Аймақтық саяси кеңес бюросының шешімімен Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Ербол Данағұлов тағайындалды.
Ербол Данағұлов 1981 жылы туған, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі.
Еңбек жолын 2002 жылы Шалқар аудандық экономика бөлімінің маманы болып бастаған. Шалқар ауданы әкімдігінің әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімінің бас маманы, Жаңақоныс ауылдық округінің әкімі, Шалқар қаласының әкімі және Мұғалжар ауданының басшысы болып қызмет атқарған. Биылғы жылдың шілде айынан бастап бүгінге дейін – Ақтөбе облыстық әкімдігінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Айта кетейік, партияны қайта жаңғырту аясында Түркістан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары жаңадан тағайындалған болатын.