Мемлекет басшысы Франция бизнесінің өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Франция Қазақстанның Еуропалық Одақ аясындағы негізгі серіктесі екенін және еліміздің екіжақты ықпалдастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.
– Екі мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас тұрақты әрі жоғары деңгейде. Біз Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға жасайтын алдағы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуымен Orano, Alstom, Air Liquide, Airbus сияқты 160-тан астам трансұлттық компания жұмыс істейді. 2018 жылы елдер арасындағы тауар айналымы 32 пайызға артып,
4,5 миллиард долларға жетті.
– Биылғы көрсеткіштерде де оң қарқын байқалады. 9 айдың ішінде тауар айналымы 5,5 пайызға өсіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Жалпы, Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі 16 миллиард долларға жуық, – деді Президент.
Президент француз бизнесмендерінің назарын екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға негізделген бағыттарға аударып, оларды агроөнеркәсіптік кешен және экономиканың басқа да секторларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін серіктес болуға шақырды.
– Қазақстанның бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі зор. Елімізде 25 миллион гектар егістік пен 186 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар. Бұл – орасан зор ресурс және резерв. Географиялық тұрғыдан біз үлкен әрі жоғары төлемқабілеттілігі бар Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Индия нарықтарына жақынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өз сөзінде инновация, цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.
– Елімізде Назарбаев университеті және Инновациялық технологиялар паркі секілді инновациялық кластерлер жұмыс істейді. Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі ашылды. Біз Қазақстанда француздық инновациялар мен технологияларды енгізу үшін мейлінше қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Президент.
Көлік-транзит инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәлізі өтетінін, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасатын «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек көліктік және туристік әлеуетті арттыру мақсатында еліміздің жетекші әуежайларында «ашық аспан» жүйесі енгізілді.
– Мен Қазақстанның аспаны ашық болуы керек деген шешім қабылдадым. Осы жүйе 11 әуежайға енгізіліп, барлық әуе компаниялары арасында, оның ішінде қазақстандықтар да бар, тиісті бәсекелестік ұйымдастырылады. Бұл жолаушылар тасымалы тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа арасында жүк тасымалын ұйымдастыратын еліміздің авиациялық мүмкіндіктеріне оң ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Басқосу барысында Қазақстандағы Total компаниясының басшысы Алем Фрига-Ной, Air Liquide компаниясының вице-президенті Филипп Кристодолу, Alstom компаниясының Таяу Шығыс елдері бойынша аға вице-президенті Дидье Флежер, Renault кәсіпорнының аға вице-президенті Николя Мор, Idemia компаниясының аға вице-президенті Изабель Лозон, Orano mining компаниясының бас директоры Николя Маэс, Vicat компаниясының аймақтық директоры Пьетро Кала және басқа да француз бизнесінің өкілдері сөз сөйледі.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев осы іс-шараның Қазақстан мен Франция арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізетініне, өзара тиімді жаңа жобалардың бастауы болатынына сенім білдірді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