Қазақстан түркиялық офицерлерді даярлауда. Бұл мәлімет Сенат басшысы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Жоғарғы палата отырысында жария етілді. Жиында Қазақстан мен Түркия үкіметтерінің Әскери ынтымақтастық туралы келісімі ратификацияланды.
Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед НАТО-ның Түркиядағы әскери училищелерінде қазақстандық курсанттар ақысыз негізде оқып жатқанын хабарлады. Бұған дейін оны 200-ге жуық офицеріміз бітіріпті. Бүгінде тағы 20 курсант білім алуда.
– Бұдан бөлек, Қазақстан Қорғаныс министрлігінің 14 офицері Түркияның төл оқу орталықтарында даярлықтан өтуде. Осы орайда арнайы талдау жүргізілді. Анықталғанындай, Қорғаныс министрлігі құзырында жұмыс істеп жүрген Түркия ЖОО-лары түлектерінің теориялық және практикалық білім деңгейі жоғары болып шықты, – дейді М.Құл-Мұхаммед.
Сенатор М.Жолдасбаев түрік курсанттарының Қазақстанда білім алуына қатысты сұрақ қойды. Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев қазіргі кезде Түркияның 16 әскери қызметкері елордадағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде оқып жатқанын жария етті.
Бауырлас екі елдің «Әскери ынтымақтастық туралы келісімін» ратификациялау Қазақстанның әскери саладағы мүмкіндіктерін кеңейтеді, әскери ынтымақтастықтың дамуына оң ықпал етеді. Қазақ-түрік бірлескен әскери жаттығуларын өткізу алғаш заң жүзінде бекітіліп отыр. Сонымен қатар құжат мамандар даярлау мен оқытуды, ғылыми және техникалық зерттеулерді бірге жүзеге асыруды, қорғаныс өнеркәсібін бірге дамытуды қамтиды. Түркі тілдес қос мемлекет енді өз әскерлерін картография, гидрография, топогеодезия салаларында қамтамасыз ету бағытында да тізе қоса қимылдамақ.
Сенат отырысында заңнамаға оңалту және банкроттық рәсімдерін, бюджет, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда қаралды.
Депутат Н.Қылышбаев заң жобасы оңалту және банкроттау рәсімдерінің мерзімдерін де, шығындарын да қысқартатынын айтты.
«Уәкілетті орган жоқ болып кеткен борышкерлерді жоюмен айналысады. Сондай-ақ оған ұзақ уақыт бойы еш мүлкі болмаған, қызметін жүзеге асырмаған, ал кредиторлық берешегінің сомасы 2 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын әрекетсіз борышкерлерді де оңайлатылған тәртіппен жою міндеті жүктелуде», – деп түсіндірді ол.
Заң жобасы Салық кодексіне де түзетулер енгізеді. Оған сәйкес микро және шағын бизнес 3 жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылады. Бұл түзетулер Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмасын орындауға бағытталған.