Келмес күндер елесі
Келмес күндер елесі
500
оқылды
«Елдің жағдайын, өткен күндерді, өзімнің ортамды, замандастарымды жазып жүрмін. Сол себепті «Келмес күндер елесіне» отырдым. Нені жазам деп қиналмаймын. Тақырып таппай, сенделіп жүру менде болған емес. «Қалай жазам» деп ойланып жүрем» деген еді көзі тірісінде жазушы Қалихан Ысқақ. Міне, сол кітаптың қызықты оқиғаларымен бөлісуді жөн көрдік...

...Мәскеуден таңғы елең-алаңда шығып едік. Қаланың қылыштай ғимараттары ырсиып-ырсиып артта қалған. Алдымызды ала мысық кесіп өтіп еді, кейде ырымшыл, жоққа сенгіш, кейде ырым-жырымды қаперіне де алмай кешіп жүре беретін ағамыз такси тоқтатып кері қайттық. 

москва.jpg
Мәскеу

Ала мысықтың кесірінен бір күн кешігіп шығып, күтуден күпті болған ағайынға тағы да сүйкімсіз боп қалып едік. Мәскеудің қоқыс тарпыған тентіремесіндей емес Созақтың мысықтары үйір-үйірімен өреді екен, ауылдың аласы болсын, қарасы болсын, әйтеуір, ағайынсүрей ғой, алдыңнан мың мысықтың өзені ақпақ түгіліесек тұрса да ағамыз аттап кететін сияқты. 

Ақ көйлектің жағасын шұбар галстукпен қылғындыра буындырып, шымқай қара кәстөмді Құмкенттің ала шаңына салып ұрып келеді. Қырық градустық ыстықта сол галстукті босатқан жоқ, сол кәстөмді шешкен жоқ. Совхоздың  бөлім меңгерушісі Жүсіптің атшаптырым ауласында, жүзімнен желек бүркенген, ел көшіп қонса тарлық қылмайтын кең сәкінің қақ төрінде төбедей боп отырды да қойды. 

 

Отағасы кесек адам екен. Саркідір тартқан шақтағы сарғыш жүзіне түскен сызат пен самайының ағы болмаса жігіттің нары дерлік. Жүріс-тұрысы нық, сөзі санаулы, санасы шайдай, бетіңе қасқайып қарайтын отырысының өзі-ақ көңілге сенім ұялататын кесек мінезді танытқандай. Отағасы орнықты адам екен.

