Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала руханияты» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Мәжіліс депутаттары, Қазақстанға еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметкерлер, ақын-жазушылар, ұстаздар мен ғалымдар қатысты.
Халықаралық конференцияның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өтудің маңызына тоқталды. Ол сонымен қатар Әбіш Кекілбаевтың әдеби мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халқымыздың рухани байлығын арттырудың қажетін атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қаламгердің шығармашылығынан бөлек, кемеңгер Кекілбаевтың Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізге сіңірген айтулы еңбектерін тілге тиек етті.
Жиында ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдин Әбіш Кекілбаевтың Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында үлкен жұмыстар атқарғанын айтса, көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбеков Әбішпен алғашқы таныстығынан бастап, бірге қызмет еткен жылдарын сағынышпен еске алды. Ал халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» романының алғашқы нұсқасы «Жұлдыз» журналына шығып, көп ұзамай академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен КазГУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) бір топ студенттері кездесуге шақырғанын, онда Әбіш Кекілбаев «Қан мен тер» туралы мазмұнды да мәнді баяндама жасағанын, кейін сол баяндамасын алдырып, айтқан пікірлерімен санасып, өзгерістер енгізгенін қоса жеткізді.
Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов кемеңгер Әбіш Кекілбаев 70 жасқа толғанда Елбасының: «Шіркін, қазақ жігіттерінің бәрі өзіңдей болса!» деген сөзін мысалға келтіріп, конференцияға жастардың көптеп қатысқанын және олардың баяндаманы тапжылмай, мұқият тыңдап отырғанына ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ конференцияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы Сұлтан Оразалы «Асыл сөз сардары», ақын Ақұштап Бақтыгереева «Біртуар тұлға», жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай «Жазушы Әбіш Кекілбайұлының жаңашылдығы», «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Қадырәлі Қоңқабаев «Шыңғыс Айтматов және Әбіш Кекілбаев: «мәңгүрт» сөзінің лексика-семантикалық аясы», жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұхамбетқалиұлы «Көркем шығарма және әдеби сын» тақырыбында баяндама жасады.
Пленарлық мәжіліс соңында «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Мерейтой иесіне арналған конференцияға жиналған ғалымдар аталған шарадан соң екі секцияға бөлініп, «Ә.Кекілбаевтың көркемдік-эстетикалық әлемі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Ә.Кекілбаев және қазақ руханиятының мәселелері» тақырыптары бойынша келелі сөз қозғады.
Айта кетейік, бүгінде заңғар жазушының мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілуде. Алматы қаласындағы бір көшеге қайраткердің аты берілсе, Маңғыстауда үлкен орталық ашылып, еңселі ескерткіш бой көтерді.