Оңтайланған құжат жұмысы

Оңтайланған құжат жұмысы

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы The St. Regis Astana қонақүйінде IT салаға қатысты ауқымды шара өтті. Documentolog Technology Conference – цифрландырудың жұмыс істеу тәжірибесі және электрондық құжат айналымы жүйесінің болашағына арналған. Бұл конференцияны ұйымдастыруға отандық компания Documentolog мұрындық болды.

Баяндамалардың бастамасын IDC Central Asia вице-президенті Андрей Беклемишев бастады. Ол өз сөзінде, цифрлық экономиканы құру дәуіріндегі электронды құжат айналымы нарығындағы негізгі тенденцияларға тоқталды. Мысал ретінде Қазақстан, Ресей және ТМД, Еуропа және АҚШ-тағы ЭСҚ нарықтары туралы салыстырмалы деректермен бөлісті. Ал «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ электрондық құжат айналымы жүйесін Documentolog деректер базасына ауыстырудың негізгі себептерімен бөлісті.

«Электрондық келісімшарттар: Даму қорынан үйден шықпай-ақ бизнес үшін мемлекеттік қызметтер» тақырыбында баяндама жасаған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев, қағаз жүзінде жасалмайтын келісімшарттардың артықшылығы мен экономикалық тиімділігін айтты. Конференцияның бірінші сессиясын «Нұр Отан» ХДП қоғамдық қабылдау бөлмесі бастығының орынбасары Арыстанғали Сансызбаев қорытындылады. Ол жақсы мысалдар келтіре отырып, «Нұр-Отан» ХДП-ның мемлекеттік органдармен хат алмасуы электронды әрі заңды тұрғыдан қосылғаннан кейін, қалай оңтайланғанын жеткізді.

«Қазпочта» АҚ персоналды басқару және өзгерісті басқару жөніндегі басқарушы директор Ақмарал Найзабекова персоналдың бизнес-процестерін автоматтандыру шеңберіндегі ӨБ мүмкіндіктері туралы қызықты баяндама жасады. –  23 мың қызметкерге қызмет көрсететін түгел кадрлық жұмыс оңтайланды. Бір сөзбен айтқанда, 88 ағаш пен миллионнан астам парақ сақталды. Қазір біз құжаттамада ЭСҚ арқылы бәріне қол қойып жатырмыз. Бұл деген оның тиімділігі, ашықтығы, өңдеу жылдамдығы, есеп беру бойынша үлкен нәтиже берді, – деді ол.

         Сонымен қатар, бұл конференцияда бұлтты сервистердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Documentolog платформасын дамыту перспективалары, Office Documentolog Office редакторы және AI.Sulu жасанды интеллект модулі мәселелеріне де назар аударды.

Анар ҚОНЫС