Nur Otan партиясының ұйымдастыруымен «Нұр-Сұлтан – Түркістан» ұлы марафоны Қызылордада жалғасын тапты.
Марафонның басты міндеті – жас ұрпақты патриотизм және Отанын құрметтеуге тәрбиелеу, сонымен бірге салауатты өмір салтын насихаттау.
Тәуелсіздік күні мен жаңа Түркістан аймағын дамытуға бағытталған «Нұр-Сұлтан – Түркістан» ұлы марафоны бастау алған болатын. Қазақстан құрылысшылар одағы, Nur Otan партиясының қолдауымен ұйымдастырылған жарысқа 10 тәжірибелі ультрамарафоншы қатысып жатыр. Нұр-Сұлтан – Сабынды – Жантеке – Қорғалжын – Баршино – Қызылжар – Жезқазған – Қызылорда – Түркістан бағытында жүгіріп өтпек.
Марафоншыларды Nur Otan партиясы және Jas Otan Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының белсенділері қарсы алды.
Ұйымдастырушылармен бірге ұлы марафонның ашылу салтанатына танымал спортшылар, депутаттар, Nur Оtan партиясының өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, құрылысшылар қатысты.
Бір аптада марафоншылар эстафетаны әр 10 шақырымнан жүгіріп өтіп, 1 400 шақырым жолды өтуі керек. Сонымен қатар марафон аясында халықпен кездесулер өткізіледі.
Ұлы марафон жүгірушілері Қарағанды облысы аумағындағы Бетпақдала шөлі арқылы жүгіріп өтеді. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін маршруттың бұл бөлімі аса қауіпті мекен саналады. Жылдың осы уақытында шөл далада қарлы боран соғады. Сондықтан марафонға жүгірушілер мен тәжірибелі құтқарушылар тобы, сонымен қатар медициналық қызметкерлер бірге еріп жүреді.
М.БАҚЫТ