Танымал TURAN этно-фольклорлық ансамблі 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Атаулы датаға орай елорда көрерменіне концерт берді. Кеш Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.
TURAN – тыңдаушыларға Қазақстанның дәстүрлі музыкалық өнері мен ұлттық музыкалық аспаптар үнін жаңа форматта ұсынатын ерекше ансамбль. Ежелгі музыкалық аспаптар, ұлттық музыканың заманауи нақышта орындалуы, орындау шеберлігінің жоғары деңгейі – ансамбль тыңдаушыларын жинады.
Бұл кеште ансамбль өнер сүйер қауымға нағыз музыканың мерекесі мен ұмытылмас әсер сыйлайды. Концерттік бағдарлама TURAN фольклорлық-этнографиялық ансамблінің шығармашылық жолының призмасы арқылы ежелгі түркі мәдениетінің даму кезеңдерін көрсетуге тырысты.
Бүгінге дейін ансамбльдің 600-ден астам жеке концерті әлемнің 70-тен астам елін аралап өтті. Оның ішінде Нью-Йорктегі Карнеги Холл, Вашингтондағы Кеннеди орталығы, Берлиндегі Концерт үйі, Мәскеудегі Кремль сарайы сияқты әйгілі концерттік залдарда елді өнерімен тамсандырды. Бұл топтың құрамына Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Мақсат Медеубек, Ержігіт Алиев, Жанту Дадабаев кіреді.
Қазақ музыкалық аспаптарының мерейі үстем болған кеште «Қазақ елі», «Ер Тұран», «Толғау», «Аққу», «Шабыт», «Көроғлы» сияқты халық күйлері мен отандық композиторлардың шығармалары орындалды. Ұлт аспаптарының үні елорда тұрғындарына ерекше әсер қалдырды.
Ансамбльмен бірге Qazaqstan Орталық концерт залында өткен кешке Нұр-Сұлтан әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, Астана музыкалық мемлекеттік театры, Қазақ ұлттық хореография академиясының артистері және әнші Меруерт Мүсірәлі қатысты.
Рухани кеш «Қазақконцерттің» ұйымдастыруымен өтті. Шараның ресми серіктесі – Тұңғыш Президент – Елбасы қоры. Әсерлі кештің режиссері – Есләм Нұртазин. Бай мәдени мұрамызды жаңғыртып, төл өнерге жан бітірген TURAN ансамблі алдағы уақытта тыңдармандарын жаңа туындыларымен қуантады.