Көлеңке басы ұзарып, көкжиектің қызыл мұнарты қоюланып, күн қонақтауға бет алған. Жарқын жүз, жайдары отырыстан ба, біраздан бері бітеліп қалған ағамыздың көмейі де ептеп ашылайын деген. Шай құйып отырған ұзын бойлы ақсары қыздың сүйріктей саусағынан, қаймақтан сүзген ірімшіктей сүйкімді де тәтті жүзінен көз алмастан отағасынан арғы-бергінің өтті-кетті әңгімесін суыртпақтап тарта бастады. Жүсекең де келгеннен бері ағамыздың бас-аяғына сынай қараған секілді еді, күтпеген жерден: – Сен әкеңнің неден қайтыс болғанын білемісің?– деді. Әлде сұрақ төтесінен болды ма, әлде есінде жоқ па, ағамыздың танадай көзі шынадай қатып, тосылып қалды.  
голод.jpg
Ашаршылық жылдары
– Әкеңе қарызым көп еді, бір мен емес, ел қарыздар еді, – деп Жүсекең ойға шомып отырды да әңгімесін біраз күттіріп барып бастады. – 1931 жылдың, ұмытпасамақпаны ма екен, қызмет бабымен ел аралап шықтық. Мен әрі көмекші, әрі атқощымын. Елді сұрапыл аштық жайлап тұрған кез. Арқадан босқанаш-арық тағы да шұбырып келіп жатыр дегенді естігенбіз. Қыс қарлы да аязды болды. Күн шатынап, терістен соққан қызыл шұнақ сырманы сумаңдатып айдап тұр. Жол ауырлап қалған екен, шыға бере-ақ малтыға бастадық. Жылқы жарықтық сезімтал ғой, әлде неден сескеніп, жол жиегіндегі қожыр-қожыр үрдесінен құлағын салып осқырынып өтеді. Шана сүріп кеткен күртік астынан бір кезде салынды сияқты бір нәрсе серең ете қалғаны. Не болды екен деп барып көрсем... өндірдей жас жігіттің өлігі.  
ашаршылык.jpg
  Сырма көміп тастаған екен. Ана күртіктің асты да өлік, мына күртіктің де асты да өлік. Ілгері басқан сайын ит-құс соңынан шұбырған қарға-құзғын да көбейе бастады. Науа жолдың жиегі теңкиіп-теңкиіп жатқан... құданың құдіреті кіл ер адамдар. Еркектің әйелдерден гөрі аштыққа осал екенін сонда білдім... Қош, ауылдан ауылға жеткенше көргеніміз осы. Әкең елдің шамасы бар ер-азаматтарын көтеріп көлік шығарды,өліктерді көмдіріп, бойында жаны барларды жинастырып, ас-су ұйымдастырды. Бойдан қуат кеткен соң болмайды екен,талайы үсіктен іріп өлді, бұрлығып өлді, тірі қалғандары некен саяқ-ау... Қайран қазақ қар кеткенше ит-құс пен қарға-құзғынға жем болды ғой, амал қанша!..  
Содан қайтар жолда әкең марқұм шанаға етпетімен жатып алып ал кеп жыласын. Бар айтары: мынау ит заман, сұм заман не болып барады?! Содан жылай-жылай, өкси-өкси, үйге жеткен соң да өксігін баса алмай, өкісіктің аяғы ықылыққа айналды да ықылықтан ішегі түйіліп дүниеден қайтты. Азаматтың арысы еді, амал қанша, ел күйігіне шыдай алмай кетті ғой...
Аулаға ымырт қонақтап қалған екен. Бір-біріміздің жүзімізді көре алмай, көруге дәтіміз жетпей сонау отызыншы жылдардыңаштығы мен аязына біз кәнілідей тұқырайып тым-тырыс отырып қалдық. Содан шам жанғанша отырдық.  – Әкеңе қарызым көп еді, – деді отағасы кұрсініп. – Жетелеп жүріп жеткізіп, сүйрелеп жүріп санатқа қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарызым есіме түседі де өзімнен өзім қысыламын. Жас болса келіп қалды, сол қарызымнан құтылсам деп жүруші едім, оңтайымен келіпсің, анау гаражда ақ "Волга" тұр, ертең мініп кетесің, қыз міне отыр,басына жаулықты осы үйден өзім салып жіберемін!.. Қарағым, мен екі сөйлемейтін адам едім, екі сөйлетпейтін шығарсың, – деп отағасы сөзін нығыздап бітірді.     Қыз қып-қызыл боп өртеніп барады екен. Ыдыс-аяқты жиған боп тұрып кетті. Содан қайтып үйден шыққан жоқ. Қонақасыны көршінің әйелі келіп жасады. Ағамызға қарасам әлі міз бақпаған сияқты. Елудегі бойдақ ол емес, мен қуанып отырмын. Ол емес, мен ойланып отырғандаймын... Қонақкәдесін жасауға қырға шықтық. Іргеден басталатын жүгерінің егісі қарақұрық. Әудем жер озып кеткен ағамыз жүгеріден де сорайып, төбесі көкжиекті түртіп тұр екен. – Шал, енді қайттік? – дедім. – Жас қой, обал ғой! – деді. – Он сегіздегі қыздың несі жас? Мен әлі де үмітімді үзген жоқ едім... Таудың көкшағыр сағымынан ба, түн баласында Алтайдың аспаны кілегейсіз боз шығармақ болушы еді. қаратаудың аспаны жұлдаздан басқа жылты жоқ мінсіз қара екен. Масасы мазасыз, шегірткесі ұйықтамайтын заржақ. Төбең аласа, іргең тынымсыз болған соң,ұйқы да қашаған. Сәкінің жүзім шатыры үф еткен желді де сүзіп қалғандай тұншықтырып тұр. Ағамыз тым-тырыс, отағасы да тым-тырыс. Мен ертеңгі күнді ойлап жатырмын. Кірпік ілмесек те таң атқанша бүлк етпейтін шығармыз деп едім.  
машина.jpg
Аяқ астынан ауыл үсті азаң-қазан болды да кетті. Әлде қайдан бір есек бақырып еді, құлағымыздың түбінен екіншісі аңырап қоя берді де әр үйдің ауласынан бір-бір есек азынап шыға келді, бәскеге түскендей. Қазақтың есегі сағат сайын бақырады деуші еді, Созақтың есегі сағатыңа пысқырмайтын көрінді. Мәскеудің машина гүжіліне отыққан бітеу құлақтың мұнда келген соң нағып ашыла қалғанын кім білсін, әйтеуір аңыраған, маңыраған, ышқынған, қышқырған мың сан қиқудан Созақтың аспаны қақырап түсетіндей көрінген. Алдымен Жүсекең аунап түсті, онан соң ағамыз төңкерілді. Есектің дауысын естіп есіне ат түсті ме, ағамыз жоқ жерден: – Жүсеке, баяғы көкқасқалардан жұрнақ бар ма?– дегені. – Көкқасқа деймісің?.. Олар қырғын еді ғой! – деді Жүсекең. – Олар ақбоздың тұқымы еді ғой, одан жұрнақ қайдан қалсын, бәрі де есек боп кеткен. Құр мақтанғанымыз болмаса мал бітпеген ел ат қадірін қайдан білсін. Ақбоз Арқа жылқысы болатын. 

