Ішкі істер органдарының дерегіне сүйенсек, биылғы желтоқсанға дейін Қазақстанға 5,6 млн адам кірген. Әлемнің 200 елінен келген шетелдіктердің 5,3 миллионнан астамы елден шығып үлгерген. Бүгінгі таңда елімізде 523 босқын өмір сүріп жатыр, олардың 509-ы –Ауғанстаннан келгендер. Бұл туралы «Қазақстандағы көші-қон: проблемалар, тенденциялар, перспективалар» атты дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
Адам саудасының алдын алу және адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, сонымен қатар ішкі, сыртқы, этникалық және заңсыз көші-қон мәселелерін талқылаған жиынға Халықаралық көші-қон ұйымының Орталық Азия бойынша үйлестірушісі, аталған ұйымның Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстандағы миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Біржан Нұрымбетов Қазақстанның көші-қон саясаты мигранттар құқын сақтау мен қорғау, кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу, мигранттардың да, ел азаматтарының да құқығы мен заңды мүддесін қамтамасыз ету, ұлттық заңдар мен халықаралық міндеттемелерді сақтауға негізделетінін атап өтті.
Оның айтуынша, биыл 13 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи Отанына оралды. Олардың 46 пайызы – Өзбекстаннан, 34 пайызы – Қытайдан, 7 пайызы – Моңғолиядан, ал келесі 7 пайызы Түркіменстаннан қоныс аударды.
Бүгінгі таңда еліміздегі 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық шетел азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбек етіп жүр. Ал жыл басынан бері еліміздегі 76,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 9 мыңы республикадан тыс жерлерге шығарылған. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 43 және елден шығарып жіберу туралы шешімдерді орындамағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғалған. Бұл деректер халықаралық көші-қон мәселесінде әлі де шешімін күткен мәселенің бар екенін көрсетеді.
«Қазақстан – транзиттік ел, кейінгі кезде көшіп-қонушылардың шығу елі болғандықтан, бақылаусыз жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр. Реттелмейтін көші-қонның көлемі мен құрамын бағалау оңай емес, сондықтан халықаралық және өңірлік деңгейде деректерді жинау жүйесі мен бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру бүгінгі күннің басты мәселесі», – деді министр өз сөзінде. Ол Қазақстан бұл ретте өз тарапынан тиісті қадамдар жасап жатқанын атап өтті. Мәселен, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп 2011 жылы «Алматы процесі» атты өңірлік диалогты бастады. Былтыр желтоқсанда Марракеште өткен «Босқындар мәртебесі туралы» конвенция бойынша міндеттемелер аясында Қазақстан қауіпсіз тәртіптегі және тұрақты көші-қон жөніндегі жаһандық келісімге қосылды. Сонымен қатар «Көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісіне кіргізді. Бұл құжатта еңбек иммигранттарын тарту механизімін жетілдіру, әкімшілік жауапкершілікке тартылған мигранттардың мәселесін шешу, ұлттық заңнамаға халықаралық реадмиссия стандарттарын енгізу шаралары қарастырылған.
Айдана БЕГІМ