Келесі жылы ұсақ және шағын бизнес 3 жылға салық төлеуден босатылады. Бірақ бұл кәсіпкерлер 2020 жылы онлайн бақылау-кассалық аппарат орнату міндетінен босатылмайды. Өйткені ол құрылғы бизнес салық төлемесе де, оның айналымын есепке алу үшін қажет көрінеді. Ал салық ауыртпалығы жер қойнауын пайдаланушыларға, арақ-шарап, темекі сатушыларға, ойын бизнесіне, шетелден тауар импорттаушыларға түспек.
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық пен кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жұмысының 2019 жылғы он айдағы қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер белгіленді.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес 2020 жылдың басында табысқа салынатын салықтан 3 жылға босатылады. Бұл салықты тек жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнімдерді өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары ары қарай төлей береді.
Сонымен бірге жаңа жылда шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий күшіне енеді. Бірақ ол кедендік тексеруге, қарама-қарсы салықтық тексеруге, қылмыстық іс шеңберінде жүргізілетін және салық төлеушінің өтініші бойынша өзінің қызметіне қатысты тексерулерге таралмайды.
Әлихан Смайылов ұсақ және шағын кәсіпкерлер онлайн түрде деректер беретін бақылау-кассалық машинаны және POS-терминалды міндетті түрде пайдаланулары, сондай-ақ салықтық есепті тапсырып отыруы тиіс екенін нықтады.
Ол Ұлттық қордан алынатын трансферттерді қоспағанда, 2019 жылғы республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 7 трлн 81 млрд теңге сомасында айқындалғанын мәлім етті. Сөйтіп, 2018 жылмен салыстырғанда 1 трлн 233 млрд теңгеге асады деп болжануда. Оның ішінде қосылған құн салығы 282 млрд теңгеге, корпоративтік табыс салығы 194 млрд теңгеге, еңбекақы қорынан салықтар 95 млрд теңгеге өскен. Кедендік төлемдер де ұлғаюда: Еуразиялық одақтан келетін қосылған құн салығы 88 млрд теңгеге, ал үшінші елдерден ҚҚС 73 млрд теңгеге көбейіпті.
Сондай-ақ салық төлеуді ынталандыру шаралары қабылданып отыр. Мысалы, шағын және орта бизнеске 2019 жылдың қаңтарынан, ал жеке тұлғаларға тамыздан бастап, негізгі қарызды төлеген жағдайда бұрын есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды жою арқылы салық амнистиясы жүргізілуде. Бірінші вице-премьер бұл 23 млрд теңге салық қарызының жабылуына ықпал еткенін мәлімдеді. 1 қарашадағы жағдай бойынша 13 млрд теңге салығын өтеген шағын және орта бизнестің 4,4 млрд теңге, ал 10 млрд салық қарызын жапқан жеке тұлғалардың 2 млрд теңге айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылды. Яғни, халық еңсесін басқан борышынан құтылды.
Ә.Смайылов елең еткізерлік жаңалықты жеткізді: келер жылы қазақ-қытай шекарасындағы контрабандаға жойқын соққы берілуі мүмкін.
– Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың фискалдық органдары «Экспорттық декларациялардан алдын ала ақпаратпен алмасу туралы хаттама» аясында электронды байланыс арналарын жолға қоюда. Жыл соңына дейін деректермен онлайн алмасу жүзеге асырылады, – деді ол.
Осылайша, Қытай жақтан бері өтіп жатқан әр алып жүк көлігіндегі тауардың нақты қанша тұратыны жайында біздің құзырлы органдар жедел құлағдар болады. Бұл импорттаушы кәсіпкердің салықтан жалтару үшін кеденшіге пара беріп, ымыраласуын мәнсіз етуге тиіс.