Шымкентте автобус жүргізушісін даярлайтын орын жоқ
Шымкентте автобус жүргізушісін даярлайтын орын жоқ
196
оқылды

Шымқалада қоғамдық көлік мәселесі әу бастан-ақ шешуі қиын түйінге айналған. Қай кезден де бірін-бірі қағып-соғып жүретін автобустар, жолаушыға талас, кон­дук­торлардың бейәдеп сөздері, күн қызара баста­ған­нан қо­ғамдық көліктердің тоқтауы, автобустар­дың ластығы, осының бәрі жолаушылардың ашу-ызасына тиіп-ақ жүр. Тіп­ті, мұндай бей-берекеттіктің соңы қайғы­лы оқиғаға да ұласып жүргені жасырын емес. Тізбектелген түйіт­кіл­дер автобус парктері мен жолаушы тасымалдау­шы ком­па­ния басшыларының жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан екені даусыз. Дегенмен бұл жолы жүргізу­ші­лер­дің жанайқайына құлақ түрдік.

Таяуда Шымкентте бірқатар қо­ғамдық көлік жүргізушілері 2 ай­дан бері жалақы ала алмай жүр­ге­нін айтып, бір күн бойы өздеріне тиесілі бағытқа шықпай қойды. Қалалық әкімдіктің араласуымен оң шешімге қол жеткізген олар сабыр сақтап, келісімге келген. Бұл әлеуметтік мәселенің шығуы тегін емес, көптен бері жиналып қалған ашу-ызаның салдары. Осы тұста жүргізушілердің жағдайына көңіл бөлген, олардың бас қайғы­сы­на үңілген жан бар ма деген сұрақ туындайды. Ең алдымен, Шымкентте автобус жүргізушісі тапшы. Ал ондай мамандықты, яғни «Д» санаты бойынша білім бере­тін бір де бір оқу орны жоқ.

Айта кетейік, үшінші мегапо­лис­те не материалдық базасы, не арнайы оқу құралдары, тіпті үйрету көліктері де жоқ жүргізушілер даяр­лайтын жеке меншік оқу орта­лы­ғы көп. Тіпті, олар бір бөл­мені жалға алып, талапкер қабылдап, 2 ай мерзімге, егер ақшасын молы­нан төлесе, 2 аптада тездетіп «В», «С» санаты бойынша оқытып, қолдарына сертификат ұстатып жібере алады. Әрине, көпшілігі партада отырып сабақ оқымайты­ны айдан анық. Оған өзіміз де куә болғанбыз. Оқу орталықтарына оқушысының жүргізушілік курсын меңгеруі емес, талапкерді көптеп қабылдап, ақшаны молынан табуы маңызды. Сондықтан олар жауап­кер­шілігі жоғары «Д» санаты бойын­ша маман даярлағысы кел­мейді. Себебі оған қойылар та­лап та жоғары. Бірқатар оқу ор­та­лық­тарына хабарласып, бұл санат бойын­ша тек теориялық тұрғыда білім бере алатынын естідік. Ал тәжірибеде шыңдауға оқу орын­дарының шамасы кел­мей­ді. Себебі материалдық-техникалық базасы, білікті маманы да жоқ.

Қалалық Полиция департа­менті­не қарасты тіркеу-емтихан бөлімі берген мәліметтерге сүйен­сек, жыл басынан бергі 11 айда Шымкент қаласы бойынша «Д» санатымен 3 адам ғана жүргізуші куәлігін алған. Әрине, олардың да бұл санат бойынша еліміздің қай түкпірінен білімін жетілдіріп кел­гені белгісіз. Ал халқының 50 пайы­зы Шымкент қаласына қаты­нап жұмыс істейтін Төлеби ауда­нын­дағы автобус паркінің бас­шы­сы Жұмат Жылқыбаев бүгінде жүр­гізуші тапшылығының салда­ры­нан автопарктегі 20-дан астам автобус иесін күтіп, қаңырап тұр­ға­нын айтады. Бір кездері атағы дүркіреп, барлық аймақта жолақы 15-20 теңге болып тұрған тұста Лен­гер қаласы тұрғындарын 5 тең­ге­мен, 35 шақырым қашықтық­та­ғы Шымкентке 25 теңгеден тасып, елдің алғысына бөленіп жүрген «Төлеби автобус паркінің» де бү­гін­гі халі мүшкіл. Ленгер – Шым­кент бағыты әрбір 12 минут сайын жүріп тұратын автобус­тар­дың бү­гін­гі арақашықтығы неге 30-40 ми­нутқа ұзап кетті? «Шындығына кел­генде намысқа тырысып, аз ғана көлікті жүргізіп қойдық. Шыққан көліктер шығынын өтеп те жатқан жоқ. Дәл осылай жалғаса берсе, автопарктің де күні бітер уақыт та алыс емес. Мемлекет тарапынан бір де бір көмек, субси­дия берілмей келеді» дейді авто­парк басшысы.

