Қандай өнімге субсидия тоқтайды?
Қандай өнімге субсидия тоқтайды?
5,230
оқылды

Мемлекет ауыл шаруашылығының кейбір өнімдерін субсидиялаудан бас тартады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

«2017 жылдан бастап өсімдік шаруашылығындағы тауарлық-спецификалық субсидияларды азайта бастадық. Мәселен, алдымен дәнді дақылдарды, сосын майлы және көкөніс-бақша дақылдарын субсидиялаудан бас тарттық. Қазіргі уақытта ірі қара мал етіне, жұмыртқаға, қымыз бен шұбатқа, күрішке, мақтаға арналған субсидияны алып тастауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл тауарлар бойынша еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі тұрақты», – деді министр. С.Омаров алынған қаражат осы салада қалатынын айтады. Яғни, ол азаймайды және ешқайда кетпейді. Асылтұқымды ұрғашы мал басын сатып алу, сондай-ақ импортқа тәуелді позициялар – сүт, құс еті, қант қызылшасы сияқты басым бағыттарды ғана субсидиялауға қайта бөлінеді.

«Өнім бірлігіне арналған субсидия өнім өндірісін арттыруды экономикалық тұрғыдан тиімді ынталандырады. Бұл ретте өнеркәсіптік және технологиялық өндірісті қолдауға басымдық берілуі тиіс. Алайда мемлекеттік қолдаудың бұл түрі ішкі нарықты молықтырғанға дейін уақытша сипатта болуы қажет», – деді С.Омаров.