Жеке жауапкершілік күшейеді

Жеке жауапкершілік күшейеді

Nur Otan партиясы жанын­дағы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі рес­публикалық қоғамдық кеңес­тің мүшелері жемқор­лыққа қарсы іс бойынша партия­лықтардың жеке жауапкер­шілігін күшейтуді ұсынды. Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы барысында партия­ның Шымкент пен Түркістан филиалдарындағы аймақтық кеңестер жұмысының нәти­желері талқыланды.

Жұмыс тобының мәліметінше, соңғы 2 жылда Шымкентте 72 сы­байлас жемқорлық құқық­бұзушылық анықталып, ауыл шаруашылығы, білім және жер қатынастары саласында қызмет атқаратын 106 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Әдетте, заң бұ­затын – әкімдік, оған бағы­ныш­ты ұйымдар мен ішкі істер органдарының қызметкерлері. Жыл басынан бері Түркістан облы­сында 78 сыбайлас жемқор­лық қылмыс ашылды. Аяқталған істер бойынша келтірілген шығын мөлшері 300 млн теңгеден асып жығылады. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Қайырбек Сүлейменовтің айтуын­ша, аймақтық филиалдардың жұмысын зерттеу барысында, жұмысты жоспарлау кезінде бірдей кемшіліктерге жол берілетіні анықталған.

Өз кезегінде қоғамдық кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресте жер­гілікті қоғамдық кеңестердің бірін­ші орында тұрғанын, сондық­тан партия мүшелері мінсіз беделге ие болып, шешім қабылда­ғанда объективті болуы керек­ті­гін баса айтты. Сондай-ақ жиын­ға қатысушылар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы партияның 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру Жол картасының жобасын талқылады. Отырыс қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы, құқық қор­­ғау органдары мен партия ұйымдарына анықталған кем­шіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар жасалды.

 

Ерке ЕРҚОҢЫР