Сондай-ақ «Оңтүстік авто­тран­с­порт» қауымдастығының тө­ра­ғасы Дархан Қаюпов мегапо­лис­те де маман тапшылығын тілге тиек етті. «Шымкентте автобус жүргізушілерін оқытатын бір де бір оқу орны жоқ. Тіпті, материалдық базасы толық деген жол-көлік кол­лед­жінің өзінде де «Д» санаты­ның лицензиясы жоқ. Басшылығы жа­уап­кершілікті мойнына жүкте­гісі келмейді. Шынтуайтына келгенде, қоғамдық көлік жүргізу­шісі болуға қазір көп жастың ынтасы да бол­­май қалған. Себебі үнемі жо­лаушылармен шиеленісте отыра­тын, соған сай жалақы ала алмай­тын автобус жүргізушілігіне сұра­ныс қайдан болсын? Тұрғындар қоғам­дық көлік жүргізушілерін сыр­тынан сынап та жатады. Ойлап қа­расаңыз, жүргізушілерді де тү­сіну­ге болады. Мәселен, үйлерінен таңғы 05.00-де шығып, кешкі 23.00-де оралатын оларды отба­сын­да осы уақыттары күліп шыға­рып салып, жарқырап күтіп алатын кім бар дейсіз?! Таңғы шайды кө­лік­те отырып ішіп кетіп бара жа­тады. Кешке дейін басшылық­тың ай­қайынан бөлек, қаншама кір­пияз жолаушының мінезі жүйке­сіне тиіп, қалжырап қайтқанда осы жүрістеріне сай жалақы алып жа­тыр ма? Оларға қаншалықты жағ­дай жасалып отыр? Осыған назар аударайықшы» дейді қауым­дас­тық төрағасы.

Сондай-ақ ол Шымкенттегі та­сымалдаушы компаниялардың да бүгінгі халі мәз емес екенін жеткізді. Осы салада тапжылмай жұмыс істеп, зейнеткерлікке шық­қан қауымдастық төрағасы мега­по­листегі қоғамдық көлік мәсе­лесін бес саусақтай білетінін жет­кіз­ді. «Әкімдік те, көпшілік те тасы­малдаушы компанияларды қаржыны қырып тауып жатыр деп ойлайды. Бұл – жаңсақ пікір. Бір­не­ше жылдан бері басы-қасын­да жүр­гендіктен, мәселені толық білемін. Өздеріңізге мәлім, Шым­кент қаласы өзін-өзі 40 па­йыз ғана асырап отыр. Қалған бюджетті жо­ғары жақтан алады. Сон­дықтан жо­лаушы тасымал­дау­шы компа­ния­ларға заңды түрде берілуі тиіс субсидияны ешқашан бөлген емес. Соған қарамастан, жолақыны көтермей, студенттерге де жеңілдік беріп, жұмыс істеп келеміз. Ал то­зы­ғы жеткен көліктердің жүруі­нен тұруы көп. Оларды жөн­деу үшін алынатын бөлшек құралдар қымбат. Жанар-жағармайдың құны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ бірқатар ком­­панияның несиесі де бар. Өз көзіммен көріп жүрмін, несиені төлейтін уақытта шырыл­дап ақша іздеп кетеді» деп тасы­мал­­даушы компаниялардың жан­ай­қ­айын жеткізді қауымдастық төраға­сы.

Иә, бірін айтып, бірге кетпейік. Дегенмен қауымдастық төрағасы Шымкент қаласының әкімі ақпан айы­нан бастап жолаушы тасы­мал­даушы компанияларға субсидия беретінін айтқанын, биліктің беті бері қарағанын айтып қуануда. Сол кез­де электронды билеттің қолда­ныс­қа енетінін де жеткізді. Демек, келер жылы үшінші мегаполисте қо­ғамдық көлік мәселесінде едә­уір жаңалық болып, көлік жүр­гізу мәдениеті сақталатын секіл­ді. Ол кезде жолаушы тасы­мал­даушы компанияларға да талап күшейіп, жүргінші құқы да қорғалатын шығар деген үміттеміз. Мүмкін осы кезде жүргізушілерге де көңіл бө­лініп, жалақы өссе, оларды кө­лік жуу мен жөндеуге аралас­тыр­май, таң ата таза киіммен дайын көлікке келіп отыратындай жағдай жасаса, автобус жүргізушісі, яғни «Д» сана­тына қызығатын жастар да, оны оқытатын оқу орны да ашы­лып қалар. Әзірге бұл арман болып тұр. Қалай болғанда да келер жылы ТМД елдерінің мәде­ни астанасы болатын Шымкент қа­ла­­сына кел­ген қонақтарды алды­мен қоғам­дық көліктер күтіп алып, шаһарды ара­ла­татынын ес­кер­сек, қоғамдық кө­лік мәде­ние­­тін ертерек қолға алған дұрыс бо­лар.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы