Интернетті иіскесеңіз де, көшеге шықсаңыз да, сауатсыздардың сайына түсіп кетесіз. Әлде олар мүлде сауатсыз, немесе орысша ойлап, қазақша сөйлей алмайтындар. Немереммен Шымқаланың көшесінде келе жатқанмын.
– Ата, қараңызшы, қате жазып қойыпты! – деді. Арғынбеков көшесінде салынып біткен шағын дүкеннің маңдайшасына «Біз ашыдық!» деп жазып қойыпты.
– Ее. Мұны жазған адамдардың милары ашып кеткен ғой, – дедім мен. Мұны айтасыз, үш әріптен қате жіберетіндер де бар екен. «Нан сатылады» деп жазудың орнына дүңгіршекке «Нын сатылады» деп жазып, айды аспанға шығарған ғой.
– Сіз нын жеп көрдіңіз б? –деп сұрадым сатушыдан.
– Ол не?
– Нын?
– Оны неге сұрап тұрсыз?
– Қараңызшы, мына тұсқа «Нын сатылады» деп жазып қойыпсыз.
– Не жазсам да, өзім білемін!
–Жарайды, нын бар ма?
– Нан бар. Белый? Серый?
– Жоқ, маған нын беріңіз.
– Неге алмайсыз? Нан дедіңіз ғой?
– Жоқ, менің нын жегім келеді.
– Менде нын жоқ!
– Нын сатылады деп тұр ғой?
–Байқамай жазылып кеткен.
– Сіз көпшіліктің адамысыз. Сауатты жазыңыз!
– Маған ақыл үйретпей–ақ қойыңыз!
Оған ақыл үйреткім келіп тұрғам да жоқ. Бетпақ біреу екен. «Нынымды» алдым да, тайып тұрдым. О, мұндай сорақыларды еліміздің түкпір–түкпірінен көресіз. Орысшадан қазақшаға аударып жарнамалағанда, күлкіге көмілесіз. Ал сіз ауа райының сапалы немесе, сапасыз болатынын білесіз бе? Осыған бола көршімді ренжітіп алдым.
– Бүгін ауа райы сапасыз болады, – дедім мен.
– Немене, ауа райы зат па екен? – деп дүңк етті ол. Онсыз да мінезі шатақ адам еді.
– Ауа райының сапасыздығы соншалық, жел күшейіп, қар жауады.
– Әй, шырағым, ауа райы сапасыз дегенді қайдан шығардың? Қазақ тілін бұрмалап сөйлеуді қашан қоясыңдар осы?
– Солай жазулы тұр ғой?
– Қайда?
– Қазір көрсетейін.
Мен ұялы телефонымды ашып жіберіп, оқи бастадым. «Қазақстанның бес қаласында ауа райы сапасы төмендейді» деп хабарлапты.
– Қай сайтта?
– Бақ сайтында.
– Міне, «Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазгидромет» РМК Қазақтан қалаларындағы ауа сапасының метеорологиялық ахуалы туралы айтты.
– Сұмдық екен!
– Оны айтасыз, интернетте «Конспект по сауат ашу» деген жарнаманы көріп, он минут талып қалғанмын! Ал көшелердегі дүңгіршектерде қателер өріп жүр. «Одежда на вес» дегенді «Салмаққа киім» деп аударыпты.
– Сонда олар «Жарнама туралы» заңды көздеріне ілмегені ғой? –деген көршім қолын бір сілтеп, үйіне кіріп кетті. Осындай быды-быдылардан қашан құтылар екенбіз?