Биыл 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке салық жүйесін заман талабына сай жаңартуды, оның ішінде ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән беруді тапсырғаны белгілі. Бұған басты себеп ретінде ол қоғамның табыс деңгейіндегі айырманың өсуін көрсеткен болатын. Президент айтып отырған «әділ салық» туралы естігенде алдымен үдемелі салық жүйесі ойға оралады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дәл осы жүйе қазір біздің елдегі салықтан «әділ» болып саналатын секілді. Бірақ бұл әдіс қағаз жүзінде ғана тиімді көрініп, іске келгенде кей тұлғалардың айлық табысын жасыруына алып келуі мүмкін. Бұдан өтімдірек әдістер қатарына байлыққа салық салу мен еңбекақы төлеу қорына жеңілдіктер енгізуді жатқызуға болады. Сонымен Қазақстандағы «әділ» салық қандай болады? Біздің қоғам бұл жүйеге дайын ба?
Алдымен салықтың негізгі екі түрі бар екенін айта кеткен жөн. Біріншісі – бірыңғай шкала бойынша, екіншісі – үдемелі әдіспен салынады. Салықтың бірыңғай шкаласы бойынша табыстың көлемі қандай болса да, салық пайызы өзгермейді. Қазір айлығыңыз 100 мың теңге болса да, 1 миллион теңге болса да, табысыңыздың 10 пайызын салық ретінде бюджетке төлейсіз. Бұл есептеуге оңай, өте қарапайым жүйе. Бастысы, баршаға түсінікті. Ал үдемелі шкала бойынша табыс көлеміне қарай салық мөлшері де артып отырады. Бұл жүйе батыс елдерінде жолға қойылған. Мәселен, АҚШ-та бұл көрсеткіш 10 пайыз бен 39,6 пайыз арасында. Төменгі мөлшерлеме бойынша жылдық табысы 9,2 мың доллардан аспайтындар төлесе, ең жоғары мөлшерлеме жылына 418 мың доллар кіріс кіргізетін байларға тиесілі. Францияда да салық көлемі осыған қарайлас. 5,5 пайыз бен 49 пайыз арасында. Жоғарғы мөлшерлеме жылдық табысы 500 мың еуро болатын азаматтарға арналған. Сондай-ақ салықтан босатылған тұлғалар бар. Ол үшін азамат жылына 6 011 еуродан аз табуы керек.
«Әділ салық жүйесінің» басты мақсаты – елдегі әлеуметтік топтардың арасындағы табыс айырмасын азайту. Ал Қазақстан қоғамында осындай теңсіздік бар ма? Бұл туралы да деректер екіге жарылып тұр. Әлем бойынша халықтың әл-ауқатын, қаржының жекелеген топтарының қолында шоғырлануын есептейтін арнайы алгоритм бар. Ол Джини коэффициенті деп аталады. Бұл алгоритмге сәйкес көрсеткіш нөлден алшақтаған сайын қоғамда әлеуметтік теңсіздік күшейе түскенін білдіреді. Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда Джини коэффициенті 2001 жылы 0,36-ға тең болса, 2010 жылы 0,28-ге дейін төмендепті. Ал 2017 жылы 0,275 санын көрсеткен. Бұл деректерге қарап отырып, еліміздегі жағдай түзеліп келе жатыр деп ойлауға болады. Мысалы, KPMG халықаралық желісі жүргізген Private equity market in Kazakhstan зерттеуінде 162 азаматтың дәулеті 50 млн доллар көлемінде екенін анықтаған. Бұл ел қазынасының 55 пайызы. Ал республика тұрғындарының 96,6 %-ның әл-ауқаты 10 мың долларға жетпейді. Президенттің арнайы тапсырма беруіне түрткі болған да дәл осы көрсеткіш болса керек. Өйткені елдегі әлеуметтік ахуал осы бетімен кете берсе, байлар мен кедейлер арасы мүлдем алшақтап, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша үшінші әлем елдерімен теңесуі ғажап емес еді.
Жалпы әлем бойынша халықтың назары әлеуметтік мәселелерге ауып келеді. Бұл үрдіс біздің елде де көрініс тапты. Мысалы, елордада бірнеше рет күнкөрістің қиындап кеткенін айтып Үкіметке шағынуға жиылған көпбалалы аналарды айтуға болады. Нәтижесінде, жәрдемақы мөлшері өсіп, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ашылды. Бірақ бұл шаралар қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарсыз еді. Сондықтан Президент Үкіметке салық жүйесін жаңғырту туралы тапсырма берді. Ұлттық экономика министрлігі 2020 жылдың ақпанында жобаны таныстыруы керек. Министрліктің мәлімдемесіне сенсек, салық жүйесіндегі өзгерістерден соң міндетті төлем тек еңбекақылардан ғана емес, басқа да табыс көздерінен алынбақ. Бұл қатарда түрлі акциялар мен мүлікті жалға беруден түсетін қаражат бар. Сондай-ақ қымбат көліктер мен үйлерге, бағалы өнер туындылары мен асыл бұйымдарға да салық салынбақ. Бірақ бұл әзірге тек жоба деңгейіндегі өзгерістер. Үкімет алдымен азаматтардың кірістері мен шығындарын есепке алуды енгізуді қолға алған. Оны 2021 жылы шенеуніктер мен квазимемлекеттік мекемелер қызметкерлерінен бастамақ. Ал бұл үрдіс 2025 жылы ғана жалпыхалықтық сипатқа енеді. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі өзгерістер кешенді түрде болатынын айтып отыр. Яғни, тек салықтық мөлшерлемелерге ғана емес, басқа да жеңілдіктерге қатысты түзетулер енгізілмек.
