Елордада «JYR AMANAT» концерт-спектаклі өтті
Елордада «JYR AMANAT» концерт-спектаклі өтті
5,229
оқылды

Nur Otan партиясы мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің қолдауымен елордада жыршы-термешілердің «Жыр-аманат» концерт-спектаклі өтті. Жыршылық дәстүрді кеңінен насихаттап, ата-бабадан жеткен асыл мұраны жұртшылыққа боямасыз жеткізуді мақсат еткен бұл кеште еліміздің әр аймағындағы жыршылық дәстүрдің өкілдері өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Жетісу», «Маңғыстау», «Қаратау», «Арқа», «Атырау-Жайық», «Сыр елі», «Ақтөбе» жыршылық дәстүрлерінің өнерпаздары ұлттық өнерімізге шөліркеген қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қазақы жыр мен дәстүрлі музыканың ғажайып кешін ашқан Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жиналған жұртшылықты алдымен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

– Бұл шараның осы мерекеге орайластырылуында да мән бар. Өйткені бағзыдан жеткен бұл жырларда ата-бабамыздың арманы мен аңсары, азаттық, елдік идеялары, келер ұрпаққа аманаты жатыр. Дәстүрлі өнеріміз сан ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесіне қызмет еткен. Сондықтан да Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен-ақ Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлтымыздың ұлы мұрасын, озық дәстүрлері мен мәдени қазынасын түгендеуге, оларды заманға сай түлетіп, жаңғыртуға ерекше ден қойды. Халықтың партиясы ретінде Nur Otan да ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін іс-шараларды қолдап, оның насихатталуы мен дамуына барынша үлес қосып келеді. Кеше ғана ұлттық спорт саласының үздіктері марапатталған «Алтын тұғыр» сыйлығын табыс еттік. Ұлтымыздың тілі мен ділі, мәдениеті мен спорты, ән-күйлері мен жауһар жырларынсыз халқымыздың рухы мықты болмақ емес. Біз болашақта үлкен жетістіктерге жетеміз десек, ұлттық құндылықтарымыз арқылы халқымыздың рухын көтеруіміз керек. Бұл бағытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырмалар берді. Еліміздің басты саяси ұйымы – Nur Otan партиясының доктринасында қамтылған басты құндылықтарымыздың бірі де – отбасы мен дәстүр. Онда «қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз» екендігі нақты көрсетілген, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің құттықтау сөзінде терме мен жыр кешіне келіп, ұлттық өнерді қолдаған қауымға алғыс білдірді.

– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімінің арқасында бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы қарқынды дамып, бейбітшілік пен бірлікті насихаттайтын және соны іспен дәлелдейтін әлем таныған астанаға айналды. Қазір бас қаламызда 1 млн 200 мыңға жуық халық бар. Сонымен бірге халқымыздың саны да өсіп келеді. Мысалы, 1998 жылы Целиноградта таза қазақ тілінде оқытатын бір ғана мектеп болды. Қазір 36 таза қазақ тілді мектеп бар, жалпы 88 білім ордасының қалғаны аралас мектеп. Бұл – тіліміз бен діліміз қайта оралды деген сөз. Елбасы саясаты мен көпұлтты мемлекетіміздің бірлігінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласына, ұлттық құндылықтарымызды қолдауға жағдай жасап, біздің алдымызға нақты міндеттер қойып отыр, – деді Алтай Көлгінов.

«Жыр-аманат» жыршы-термешілер кеші тұңғыш рет ерекше форматта өтті. Жыр кеші концерт пен спектакль жанрын үйлестірді. Ал келер жылы «Жыр-аманат» концерт-спектаклі партияның қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай «Есілдің жағасында жарқырайды бір қала» тақырыбында ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, күзде Nur Otan партиясының қолдауымен, еліміздің бірқатар өңірінде айтыс фестивалдері ұйымдастырылды. Айтыс өнерінің додасы 16-17 желтоқсанда Орал қаласында өтетін «Алтын домбыра» республикалық фестивалінде мәресіне жетеді. Nur Otan партиясының жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесі мүшелерінің бастамасымен мемлекеттік тілді дамыту тетіктерін пысықтау үшін арнайы комиссия құрылған болатын.

1.jpg

6.jpg