Қазақстан мектептерінде жаппай феминизация жүруде. Электронды күнделік ата-аналардың қалтасын қағуда. Еліміздегі ұстаздардың жүктемесі әлемдегі ең ауыры болып отыр. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын талқылау барысында біраз мәселенің басы ашылды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл құжаттың жарты миллионнан астам ұстазға қатысы бар дейді. Басында жоба ЖОО оқытушыларын да қамтыған. Бірақ кейін мектеп және мемлекеттік колледж мұғалімдерімен шектелген.
Заң жобасы 4 бағыттан тұрады. Біріншіден, ұстаздардың құқығы кеңейтіледі, өздеріне тән емес жұмыстан босатылады. Екіншіден, мұғалімге қойылатын талаптар күшейтіледі. Мысалы, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап алғаш педагог қызметіне кірісетін тұлғалар біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Әр білім ордасында әдеп-этика кеңесі құрылады. Үшіншіден, арнайы мемлекеттік марапат тағайындалады. Төртіншіден, материалды ынталандырулар енгізіледі.
– Жаңа заң жобасы мұғалімді тікелей өз қызметіне жатпайтын жұмысқа тартуға тыйым салады, шектен тыс есеп берулерден, қағазбастылықтан босатады. Қадағалаушы органдардың мектепте негізсіз тексерулер жүргізуіне шектеу қояды. Мұның барлығы бүгінде өте өзекті. Thales зерттеуі көрсеткендей, ЭЫДҰ-дағы дамыған елдермен, сондай-ақ ТМД мемлекеттерімен салыстырғанда біздегі жүктеме ең көп екені анықталды. Мысалы, ЭЫДҰ құрамындағы елдерде ұстаздар жүктемесі 38 сағат болса, бізде 48,8 сағат, – деді БҒМ басшысы.
Материалды емес ынталандыру тетіктері аясында педагог балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру қарастырылды. Бұған қоса, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты мен атағы енгізіледі. Әу баста оның ақшалай сыйлығы болмаған. Әйтсе де, министрдің мәліметінше, өткен аптадағы отырысында Үкімет награда иегерлеріне 1 мың АЕК (2,5 млн теңге) төлем төлеуге жол ашатын қаулыға дауыс берген.
Өзге материалды ынталандырулар да бар. Ауылда жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысына 30 пайыз үстеме қосылады. Президент Қ.Тоқаевтың биылғы тамыз конференциясындағы тапсырмасына сәйкес, алдағы 4 жыл ішінде педагогтардың жалақысы қазіргісінен 2 есе артады. Яғни, келесі жылдан бастап жыл сайын 25 пайызға өсіп отырады. Сынып жетекшілігі, дәптер тексергені үшін үстемеақылар көлемі де 2 еседей ұлғайтылады.
Сондай-ақ барлық ұстаздың демалысы бұған дейінгі 42 күннен 56 күнге дейін артады.
Егер әлдеқалай магистр атақ-дәрежесі бар педагог мектепке келіп, жұмыс істеп жатса, оның еңбекақысына қосымша 10 АЕК (2019 жылы – 25 250 теңге) қосымша ақы көзделеді.
Жалпы, осы заң жаңалықтарын іске асыруға 5 жыл бойы бұрын-соңды болмаған орасан зор қаржы – 5,3 триллион теңге бөлінуде.
Талқылау барысында депутаттар заң жобасындағы кереғарлықтарға назар аудартты. Мысалы, 6-бапта енді педагогтерді төл кәсіптік міндеттеріне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді. Алайда ізінше 15-бабы педагогті «қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге» міндеттейді. Әріптестерінің сын-ескертпесін қолдаған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ұстаздар қауымын кәсібіне байланысы жоқ істерден босатуды Елбасының өзі тапсырып, оның орындалуын Мемлекет басшысы бақылауда ұстап отырғанын еске салды.
– Ауру қалса да, әдет қалмайды деген осы. Бір норманы жойып, орнына ұқсас норма енгізіп отыр. Әлгі екі норманың мағынасы бір-біріне қайшы келіп тұр. «Жәрдемдесуге міндетті» деп міндеттеп қойған. Мұғалім өзінің асыл уақытын қоғамдық жұмыстарға емес, бала тәрбиесіне арнауы керек. Педагогтер қауымдастығымен жеке кездестік. Олар: «Біз Қазақстан азаматтары қатарлы ел өміріне белсенді атсалысуға әзірміз!» деді. Олар одан бас тартпайды. Бірақ бұл ерікті болуға тиіс. Бір-бірін жоққа шығаратын нормаларды жойып, дұрысын қалдыруымыз керек, – деді Мәжіліс төрағасы.
Білім және ғылым министрі бұл сынмен келісті:
– Ондай қауіп бар. Басқаша түрде берілгесін, шынында, жергілікті билік өзінше түсініп, мұғалімдерді қайтадан тегін жұмысқа «жегуі» ықтимал. Бұған дәл осы бап мүмкіндік береді. Сондықтан кемшілік кеткенін мойындаймыз. Екінші оқылымға дейін депутаттар ұсынысын қабылдайтын боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Дәл осы заң жобасының алғашқы нұсқасында мұғалімдерге 48 жаста зейнеткерлікке шығуға құқық беретін бап болған. Ақырғы нұсқасынан ол алып тасталыпты. Депутат Б.Смағұл мұғалімдер қауымының кең ауқымды қоштауына ие болған сол норманы қайтаруды ұсынды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев бұл ұсынысты жұмыс тобында қарағанын жеткізді. Ұстаздар қолдап отыр.
«Әйткенмен, Үкіметтің қорытындысында бұл норма қабылданған жоқ. Себебі 1998 жылы ынтымақты зейнетақы жүйесінен – жинақтаушы түріне көштік. Егер қазір мұғалімдерге ерте зейнеткерлікке шығуға құқық берсек, олар зейнетақымен қамтамасыз етуге жетерлік жинақ жинап үлгермеуі ықтимал. Ал кепілдендірілген базалық зейнетақы көлемі өте төмен. Сонымен қатар ауыр жұмыс істейтін шахтерлар және басқалары да осындай құқық беру мәселесін көтереді. Сол себепті әзірге бұл мәселе қаралмайды», – деді 1-ші вице-министр.
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов ұстаз болудан ерлер қауымының арланатынын мойындады. Өйткені жалақысы аз болды.
«Шынында, мұғалім кәсібінің феминизацияланғанын байқап отырмыз. Барлық педагогтің 81 пайызы – әйелдер. Ел бойынша мектептерде 60 мыңдай ер адам жұмыс істейді, олар – негізінен мектеп директорлары, еңбек және денешынықтыру пәнінің мұғалімдері. Заң жобасында барлық ер педагогті әскерге шақырудан босату көзделуде. Бұл жастардың мектепке жұмысқа тұруына түрткі болуға тиіс» деп түйді Асхат Аймағамбетов.
«Педагог мәртебесі туралы» және ілеспе заң жобаларын Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.