Елордада Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен, Nur Otan партиясының қолдауымен «Алтын Тұғыр – 2019» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау жиыны өтті.
Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан «Алтын тұғыр» салтанатты жиыны биыл жетінші мәрте ұйымдастырылды деп жазады BAQ.KZ.
Дәстүрлі марапаттау жиынына Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев, Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлы, Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан және басқа да есімдері елімізге кеңінен танымал лауазым иелері қатысып, ұлттық спорттың жыл үздіктеріне сыйлықтар тапсырды.
Биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2019 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық бәсекесінде дара шыққан жеңімпаздар болды. Аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан, көкпардан Алматыда өткен жастар арасындағы І Азия чемпионатында, «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған, бәйге мен құсбегілік бәсекелерінде топ жарған және тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген көптеген спортшы «Алтын тұғыр» сыйлығына лайық деп танылды.
Ұлттық спорт түрлерінің үздіктер номинациясы бойынша «Үздік мергендер» – Айкөз Ералхан мен Бабажан Бақдәулет;
«Үздік бәйге аттары» – «Қоянқасқа», «Үшқоңыр», «Қызжирен»;
«Үздік аударыспақ балуандары» – Аманжол Нұрбек, Құралбай Ермек, Иманғазыұлы Нармағанбет, Ағабек Ғабит;
«Үздік қазақ күресінің балуаны» – Тұтқышев Нариман;
«Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» – Темірбаев Ғалымжан;
«Үздік асық ату командасы» – Нұр-Сұлтан қаласының командасы;
«Үздік бүркітші» – Серікболсын Жалғасұлы;
«Үздік теңге ілу спортшысы» – Ғалымжан Ізжанов;
«Үздік көкпар командасы» – көкпардан ҚР Жастар құрама командасы;
«Үздік көкпаршы» – Құрманбек Тұрғанбек;
«Ұлттық ат спортының үздік төрешісі» – Ерлан Жүсіпов;
«Үздік жаттықтырушы» – Арслан Қабжанов;
«Үздік ұлттық спорт клубы» – «Әулие ата» ұлттық спорт клубы;
«Жаппай көкпар үздіктері» – Ғалымжан Мырзабаев, Жомарт Зиябек атанды.
Сондай-ақ Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбековке «Елімжан» медалі табыс етілді. Ал ұзақ жылдар осы салаға еңбек сіңірген көптеген ардагерлерге құрмет көрсетілді.
«Алтын тұғыр» салтанатына қатысқан көпшілік елімізге танымал сахна өнерпаздарының сазды әуендерін тамашалады.