Есек дауысынан Жүсекеңнің әңгімесі жұлым-жұлым болып кетті де ақырған мен бақырғанның әредігінде ұстап қалғаным: қыс қатты болған жылдары Арқаның жылқысы Қаратауға ауып келеді екен де жаз шыға елге қайтқанда бүкіл Созақ мал тұяғынан қара топырақ боп қалатын көрінді. Мал иесі тебін майына жер иесіне бір үйірден жылқы тастап кетеді екен. Тәкен ағамыздың атасы бір жылы ұйір жылқының орнына ақбоз айғырды қалапты да бодауына жалғыз қызын қалыңсыз ұзатып жіберіпті. Ағамыз жазған "Ақбоз аттың" шын тарихы осылай болып шықты.

Әңгіме тағы да қыза келіп тірелген соң Тәкең одан әрмен отағасын қажаған жоқ. Қаратаудың меңсіз қара аспанынан Ақбоз ат пен Көкбоз атты іздеп едім, бала күнімде шешем марқұм қолымен байлап, саусағымен түртіп көрсетіп кеткен екі аттың бірін де таба алмадым. Жердегі атқа қол жетпей жүргенде аспандағы ат қайдан ұстатсын... Кетерде Жүсекең гараждың қақпасын ашты. Ақ "Волганы" айдап шықты да қасқайып Тәкеңе қарады. Тәкен ағамыздың өмірі кесіп сөйлегені осы шығар: – Жүсеке,  – деді. – Астыңыздағы жалғыз ақбозыңызды аударып мінгендей болмайын. Бәрібір мұны Мәскеуге алып кетпеспін. Бірақ, мені мінді деп есептеңіз, мен міндіп деп ойлайын... Ал, баланың бағын байламаңыз. Оның да өз теңі бар шығар.Осымен, Алла рұқсат етсе, аруақ алдындағы қарызыңызды мен кештім.   
девушка.jpg
  Қыз қоштасуға шықпады. Мен қимай тұрмын. Қос қалтамды кезек қағып, темекімді қалдырып кетіппін деген сылтаумен үйге қайта кірдім. Терезенің алдында теріс қарап тұр екен. Екі тамшы мөлтеш еденге тырс еткендей болды. – Қарындас, біз кететін болдық қой.   – Сау болыңыздар! – деді теріс қарап тұрып. Аттанып бара жатып машинаның терезесінен тағы да қарадым. Ол да терезеден қарап тұр екен. Кірпігіндегі мөлтеш кеппеген сияқты көрінді. Ағамыздан құтылғанына қуанып жылады ма, ағамыздың қайырылмай кеткеніне қапаланып жылады ма, қайдан білейін... Былай шыға бере: – Тәке, осынымыз бекер болды-ау! – дедім Ағамыз тырс еткен жоқ. Ауыр отырды. танауды бір бұрап тастап машинаның маңдай шынысынан көз алмай отырып алды. Қас маңдайда Көсегенің көк жотасы шалқып жатыр еді. Қас маңдайда Мыңжылқының төбесі түтіндеп жатқан... ...Екі жыл күтіпті. Тәкен үйленді дегенді естіген күні кенеттен ауырып қыз байқұс қайтыс болыпты. Кейін мен де ағамызға ренжіген болдым: отағасы аруақты ауызына алып, аруақ алдындағы қарызым еді деген соң неге бас тарттыңыз?! Ол қыз аруақ алдындағы қарыздың құрбаны болып кетті... Мүмкін, махаббаттың құрбаны болған шығар?..

