ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Қырғыз елінің Ош қаласында өткен Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымының мәдениет министрлерінің 37- отырысына қатысты.
Іс-шараға Қырғыз елінің Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманқұлов, Ош қаласының мэрі Таалайбек Сарыбашев, Түркияның Мәдениет министрінің орынбасары Нәдір Алып Аслан, Әзірбайжанның Мәдениет министрінің орынбасары Рафиг Байрамов, Өзбекстан Мәдениет министрінің орынбасары Камола Акилова, Түркіменстан Мәдениет министрінің орынбасары Гурбанмұрад Мырадалиев, ТҮРКСОЙ ұйымы елдеріне қарасты мемлекеттерден келген өзге де мәртебелі қонақтар келді.
Басқосу кезінде Нұрғиса Дәуешов ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуге арналған жобамен таныстырды.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен өзге де ұйым мүшелері таныстырылымнан соң 2020 жылды түркі тілдес елдерде ұлы ақынның мерейтойын атап өтуді бір ауыздан қолдады.
Сондай-ақ, министрлер осы жылы бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдениет, өнер саласындағы байланыстар жайын талқылады. Отырыс барысында 2020 жылы түркі елдерінің мәдени астанасы болып Өзбекстанның Хиуа қаласы танылды.