Немеремнің немене болып кеткенін байқамай да қалдым. Көшеге ойнап келе ғой дегенмін ғой, еріні жырылып, тізесі сырылып, құлағы майысып, белі қайысып, шашы ұйпа–тұйпа болып келіп тұр. Бірақ, соның өзінде өзі ғана өрт сөндіргендей, біреулерге қауіп–қатер төндіргендей, қабағында қырық градус аяз бар сияқты, сұстанып келді. Екі қолы белінде, шіреніп тұрғаны сол. Мына түрін көріп, шошып кеттім. – Әй, жерге домалап келдің бе, жоқ әлде жорғалап жүрдің бе? Не болған саған? – Ата, мен бүгіннен бастап, көшенің атаманымын. – Кім сайлады сені? Халық па? – деппін мен. – Көше балаларымен төбелесіп, жеңіске жеттім. Өздері дауыс беріп сайлады. – Атаман деген не пәле өзі? Одан да, сабағыңды оқымайсың ба? –Сабақты мамам оқып жатыр ғой. – Қалай? –Онлайн сабақты өзі орындайды. – Балам, осы саған таң қалам! Сенің басың сопақ! Ал, мына миың шопақ! – Төрт бұрышты бас болмайды ғой енді! – Мынандай топырақ шаш болмайды ғой енді? – Абай сияқты атаман болдым. – Кімнің баласы ол? Қай подьезде тұрады? – Ол Құнанбайдың баласы. Абай атамыз туралы тоғыз сериялы «Жауынгер жолы» деген мультик көрдім ғой. Сонда Абай атамыз көшеде кетіп бара жатқан жалғыз қызға жабылған бұзақылармен төбелесіп, «шашып» тастайды ғой! Атаман сияқты! Мен де Абай бабам сиқты атаманмын! О, сорың құрғыр! Абай бабамызды да, жетістірген екен ғой? Шіркін, баяғыда Әмен Қайдаров түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің өзі неге тұрады? Тәрбиелік мәні қандай еді? Қазір ше? Шетелдік мультфильмдердің жаулап алған заманы болды. Отандық мультфильмдерді қабаған иттер жұлмалап, тістелеп тастаған сияқты жұпыны. Краус Артур деген біреу қазақ ертегілерін мазақтап бітті. Алдар Көсесінің пошымынан құсқың келеді. Байлары мен бәйбішесі домаланған доп сияқты бірдеңе. Бір күні көршінің әйелі үйіме жетіп келді. Тістеніп, тебініп келді. Айқайлап, ойбайлап келді. – Не болды сізге? Айқайламаңыз, тарақандарымыз шошып кетті ғой? –дедім мен. – Немереңіз немене пәле өзі? – Тағы не бүлдірді? – Менің қызыма «көңілдесім болыңызшы» депті! – Қойыңыз, жаман екен ойыңыз. Төрт жасар бала көңілдес дегеннің не екенін түсіне ме екен? – Алтыншы сыныпта оқитын қызымның алдынан шығып: «Әпке, маған уақытша көңілдес болыңызшы» депті! Ақырзаманның баласы! Мен жұқсыз немеремді шақырдым. – Әй, көңілдес деген не? –деп сұрадым мен. –Білмеймін. –деп міңгірледі ол. – Білмесең, көршінің қызына не дедің? – Сыра ішіп отырған көкелер «Алдар көсе» мультфильмін жасаған Артур Краус қуып кетіпті! Бір кемпір көңілдесін үйіне кіргізіп, шалын қуып жіберіпті!» деген соң, сол мультикті көрдім ғой... – Е? – Сосын менің де кемпір болып, көңілдес тапқым келді. Көңілдес деген дос па, ата? О, жүгермек! Әне, айттым ғой, мына Краус көзімізге көк шыбын үймелетіп бітті! Қазақтың дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым Артур мұнысымен не айтқысы келді екен? Балаларға көңілдес ұғымын түсіндірмек болды ма? Сарапшылар қайда қарап отыр? Өзге де жауаптылар немене жалап отыр? Қазіргі балалар Ер Төстікті біле ме екен? Алпамысты құлағына іле ме екен? Әлде, Спанч Боб туралы сайрай ма? Ал, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық өндірістік бірлестігі 3 жыл ішінде 610 миллион теңгені құраған мемлекеттік тапсырыс бойынша 6 мультфильм ғана түсірген. Сонда әрқайсысына 100 миллионнан астам қаржы жұмсалған мультфильмнің кейіпкерлері алтынмен апталып, күміспен күптелген бе? Түсінсем, бұйырмасын! Осыны түсіндіретін жауапты шенеуніктер не дер екен?
Мұхтар ШЕРІМ