Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Германияға барды. Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі Федералдық канцлердің ведомстволық ғимаратының алдында өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстанның, Германияның және Еуропалық Одақтың тулары көтеріліп, Бундесвердің бас оркестрі екі мемлекеттің әнұранын орындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель Құрмет қарауылын аралап шықты. Содан кейін екі елдің ресми делегациясының құрамы таныстырылды. Салтанатты рәсімнің соңында Қазақстан Президенті мен Германия канцлері кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.
Келіссөздер барысында екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнату перспективаларына баса мән берілді.
Қазақстан Президенті Германия канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Меркель ханымның екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жалғастыра беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Еуропа Одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл сапардың басты мақсаты екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси ықпалдастыққа жаңа серпін беру екенін жеткізді.
– Германия – экономикалық әлеуеті жағынан Еуропада төртінші болғанымен, біздің елімізге тікелей инвестиция салып отырған мемлекеттердің ішінде 12-орында. Қазақстан әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретін болады. Бұл неміс инвесторлары мен компанияларына жақсы мүмкіндік туғызады деп санаймын. Неғұрлым инвестиция көп тартылса, соғұрлым екі ел үшін де тиімді болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын, бұл екі тарапқа да өте тиімді болатынын айтты.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Германияға экспортталатын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 миллиард евроға төмендеп кеткені, сарапшылар мұның себебін мұнай нарығындағы жағдаймен байланыстырып отырғанын сұрады.
– Расында, мұндай үрдіс бар. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – осы жағдайды мейлінше өзгерту. Сондықтан келіссөздер барысында канцлер ханымға бірнеше нақты ұсыныстарымды жеткіздім, – деп жауап берді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысына дуальды білім беру саласына қатысты екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективасына байланысты да сұрақ қойылды.
– Дуальды білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданып келеміз. Алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жалғастыра береміз, – деді Президент.
Германияның канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.
Артынша Мемлекет басшысы ГФР-дің экс-канцлері Герхард Шрёдермен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту және екі елдің іскерлік байланыстарын нығайту мүмкіндіктері талқыланды.
– Қазақстанға инвестор ретінде келетін неміс кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер жасауға ниеттіміз. Бізде арнайы экономикалық аймақтар бар. Сондықтан оларға ерекше жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Герхард Шрёдер Қазақстанның инвесторлар тартуға бағытталған шараларына оң баға беріп, экономиканың нақты секторындағы бірлескен бизнес-жобаларды жүзеге асыру жөнінде өз ұсынысын айтты. Белгілі саяси қайраткердің пікірінше, Қазақстан немістің ірі компанияларына ғана көңіл бөліп қоймай, сондай-ақ Германияның шағын және орта бизнесінің әлеуетін де ескеруі қажет.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті Германияның Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен жүздесті.
Сәлемдесу және суретке түсу рәсімінен кейін Мемлекеттер басшылары «Бельвю» мемлекеттік резиденциясына барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Содан кейін екі елдің президенттері келіссөз жүргізіп, өзара қызығушылық тудыратын ауқымды мәселелерді қарастырды.
Франк-Вальтер Штайнмайер аталған сапары үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығын одан ары дамыту үшін жүргізілген келіссөздердің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы Берлинге сапары барысында неміс бизнесінің бірқатар өкілімен кездесті.
CLAAS Group компаниясы Бақылау кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесу барысында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. CLAAS Group компаниясы біздің елімізге CT Agro дистрибьюторлық желісі арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын әкеліп, сервистік қызмет көрсетумен айналысады.
– Біздің негізгі стратегиямыз – елімізге тартылатын инвестицияларды әртараптандыру. Инвестиция тұрғысынан Германияның негізгі стратегиялық серіктесі болғымыз келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстанның ірі компанияларымен ғана емес, сондай-ақ орта деңгейдегі компаниялармен де ынтымақтастық орнатуға ниетті екеніне ризашылық білдірді.
Linde AG компаниясының атқарушы вице-президенті Кристиан Брухпен кездесу барысында кәсіпорынның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалары мен алдағы жоспарлары туралы сөз болды.
– Канцлер Ангела Меркельмен және Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен жүргізілген бүгінгі келіссөздер жоғары деңгейде өтті. Осы келіссөздер екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Кристиан Брух өз компаниясының 2013 жылы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ базасында техникалық газ өндіру жобасын іске асырғанын атап өтіп, оған 95 миллион евро көлемінде инвестиция салғанына тоқталды.
– Бүгінде Linde AG компаниясы жобаның екінші кезеңін қолға алды. Жаңа жобаға шамамен 80 миллион евро инвестиция салуға ниеттіміз, – деді Кристиан Брух.
Сонымен қатар германиялық компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын салу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті Schaeffler Group компаниясының бас директоры Клаус Розенфельдпен кездесу кезінде өзара ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Автомобиль жасау, өнеркәсіп және ғарыш салалары бойынша қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорын басшысы Клаус Розенфельд Қасым-Жомарт Тоқаевқа өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.
Siemens Healthineers компаниясының бас директоры Бернд Монтаг Мемлекет басшысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынатын онкологиялық орталықтың жобасын ұсынды. Кәсіпорын басшысы еліміздің өндірістік әлеуетін арттыруға септігін тигізетін ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін айтты.