Қазақстанда сыбайлас жемқорлық айыбымен ұсталған қызметкердің басшысын да отставкаға жіберу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Орынтағына жабысып алған министрлер мен әкімдер мекемесіндегі былық-шылық үшін жауапкершілік арқалауға құлықсыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заң жағдайды өзгерте ме?
Мемлекет басшысы 28 қарашада қол қойған заңға сәйкес, бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер: министрлер, олардың орынбасарлары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, облыс, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары өздеріне тікелей бағынатын қызметкерлері парамен тұтылса, дереу отставкаға кетуге арыз жазуы тиіс. Ал отставканы қабылдау немесе қабылдамауды тағайындаған адам шешеді.
Әлемдік тәжірибеде ондай отставка жүздеп саналады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Чехияның Премьер-министрі Петр Нечас қоластындағы шенеуніктер коррупцияға қатысы бар деген күдікке ілінген соң өз еркімен жылы орнын босатты. Бауырлас Түркияның Экономика министрі Зафер Чаглаян, Ішкі істер министрі Муаммер Гүлер мен Қоршаған ортаны қорғау министрі Ердоған Байрактар бір-ақ күнде жұмыстан кетті. Өйткені үшеуінің де балалары мемлекеттік тендерді өткізу кезінде пара алды деген айыппен тұтқындалған. Биыл Австрия канцлері Себастьян Курц өзінің оң қолы Хайнц-Кристиан Штрахенің орыс кәсіпкерімен астыртын жүргізген келіссөзі бейнежазбаға түсіп қалғаннан кейін мансабынан бас тартты.
Бір қарағанда мұндай мысал бізде де баршылық сияқты. Мамыр айында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповтың ісі бойынша сот шешімі күшіне енсе, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген. Көп ұзамай Асланбек Жақыпов үш жылға сотталды. Әйтсе де, міз баққан министрді байқамадық. Таяуда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов орынбасары Бағдат Мәнізоровқа тағылған айыптар расталса, қызметімен ойланбай қоштасатынын айтқан. Әйтеуір, абырой болғанда Мәнізоров тергеу барысында ақталды да, Баталов орнында қалды.
Көріп отырсыздар ғой, жоғары деңгейдегі басшылар арасында бағыныштылары үшін жауапқа тартылған ешкім жоқ. Тек бір оқиға ойға оралады. 2008 жылы Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Нұрлан Рахметов Алматы қаласы Салық департаменті директорының орынбасары Нұрғалиев парамен ұсталғанда өз еркімен отставкаға кетті. Міне, қауашағымызға қалқып шыққаны – осы ғана. Басқа мысал еске түспей тұр.
Өркениетті елдерде азаматтық ұстанымы айқын, мемлекетшіл тұлғалар өзі тағайындаған қызметкері сыбайлас жемқорлыққа шатылса, кірерге тесік таппай қалады. Жеке басының адалдығына ешкім күмән келтірмесе де, өзін кінәлі сезінеді. Өйткені түсінген адамға бұл – жусаң кетпейтін қара дақ. Расында да, танауының астында не болып жатқанын білмейтін басшылар білдей бір саланы қалай дамытпақ?
Негізі, бұл мәселені 2010 жылы Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті басқарған Оралбай Әбдікәрімов көтерген.
– Әрбір мемлекеттік органның басшысы өзіне тікелей бағынышты қызметкердің коррупциясы үшін отставкаға кетуге арыз жазуға міндетті болады. Бұл норма заңмен бекітілуі қажет, – деген еді.
2013 жылы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов те осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.
Жалпы, Қазақстанда шенеуніктердің жемқорлық бабы бойынша ұсталғаны туралы ақпарат жиі жарияланады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін жемқорлықпен күресті күшейту керегін бірнеше рет айтқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кейінгі кезде бюджет қаржысын жымқырғандарды жазалау мәселесін көп қозғап жүр. Соған қарамастан, еліміздің жемқорлық индексіндегі жағдайы жақсарған жоқ.
Transparency International ұйымы жыл сайын құратын Жемқорлықты қабылдау индексінде (CJI) бір жыл ішінде екі саты төмендеппіз. 2018 жылы 122-орында тұрған Қазақстан биыл қаңтарда шыққан ұйым рейтингінде 124-орынға түскен.
Алайда атышулы отставкалар туралы естісек, құлағымыз керең болсын. Жаңағы біз тілге тиек еткен 2010 жылғы норма іс жүзінде бірде-бір рет қолданылған емес. 2015 жылдың желтоқсанында бұл норманың күші жойылып, оның орнына «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» ереже қабылданды, бұл құжатта министрлер мен әкімдердің жауапкершілігі жайлы бір ауыз сөз жоқ.
Бір кездері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған Қайрат Қожамжаров бұрынғы норманы қалпына келтіруге тырысып көрді. Тек Алик Шпекбаевтың тұсында сең қозғала бастады. Былтыр наурыз айында Елбасы қоластындағылардың қылмысы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігін артыруға тапсырма берді. Содан кейін агенттік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізді. Биыл ақпан айында Төменгі палата депутаттары оны бірінші оқылымда мақұлдады. Жақында Тоқаев қол қойған су жаңа заңның тарихы осындай.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтің сөзінше, отставканы қабылдау немесе қабылдамау – Қасым-Жомарт Кемелұлының құзырында. Сонда дейміз-ау, Президент шешім қабылдағанда қандай тетіктерге сүйенеді? Шенеуніктің жазықты не жазықсыз екенін қайдан біледі? Әрбір жемқорлық дерегін жеке-жеке тексеруге уақытты қайдан табады? Сол қылмыстың алдын алуға әкімнің не министрдің мүмкіндігі болған-болмағанын қалай анықтайды? Арнайы тергеу жүргізе ме, әлде ішкі түйсігіне ғана иек арта ма? Сауал көп, жауап жоқ. Бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалса, жаңа заңның нақты жұмыс істейтін механизмге айналуы неғайбыл.
Таяқтың екінші ұшы да бар. Әділет министрі Марат Бекетаев бір жиында журналистермен жүздесіп отырып: «Мен басқа адамның басына кіре алмаймын және оның не ойластырып жүргенін түсіне алмаймын. Егер ол менің сөздерім мен іс-әрекеттерге қарамастан, қандай да бір құқықбұзушылық жасаса, онда неге мен жауап беруім керек?» деп бұл ережеге қарсылық танытқан.
Қисынға салсақ, Марат Бақытжанұлымен де ішінара келісуге болады. Бірақ айналып келгенде бәрі басшыға байланысты. Өзіміз үлгі тұтатын Сингапурдың кеден қызметінде бір адам жемқорлықпен тұтылса, бүкіл ұжым жұмыстан қуылады екен. Бізге де сондай бірдеңе керек шығар?
Еркебұлан НҰРЕКЕШ