«Олимпті» тергеу басталды
«Олимпті» тергеу басталды
251
оқылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп, «Олимп» букмекерлік кеңсесі әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізе бастады.

«Тергеу деректері бойынша компания Қазақстанның қолданыстағы заңнама нормаларын бұза отырып, белгілі бір табыс табу үшін интернет-ресурс арқылы лицензияланбаған әрекетті жүзеге асырған. Тиісінше, осы салаға салық салынбаған. Ақшалай қаражатты Қазақстан шегінен тыс заңсыз шығару арналары анықталып, оқшауланды. Қаржы қылмысына жататын өзге де әрекеттер тіркелуде» делінген хабарламада.

Ведомствоның баспасөз қызметі қаржылық қылмыс саласына жатқызуға болатын басқа да әрекеттер барын мәлімдеді. Алайда нақты қандай заңбұзушылықтар болғаны аталмай отыр.

2019 жылы 29 қарашада Алматы қаласы Мамандандырылған ауда­наралық әкімшілік соты «Олимп» БК сауда белгісімен «Only bet» ЖШС және «Alpha bet» ЖШС берілген лицензия қолданысын 6 ай мерзімге тоқтатты.

Қазіргі уақытта құқық қорғаушылар тергеу жүргізіп, «Олимп» букмекерлік кеңсесінің заңға қайшы әрекетін анықтап жатыр.

Жалпы, «Олимп» букмекерлік кеңсесінің қитұрқы әрекеті жайлы қарапайым азаматтар тарапынан жиі наразылық түсіп жататыны жасырын емес. 2016 жылы қазан айында Алматы қаласының тұрғыны «Терек» футбол командасының ойынына ақша тігіп, ұтысын ала алмағаны баспасөзде жарияланғаны есте. Алматылық азамат «Олимпке» 5 млн 850 мың теңгесін салып, 14 млн теңге ұтып алғанын, алайда букмекерлік кеңсе түрлі сылтау айтып ақшасын бермей жатыр деп арызданған. Бұл ірі көлемдегі ұтыс ақшаларына қатысты бір ғана мысал. Спорттық ойындарға ақшасын салып, құмарлыққа салынып кеткендердің есебін тексере келсе, әлі талай мәселе шыға берері анық.

Ал 2014 жылы Алматыдағы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес де­партаменті «Олимп» букмекерлік ке­ң­сесі ірі көлемде салық төлеуден жал­тарғаны үшін қылмыстық іс қозғаған. Тексеріс барысында құзырлы орган кеңсенің қызметінен табысын жасыру схемасы табылғанын анықтады. Сол уақытта жасырылған салық көлемі 300 млн теңгеден астам екені айтылған.

Осы жол аталған букмекерлік кеңсенің қандай көлемде қылмыстық әрекетке барғаны әлі ашық айтылмады. Дегенмен ақпарат құралдарында ҰҚК қызметкерлерінің мұздай қаруланған сарбаздарының кеңсеге басып кірген видеосының жариялануы біраз жайды аңғартса керек.