Nur Otan партиясы Орталық аппаратының басшылығы «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметімен танысты. Аталған орталық «5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» аясында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған-ды.
Nur Otan партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, бұл жоба партия Лидері мен Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Өйткені ол отандық қаржы саласын дамытуға және ел экономикасына шетелдік технологиялар мен инвестицияларды тартуға бағытталған.
– Жобаны жүзеге асыру үшін Nur Otan фракциясының депутаттары тиісті заңнамалық бастамалар жасады. Бұл – біздің экономикамызды анағұрлым сапалы институционалдық деңгейге көтеруді көздейтін маңызды іс. Nur Otan партиясының мақсаты – қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен гүлденуі үшін Елбасының стратегиялық бағытымен ілгерілеуді қамтамасыз ету. Кез келген инвестор үшін ең маңыздысы – саяси тұрақтылық, жақын арадағы және келешекке бағытталған түсінікті ережелер. Жаңа технологиялар мен инвестициялардың үлкен ағыны сайып келгенде халықтың әл-ауқатын көтеруге әсер етеді. Сондықтан біз жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Бауыржан Байбек.
Кездесу барысында АХҚО басқарушы директоры Қайрат Келімбетов бүгінде әлемнің 30-дан астам елінен 317 компания қатысушы ретінде тіркелгенін айтты.
– Инвестиция тарту және қор нарығын дамыту үшін Astana International Exchange – AХҚО биржасы құрылды. Бір жылға жетер жетпес уақыт ішінде 216 миллион доллар акционерлік капитал тартылды. АХҚО қаржы орталықтарының жаһандық индексінде Стамбұл, Варшава, Будапешт, Мәскеу және Бакуді басып озып, 104-тің ішінде 51-орнын алды, – деді Қайрат Келімбетов.
Әбілмансұр ЖАСАН