Абайлаңыз! Алаяқтар!
Абайлаңыз! Алаяқтар!
325
оқылды

Соңғы кездері қазақстандықтарды алаяқтар қоңырауы жиі мазалайтын болған.

«Қаскөйлер ХҚКО қызметкері болып танысып, азаматтарды мойнындағы белгісіз несиені төлемесе ЖСН нөмірін бұғаттап тастаймыз деп қорқытады. Олар сізге телефон соғуы, СМС жазуы немесе әлеуметтік желіде хат жолдауы мүмкін», – делінген «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ның Павлодар облысы бөлімшесі баспасөз қызметінің хабарламасында.

«350 мың теңге несиені бүгін кешкі алтыға дейін төлемесеңіз сіздің ЖСН нөміріңіз бұғатталады!" Өзін Нұр-Сұлтан қаласы ХҚКО маманы Әсем Әмірәлі деп таныстырған азаматша Павлодар қаласының тұрғынына дәл осы талаппен қоңырау соққан. Қаскөйдің сөзінше павлодарлық азаматша туысының несиесіне кепіл болған екен. Бірақ ол ешқандай құжатқа қол қоймаған және ондай несиенің бары туралы мүлде хабары жоқ болып шығады.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін азаматша Павлодардағы «Азаматтарға арналған үкімет» МК-нің облыстық бөлімшесіне барады. Мемлекеттік корпорация мамандары ХҚКО қызметкерлері азаматтарға бұл себеппен қоңырау соқпайтынын және ЖСН нөмірін бұғаттай алмайтынын шегелеп айтты. Сондай-ақ мекемеде осыған ұқсас хабарламалар алған жағдайда бірден полицияға шағымдануға кеңес берді.