Үдемелі салықты Қазақстан үшін жаңа жүйе деп айтуға келмейді. КСРО құрамында болған кезеңді есепке алмаған күннің өзінде, 2007 жылға дейін елімізде салықтың прогрессивті түрі жұмыс істеп тұрды. Бірақ кейін біргелкі салық жүйесіне ауыстырылды. Басты себептердің бірі – көлеңкелі бизнеспен күрес. Сол реформадан бастап 2019 жылға дейін әр қазақстандық табыс көлеміне қарамастан айлығының он пайызын салық ретінде төлеп келді. Бірақ осы жылдың басында табыс салығының шкаласы екі сатылы жүйеге көшті. Бұл өзгеріске 2018 жылдың көктемінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табысы төмен азаматтарды қолдау туралы бастамасы себеп болды. Елбасы айлық табысы 25 АЕК, яғни 63 125 теңгеден төмен қызметкерлердің табыс салығын 1 пайызға түсіруді ұсынды. Ал сол жылдың жазында Ұлттық экономика министрлігі тиісті механизмді дайындап ұсынды. Олар пайыздық мөлшерлемені емес, салық салынатын табыс көлемін азайтқан. Яғни, еңбекақының 90 пайызы салықтан босатылып, қалған бөлігінен әуелгі 10 пайыз табыс салығын алады. Осылайша, 1 пайыз шығады. Ұлттық экономика министрлігінің айтуынша, бұл шара 2 миллионға жуық отандасымыздың табысын орта есеппен 29 миллирд теңгеге ұлғайтпақ. Бір жағынан, бұл да үдемелі салық шкаласының бір түрі деуге болады. Енді мемлекет халықтың аз қамтылған бөлігіне жеңілдік жасаумен шектелмей, ауқатты азаматтарға салмақ салуды көздеп отырғаны түсінікті болды. Бірақ біздің қоғам бұл өзгеріске дайын ба?
Үдемелі салықты Қазақстан үшін жаңа жүйе деп айтуға келмейді. КСРО құрамында болған кезеңді есепке алмаған күннің өзінде, 2007 жылға дейін елімізде салықтың прогрессивті түрі жұмыс істеп тұрды. Бірақ кейін біркелкі салық жүйесіне ауыстырылды.
Жоғарыда айтқанымыздай, 2007 жылғы салық реформасына көлеңкелі экономика себеп болды. Мемлекеттік органдар жасырын табыс көздерімен әлі күнге күресіп келеді. Ал прогрессивті шкала енгізілетін болса кірісін жасырушылар саны күрт өсу қаупі жоқ емес. Тіпті, салық түсімі азайып кетуі мүмкін деген де болжам бар. Яғни, мемлекет бұл саланы жіті қадағалауы тиіс. Сонымен қатар қызметкерлермен қолма-қол есеп айырысатын жұмыс берушілер мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов мәлімдемесінде 10 трлн теңге көлеміндегі еңбекақы салықтан тыс қалып отырғанын айтқан болатын. Яғни, бұл – бюджетке түсуі тиіс 1 трлн теңге тасада қалып қойды деген сөз. Сондай-ақ мәжілісмен жаңа салық жүйесін енгізсек, бақуатты адамдар елден ауа көшуі де мүмкін деген ойын жеткізді. Бірақ депутаттың бұл қорқынышына негіз бар деуге келмейді. Өйткені Ұлттық экономика министрлігі дайындап жатқан жобада кірісі 500 мыңнан жоғары азаматтар үшін салық мөлшерін 15% қылу көзделіп отыр. Бұл – әлем бойынша аса жоғары көрсеткіш емес. Шығыс Еуропа мен КСРО құрамында болған елдерде салық айтарлықтай төмен және біргелкі салық шкаласымен жұмыс істейді. Бұған халық санының аздығы мен ірі өндіріс ошақтарының болмауы себеп. Сондай-ақ ең жоғары айлық мөлшерінің салыстырмалы түрде төмендігі де прогрессивті салықтың бюджетке әсерін азайтып тұр.
Мамандар осы орайда жаңа салық жүйесін енгізуді жан-жақты ақпараттандырудан бастауды ұсынып отыр. Өйткені жоба туралы мәліметті жауаптылардан толыққанды ала алмаған қоғам ақпаратты басқа жолдармен іздейді. Ал ол, көп жағдайда, күмәнді ақпарат болуы мүмкін. Естеріңізде болса, қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың салықтан жалтарып жүрген кәсіпкерлерді анықтау үшін ақша аударымдарды тексеру жайында мәлімдемесі қызу пікірталас туғызған болатын. Кәсіпкерлер онлайн банкингтен бас тартып, тұтынушылар әбігерге түсті. Халық арасында отбасы мүшелерінің бір-біріне жолдаған көмек ақшасынан да салық алынады деген қауесет тарап, соңында бұл мәселеге Мемлекет басшысы араласуына тура келді. Президент аталған жобаны тыңғылықты зерттеуді тапсырып, бұл сауалды күн тәртібінен мүлде алып тастауды тапсырған болатын. Осы «сәтсіз» тәжірибе жаңа жобаларды дайындау барысында ескерілсе, біздің қоғам кез келген маңызды өзгерісті қабылдай алмақ. Бұл – бір. Ал жаңа ұсыныстардың өзектілігі, жан-жақты зерттелуі, орындалуы мен сапасы – бөлек әңгіме.