...Тұман да емес, жаңбыр да емес, не аспаны жоқ, не Алатауы жоқ астананың саңлаусыз, есте қалмайтын, білінбей жылжып бара жатқан ен-таңбасыз белгісіз күні еді. Асқар бар, Әкім бар, Ағамыз бар, басқасы менің есімде жоқ. Ағамыз қажып отырды. Қажып отырып:

– Кетік бала, сонымыз бекер-ақ болды-ау ә! –деді. – Кім білсін, өлмейтін бе еді... мен де өлмей жүре тұратын ба едім... Үшеуіміз бірдей селк еттік. Мұндайда Әкімнен көрі сөзге шапшаң Асқар: – Әй, Ысқақтың алакөзі, мына шалың не деп отыр?! –деп маған қарады.  – Еще пятнадцать дней, и конец! – деп жауапты ағамыз өзі берді де орнынан тұрды. – Қой, мен тамыма барайын, – деді.  Аспаны да жоқ, Алатауы да жоқ ақ шаңыт терезеге әшейін қарап отырып айта салған. Қайтып келмейтін, қайтып көрмейтін, мынау ақ шаңыт терезесекілді беймағлұм дүниенің ар жағына сағыныштай сіңіп бара жатыр еді. Он бес күннен соң неден құтылатынын айтқан жоқ.  
зират.jpg
  Тұп-тура он бес күн дегенде ағамыз жарық дүниемен қоштасты. Өзінің дүниеден өтерін он бес күн бұрын сезіп, Алматыға сүйегін де қалдырғысы келмей, өзінің Созағына алып кеткені де ерекше бір қасиеттің нышаны шығар. Даналар мен даралардың, тентектер мен тектілердің отаны – қаситетті Созақ жеріндегі әулие-әнбилердің зиратына қасиетті тағы бір ағамыздың күмбезі барып қосылды... Туған жердің қасиетін көңілінде сақтап көзге айтпайтын, біреумен таныса қалса "қазақпысың, созақпысың" деп, Созағын қазағының қасына, қазағын Созағының қасына апарып қоятын Асқардан, Қаратау домбырасына жүгіретін күйші де күйшіл Төлеген Тоқбердіұлынан көз жазып қалған соң, ол да бір дәурен екен-ау деп бүгінде ат аяғы жетпей қалған Қаратаудың меңсіз қара аспаны мен сағатпен санаспайтын даңғаза түнін де сағынатын  болдық... ...Қайран Тәкем-ай, соныңыз бекер-ақ болды-ау! Кім біледі, ол да тірі жүретін бе еді... сен де тірі жүре тұратын бе едің...