Жаңажылдық дастарқанға 21 108 теңге жете ме?

Жаңажылдық дастарқанға 21 108 теңге жете ме?

Ұлттық банк сарапшылары жаңажылдық дастарқанға кететін қаржыны есептеп шығарды. Олардың мәліметінше, мерекелік дастархан жаю үшін 21 108 теңге жеткілікті. Осынша қаржыға есептелген ас мәзіріне ет, жеміс, көкөніс, тіпті қазы-қартасы мен сусын кіреді.

[caption id=" align="alignnone" > Сурет ашық дереккөзден алынды[/caption] «Талдау нәтижесі бойынша орта есеппен елде жаңа жылдық дастархан құны 21 108 теңгені құрайды. Елорда тұрғындары мейрамға ең көп ақша (23117 теңге) жұмсайды. Ал ең аз қаржат жұмсайтын Павлодар қаласының тұрғындары (19 195 теңге). Онда республика бойынша еттің ең төменгі бағасы тіркелген», − деп жазылған Ұлттық банктің желтоқтан айындағы қаржылық-несие саясаты баяндамасында. Сонымен қатар, «жаңа жылдық дастарханның» құнын бағалаумен қатар, аймақ бойынша халықтың сатып алу қабілетінің жанама индексі де есептеліпті. Республика бойынша сатып алу қабілетінің ең жоғары деңгейі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына тиесілі болса, ең төмені көрсеткіш Шымкент қаласында тіркелген.

Ұлттық банктің есептеуінше 21 108 теңгеге мынадай дастарқан жаюға болады:

GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы Асылхан Андашов Ұлттық банктің мәлімдемесіне қатысты мынадай пікір білдірді:
«Зерттеудегі «жаңа жылдық дастарханда» тек 2 түрлі салат, 1 тамақ, 4-5 түрлі 1-1,5 литрлік сусын, 5 түрлі бірнеше граммдық жемістер, бірнеше түрлі тәттілер (әрқайсысынан бірнеше жүз грамм ғана болар) және бауырсақ жатқызылған. Бірақ, аталған тағамдар жаңа жылға жайылатын дастархандағы ең көп кездесетіні ғана. Іс жүзінде тұрғындар 2 түрлі емес 3-4 түрлі салат, бірнеше түрлі тіскебасар (закуска) әзірлеп, 1-1,5 литрлік емес 2-2,25 литрлік сусыннан бірнешеуін алады. Дүкеннен дастарханға зат алғанда да тек оливьеге деп 300 грамм шұжық, 330 грамм картоп сатып алмаймыз. Әрине, осыны ескеріп 21 мың теңгеге жеткізу қиын. Екіншіден, зерттеуде тек 4 адамдық жанұя қарастырылған. Ал шын мәнінде көп тұрғындар өздеріне ғана емес, кейінгі келетін қонақтарға да артығымен дастархан жаяды. Бұл да сомманың 21 мыңнан асып кетуіне ықпал етеді. 21 мың теңге 4 адамнан тұратын жанұяға жаңа жылдық минималды, ешқандай артық қалдықсыз және арзан өнімдерден дастархан жаюға жетуі мүмкін. Ал шын мәнінде тұрғындар жаңа жылдық дастарханға әлдеқайда көп сомма жұмсайтыны белгілі. Мысалы, жылқы етінің өзі 2500-3000 теңгеге жетсе, қазының ең арзаны 3000 теңгеден басталады, ең арзан шараптың түрі 1500-1800, коньяк 2500 теңгеден басталады. Ұлттық банк атаған сомманың жартысы кетті. Осы ретте, Ұлттық банк және өзге мемлекеттік ұйымдар статистиканы қоғамдағы бағаларға сәйкестендіріп шығарғаны дұрыс», − дейді сарапшы.
Елорда базарларының біріндегі сатушы Гүлжан жаңа жыл қарсаңында жылқы етін алатындар ең көбі 40-50 мың, ең азы 15 мыңға сауда жасайтынын айтады. «21 108 теңге дастархан жаюға кететін ақшаның жартысына да жетпейді. Оны кім, қалай есептеп жүр? Меніңше орташа есеппен 60-70 мың теңге кететін шығар. Отбасындағы адам санына байланысты. Біз дастарханның мол болғанын жақсы көреміз. Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай өмір сүресің деген оймен барымызды дастарханға қоятын халықпыз. Жыл сайын бәрі қымбаттап кетті ғой. Бұрын 10 мың теңге әжептәуір ақша еді. Қазір құны жоқ», − дейді сатушы. Қала тұрғыны Асем Айымбетованың да пікір осыған саяды. Оның айтуынша, мерекені пайдаланған сатушылар бағаны кейде аспандатып жібереді. «Онсыз да бәрі қымбат. Мереке кезінде азық-түлік бағасы шарықтап кетеді. Ет аласың, жақсы еттің келісі 2500-3000 теңге аралығында. Қазы аласың, қарта аласың. Жеміс-жидекке де біраз ақша кетеді. Бұған дейін мемлекет халыққа 42 500 теңге көмек ретінде берген еді. Бұл ақша түкке де жетпейді. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақыны қостық деп жар салады. Ал дәрі мен азық-түліктің бағасы қымбаттап жатыр», − дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Мереке қарсаңында бағаның қаншалықты көтерілгенін білу үшін Ұлттық статистика бюросына хабарласқан едік. Айтуларынша, ағымдағы жылғы желтоқсанда өткен аймен салыстырғанда бағаның  қарақұмық жармасына - 2,4%, жоғары сұрыпты бидай ұнына - 1,4%, ұнтақ жармасына - 1,3%, вермишельге - 1,2%, рожкилерге - 1%, қара бидай-бидай нанға - 0,8%, кеспеге - 0,6%, сөкке - 0,5%, жоғары сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нанға,  бірінші сұрыпты бидай ұнына, арпа, сұлы жармаларына 0,4%-дан өсуі байқалды. «Шала ысталған шұжық - 0,7%, сүйегі бар жылқы еті - 0,5%, сиыр еті жауырын-төс бөлігі, пісірілген шұжық - 0,4%-дан,  шошқа майы (қыртыс май) - 0,3%, шошқа еті жауырын бөлігі, тауық еті 0,2%-дан қымбаттады, ал тауықтың сирағы 0,9% арзандады. Баға деңгейі күнбағыс майына 7,8%, жұмыртқаға - 4,6%, шикі сүтке - 2,3%, майонезге - 2,1%,  маргаринге - 1,3%, сары майға - 1%, ірімшікке, ашытқыға, тұзға - 0,6%, қаймаққа - 0,5%, пастерленген сүтке, мәйекті ірімшікке 0,3%, қантқа - 2,5%, өсті», − делінген статистика бюросы таратқан мәлімдемеде. Жаңа жыл кезінде сұранысқа ие қияр бағасы - 48,7%, қызанаққа - 29,4%, қызылшаға - 4,3%, қырыққабатқа - 3,3%, картоп - 2,1%, апельсин - 2%, лимон - 1,4%, банан - 1,2%, пияз - 0,6%, кептірілген өрік 0,3% қымбаттапты.