2 желтоқсанда «Балуан Шолақ» спорт сарайында Қазақ күресінен абсолюттік «Әлем барысы» чемпионаты өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орайластырылған бәсекеде Ресей балуаны топ жарды.
Осымен төртінші рет өткен байрақты бәсекеге әлемнің 30 елінен 33 балуан қатысты. АҚШ, Австралия, Әзірбайжан, Бразилия, Грекия, Грузия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Қырғыз Республикасы, Литва, Моңғолия, Нидерланд, Пәкістан, Польша, Ресей, Словения, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Эстония мен Жапониядан келген саңлақтар өзара мықтыны анықтады. «Әлем барысында» еліміздің намысын А.Нұғымаров (ШҚО), Р.Әбдіразақов (Алматы қаласы), М.Исағабылов (Қызылорда облысы), Н.Жарылғапов (Маңғыстау облысы) сияқты балуандар қорғады.
Турнир қорытындысы бойынша финалда шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровты жеңген ресейлік Роман Бобиков «Әлем барысы» атанды. Үшінші орын үшін белдесуде Мақсат Исағабылов өзбекстандық Мухсин Хиссомиддиновті жеңді.
Финалға дейінгі кезеңде Нұғымаров Словениядан келген Юре Вусникпен, литвалық Эрик Бизуновичпен кездесті. Моңғолияның тумасы, этникалық қазақ Серік Бердімұратпен және қола жүлдегер Мақсат Исағабыловпен бозкілемге шықты.
Ал Мақсат Исағабылов болса, эстониялық Мадис Каранмен, кореялық Чанг Сонбокпен белдесті. Қола медаль үшін болған тартыста кубалық Леодан Эрнар Эрнандес пен өзбекстандық балуаннан айласын асырды.
Айта кетерлігі, Айбек Нұғымаров әлем көз тіккен турнирдің финалына төртінші рет шықты. 2017 және 2018 жылдары «Әлем барысы» атанды. Осылайша, өзінің дес бермейтінін, бозкілемнің «кәрі арыстаны» екенін дәлелдеді. Өкінішке қарай, Руслан Әбдіразақов турнирде өзін көрсете алмады. Ол бірінші айналымда моңғолиялық Серік Бердімұраттан жеңілді. Ал Нұрдәулет Жарылғапов грек Тентор Масманидиске жол берді.
Чемпионат Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, қазақ күресі федерациясы және Qazaqstan Barysy қазақ күресін дамыту және қолдау қоры ұйымдастырды. Дәстүр бойынша «Әлем барысы» – Роман Бобиковке 10 млн теңге мен алтын белбеу табысталды. Айбек Нұғымаровқа 6 млн теңге мен күміс белбеу бұйырды. Қызылордалық Мақсат Исағабылов 3 млн теңге мен қола белбеуге ие болды. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы бойынша 1 млн теңгені өзбекстандық Мухсин Хиссомиддинов алды.
Турнирдің ашылу салтанатында Qazaq kuresi ұлттық федерациясының президенті Дәурен Абаев пен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров құттықтау сөз сөйледі. «Әлем барысының» маңызына тоқталып, қазақ күресі әлемдік деңгейге көтерілгені туралы айтты. Ел мен елді мәдениет, өнер мен спорт байланыстыратынын алға тартты. Осы мақсатта «Әлем барысы» жыл сайын ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.
– «Әлем барысы» – қазақ күресін насихаттауда өзіндік орны бар турнир. Чемпионат халықаралық деңгейде өз бағасын алды. Оған қоса бұл іс-шара ұлттық өнеріміз – қазақ күресін Олимпиада ойындарына қосу жолындағы ауқымды жобалардың бірегейі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған дүбірлі дода мәдени мұрамызды дамытуға, қазақ күресін одан ары жетілдіріп, халықаралық деңгейде насихаттауға, қазақ күресінен «Әлем барысын» анықтауға арналады, – деді Дәурен Абаев.
Айбике ЖАНАСЫЛ