмағандармен 162 инспектор жұмыс істейді, олардың 119-ы мектеп қабырғасында.
Сонымен қатар, мектеп ішінде дәретханалардың құрылысына ерекше көңіл бөлінді. Облыстың 336 мектебінде дәретханалар ғимараттың ішінде орналасқан, 46 ауылдық мектепте дәретхана сыртта орналасқан.
Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов ювеналды полиция қызметкерлеріне кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауға баса назар аудару керектігін атап өтті.