Экологияның ластануы, сапасы сын көтермейтін ауызсу қазақстандықтардың денсаулығына нұқсан келтіріп, өмірден ерте кетуіне ықпал етуде. Сондықтан туған жерді, табиғатты сауықтыру бойынша шұғыл әрі пәрменді шаралар қажет. Бұл туралы Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мәлімдеді.
Қазақстанда «жергілікті парламенттер» – мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толды. Осыған орай елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен республикалық конференцияға қатысушылар алдында Сенат басшысы сөз сөйледі. Ол өңірлердегі әріптестерін мемлекеттік маңызды бағдарламаларды әзірлеуге белсене қатысуға шақырды. Өйткені ауыл-аймақтағы халықты нақты не мазалайтыны жөнінен солар хабардар.
– Мәслихат депутаттары және жергілікті өзін-өзі басқару органдар өкілдері өз аумақтарындағы проблемаларды басқалардан жақсы біледі. Ендеше олар тірек және серік ауылдардың тізбесін түзуге, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге тартылып, атсалысуы тиіс. Қазіргі кезде ел Үкіметі 2025 жылға дейінгі жаңа Өңірлерді дамыту мембағдарламасы жобасын талқылауда. Демек, бұл жұмысқа бүгіннен бастап қосылғандарыңыз жөн, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Ол таяуда Парламенттің Жоғарғы палатасында су қауіпсіздігі және суды сақтау, сондай-ақ тұрмыс және өнеркәсіп қалдықтарын жинап, өңдеу түйткілдері жеке талқыланғанын еске салды.
– Қоршаған ортаның ластануы, ауызсудың ластығы адамдардың денсаулығына кері әсер етіп, өмірді қысқартады. Туған жерімізді, экологиямызды сауықтыру бойынша шұғыл әрі пәрменді шаралар қажет. Ағынды сулардың шамамен 50%-ын кәсіпорындар еш тазартусыз далаға төгеді. Еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтар жиналатын 3 мың 511 полигонның тек 17,6%-ы ғана санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бұдан бөлек, 8 мың 608 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды. 2018 жылы тұрмыстық қалдықтардың бар-жоғы 11,5%-ы ғана өңделген және кәдеге жаратылған, – деп мәселенің ауқымын аңғартты Сенат төрағасы.
Оның дерегінше, Қазақстанда 30 миллиард тоннадан астам өнеркәсіп қалдығы қордаланған. Тау-тау болып үйілген бұл қоқыс көлемі ары қарай ұлғаюда. Былтыр жаңадан түзілген өнеркәсіп қалдықтарының небәрі 32%-ы өңделген.
– Жергілікті атқарушы билік табиғатты қорғау шараларына бюджетте қаржы жоқтығына шағымданады. Шынында, эмиссия, яғни кәсіпорындардан қоршаған ортаға қалдық шығарғаны, ластағаны үшін алынатын барлық төлемдер жергілікті бюджетке түседі. Бірақ олар басқа мақсаттарға жұмсалып кетеді. Сол себепті барлық деңгейдегі мәслихаттар жергілікті бюджеттен табиғат қорғау шараларына бөлінген қаражаттың мақсатты жеріне жұмсалуын және тиімді пайдаланылуын бақылауға алуы керек, – деді Д.Назарбаева.
Оның байламынша, мәслихат депутаттары үшін басты бір басымдық – жергілікті бюджеттерді қалыптастыру, олардың орындалуын бақылау.
– Аймақтарға сапар кезінде, депутаттармен қарым-қатынас барысында көңілге түйдім: жалпы, республикалық бюджет бойынша заңнамалық жұмыс бағытында ынтымақтастығымыздың әлеуеті өте зор. Бұл ретте әріптестер бірнеше мәселені төтесінен қойды. Олардың айтуынша, бюджетті жоспарлау процедураларын өзгерту, оған депутаттарды белсенді қатыстыру керек. Мәслихаттардағы тексеру комиссиялары бюджет жобасын алдын ала қарау мүмкіндігіне ие болғаны абзал. Мұның барлығы осы мәселелерге көзқарасымыздың және ары қарай қай бағытта қозғалатынымызға қатысты түсінігіміздің ұқсас екенін білдіреді, – деді палата басшысы.
Ол өңірлердегі «заңшығарушылық» жұмыстың сапасы төмен екенін де қаперге салды. Атап айтқанда, 2019 жылғы 9 айда ғана прокуратура органдары әкімдіктер мен мәслихаттар бекіткен 608 құқықтық актінің күшін жойған немесе өзгерткізген. Себебі бұл құжаттар қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтіні анықталыпты.
– Қазақстанда нормашығарушылық қызметке тартылған мамандардың біліктілігі өте төмен. Мәслихаттар кадрлық, ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстармен толыққанды қамтамасыз етілуі тиіс. Сонда олар өздеріне жүктелген функцияларды сапалы орындай алады, – деді Дариға Назарбаева.
Сондай-ақ ол 2020 жылы Сенатта әр облыстың даму стратегиясы бойынша жеке-жеке парламенттік тыңдау өткізу тәжірибесі енгізілетінін хабарлады. Ол жиынға міндетті түрде мәслихат депутаттары мен Үкімет өкілдері қатыстырылады.
Жоғарғы палата төрағасы бүгінде сенаторлар «әрбір азамат өмірдің жақсы жаққа өзгергенін нақты сезінуі үшін не істеу керегі» жөнінде байыпты әрі іскерлік ауандағы әңгімеге зәру екенін айтты. Парламенттегі осы тақырыптағы салмақты сұхбаттасу барысында өңірлік депутаттар жай тыңдаушы емес, көкейкесті мәселе қозғап, келелі кеңес берер тарап рөлін атқаруы тиіс. Заман талабы – осы.
Сөз соңында Д.Назарбаева әріптестерін мерейтойымен құттықтады:
– Баршаңызды Қазақстан мәслихатының 25 жылдығымен тағы да құттықтаймын. Еліміздің игілігі үшін табысты, жемісті қызмет тілеймін. Халық жақсылыққа бастайтын оң өзгерістер күтеді. Жаңарулар ертеңге ысырыла бермей, дәл қазір іске асса игі. Олай болса, біз халық үмітіне лайық болып, міндет үдесінен шыға білуіміз керек, – деп түйді Дариға Назарбаева.
Конференцияға Сенат депутаттары, Үкімет мүшелері, еліміздің барлық өңірінен келген облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары мен хатшылары қатысты.
Шара соңында мәслихат депутаттары Құрмет грамоталарымен және арнайы шығарылған «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Елдос СЕНБАЙ