Сау баланы сол қолынан айырды

Сау баланы сол қолынан айырды

Елордада медицина мамандарының қателігінен сәби қолынан айырылды. Медбикенің немқұрайды әрекетінің салдарынан жағдайы ушығып, сол қолына ампутация жасалған Бауыржан Құралбектің анасы журналистер арқылы араша сұрап отыр.

БАҚ өкілдеріне сұхбат бер­ген жас ана Ақбөпе Қалила­ның айтуынша, қазан айының 22 күні баласының ыстығы кө­теріледі. Осылайша, бала Нұр-Сұлтан қаласы Ма­нас кө­шесінің бойында орналас­қан Ақмола облыстық көпса­ла­лы №2 ауруханасына жеткі­зі­леді. Әуелгіде дәрігер­лер «пнев­мония», яғни өк­песі қа­­бын­­ған деген диагноз қоя­ды. Медбикелер антибиотик салғанымен ыстығы түспе­ген соң, баланың жағдайы на­шарлап, төрт күн реанимацияда жатады. «Алайда бұл аурухана­дағы реанимация балаларға арналмаған екен. Сондықтан бізді Көкшетаудағы балалар ауруханасына жіберді. Ес-түссіз жатқан баламды Нұр-Сұлтандағы бірде-бір балалар ауруханасы қабылдамай қойды. Өйткені Талапкер ауылы елор­даға қарамайды», – дейді ашынған ана.

Бауыржан – Ақбөпенің екінші ұлы. Кішкентайы бес айлық болғандықтан, ауруханада баланың қасында әжесі бірге жатқан.

Көкшетаудағы Ақмола об­лыстық балалар ауруханасы баланың өкпесін екі апта ем­деген. Ақырында «пневмания сырқаты болса, неге сонша ұзақ жазылмады?» деген күдік­тен кейін барып, баланың дене қы­зуы түскен соң, ком­пью­терлік томография жасай­ды. Нәтижесінде, бала­ның өк­песінің өздігінен тыныстауына мүмкіндік бермей тұрған дәрі­герлер о баста ойлағандай қа­қырық емес, бала қақалғанда өкпеге өтіп кеткен еттің қал­дығы екені мәлім болады.

«Осылайша, бізге «баланың өкпесін еттің қалдығынан, жи­на­лып қалған қақырықтан тазарту үшін екпе салынады» деді. 7 қараша күні медбике реанимациядан палатаға шық­қан баламның сол қолына ка­татор арқылы антибиотик екті. Бес минуттан кейін бала­ның саусақтары қарайып, ба­ла әже­сіне қолын көрсетіп жы­ла­ған. Әжесі медбикеге айт­қанда, «қалыпты жағдай» деген жауап естиді. Біраздан кейін баланың қолы мұздап, ағарып, артынша қайта қарайғанда екпе салған медбике бар, ау­ру­ха­надағы пульмонология бөлі­мінің меңгерушісі, хирург түгел баланы қараған. Бәрі бі­рауыздан «қалыпты жағдай, массаж жасай беріңіздер» деп кеңес береді. Тек ертеңінде, 8 қараша күні балам тағы да реани­мацияға түсті», – дейді анасы.

Екінші рет жансақтау бөлі­міне түскен сәбидің жағдайын жақсартуға ешқандай шара қолдана алмаған соң, Ақмола облыстық балалар ауруханасы оны Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасына жіберуге мәжбүр болады. Ба­ланың жағдайы ауырлап кет­кенін көрген №2 балалар ау­руханасының дәрігерлері де­реу шешім қабылдап, сол қо­­лына ампутация жасайды. «Бұл мекеменің дәрігерлері «егер бізге ерте әкелгеніңізде сәбиіңіздің алақанын аман сақ­тап қалар едік» деп отыр. Егер облыстық ауруханалардың мүмкіндігі төмен болса, тіркеу­дегі мекенжайымызға қа­рамай-ақ, бізді елорданың ау­руханалары емдей беретін жағ­дайды неге қарастырмайды екен?» деп күйінеді жас ана.

Ақбөпе о баста баласының аман қалғанына шүкір етіп, ешкімге арызданбайын деген ниетте болыпты. Алайда сол уа­қыттан бері жағдайға кінәлі адамдардың ешқайсысы тым құрығанда телефон арқы­лы хабарласып кешірім сұра­ма­ғанына қапаланады. «Ертең балам өскенде менен «мама, менің бір қолым қайда?» деп сұраса, не деп жауап бере­мін?» деген ана баласының бола­ша­ғына алаңдайтынын жеткізді.


Тәуекел БАЗАР