АӘК-ке КӘТ қосылып...

АӘК-ке КӘТ қосылып...

Әкесі үшін балалары да жазаланады. Бұл жайында Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов хабарлады. Алғашында естігендеріне өзі сенбеген депутаттар Үкімет өкілдеріне көптеген нақтылаушы сұрақ қойды. Ақырында парламентшілер лауазымды шенеуніктердің өздерін әбден шатастырғанына шағымданды.

Жаңа жылда, нақтылай кет­сек, келесі жылдың 5 қаңтарында Мәжіліс депутаттары ауыл-ай­мақты аралауға аттанбақ. Соның қарсаңында олар жұртшылық көп қоятын сұрақтарға жауаптармен «қаруланып» алуға ұйғарыпты. Алайда «Үкімет сағатына» келген министрлер кабинетінің әр мү­шесі атаулы әлеуметтік көмекке қатысты жаңа шараларды өзінше түсіндіріп, қалаулыларды әуреге салды.

– Жаңа талапқа сәйкес, АӘК алып жүрген отбасыдағы еңбекке жарамды азамат, мысалы, отағасы әлеуметтік шартқа қол қояды және жұмыспен қамту шарала­рына қатысуға келісім береді. Алайда кейін жұмысқа тұрудан бас тартса, онда сол отбасының бар­лық мүшесіне АӘК төлеу тоқта­тылады. Бірақ біз жаңа заңда былай жаздық: бұл талап мектеп жасындағы балаларға берілетін кепілдендірілген топтаманы тоқ­татуға алып келмейді, – деді Біржан Нұрымбетов.

– Сонда отағасы мемлекет ұсынған жұмыс түрінен бас тартса, балалары да АӘК-тен қағыла ма? – деп қайталай сұрады жиынды жүргізген Мәжіліс тө­рағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.

– Бүкіл отбасы мүшелеріне АӘК төлеу тоқтатылады. Осы арқылы еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың жауапкершілігін арттырамыз. Мысалы, 2 айда 15 өңірді араладым. Жұртшылықпен кездесуде шаруа қожалықта­ры­ның өкілі тұрып, былай деді: «Сен­дердің атаулы көмектерің ке­сі­рінен мен жұмысшы таппай­мын. 150 сиырым бар, оларды саууға қыз-келіншектерді ша­қырамын. Сауыншыларға 80-100 мың теңгеден және сүттің 20 пайызын бергім келеді. Бірақ ол кісілер келмейді» деп наза­лан­ды. Өйткені бұған дейін жұмысқа бармаса, тек өзіне АӘК төлеу тоқтатылатын, ал отбасы мүше­лері, балалары ала беретін. Енді ол болмайды. Ал кепіл­дендірілген топтама бала­лар­ға ары қарай төлене береді, – деді ведомство басшысы.

Бірақ «төлене береді» делін­генімен, ізінше ол топтаманың ақ­шалай болмайтыны анықталды. Мысалы, министр Б.Нұрымбетов­тің айтуынша, АӘК-ке ие болған отбасылардың 1-ден 18 жасқа дейінгі балаларына енді «кепіл­дендірілген әлеуметтік топтама» (га­рантированный соцпакет) деген ұсынылады. Ол топтама 1-ден 6 жасқа дейінгі бүлдір­шін­дерге бөлек: оған азық-түлік және жөргек секілді гигиена заттары кіреді. Ал оқушы балаларға әлеу­меттік пакет аясында мектепте 1 рет ыстық тамақ беріледі, олар мектеп формасымен, оқу құрал­дарымен қамтылады. Білім ордасына бару-келу жолақысына жеңілдік беріледі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева жалпы жа­ңылысушылыққа өз «штрихын» қосты. Одан де­путаттар кепіл­дендірілген әлеуметтік топтамаға (КӘТ) қандай тегін медициналық қызмет түрлері кіретінін сұрады. Ол болса, ТМККК мен МӘМС туралы айтып кетті.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін медициналық кө­мек­тің кепілдік берілген көлемі бо­йынша әр бала әлеуметтік осал топ санатына жатқызылады. Тиісінше, олар үшін медсақтан­дыру қорына мемлекет төлем жасайды. Ол пакетте шұғыл және жоспарлы стоматологиялық тек­серуге 9 мил­лиард, кеңес-диаг­нос­тикалық қызметтерге 16 млрд, профи­лактикалық тек­серілуіне 22 млрд, амбула­ториялық дәрі-дәр­­мектерге 71 млрд теңге бөлі­неді. Сөйтіп, ба­лалар үшін меди­цина қол­жетім­ділігі артады, – деді вице-министр.

Мәжіліс төрағасының орын­басары жиында тек КӘТ туралы сөз болып отырғанын ескертті: «Ал сіз балалар МӘМС аясында қандай қызмет алатынын айтып жатырсыз. Бұлар – мүлдем басқа пакеттер. Бізді әбден шатас­тырдыңыз. Ертең сіздің сөзіңізден ұққанымызды өңірлерде жұрт­шылыққа түсіндіруіміз керек. Сонда мектептегі кепілдендірілген топтамаға стоматология, дәрі­герлік тексерістер кіреді десек, ол өтірік болады».

Л.Ақтаева сөзінің ағаттығын мойындады: «Келісемін. Мен атаған сомалар міндетті мед­сақтандыру жүйесі аясында меди­циналық ұйымдарға төленеді. Ал КӘТ-те оқушыларға тек азық-түлік пен гигиена заттары ғана беріледі» деп түзетті ол.

Бірақ осал топ ұландарына көмекті әр өңір өз бюджетінің мүм­кіндігіне қарай әртүрлі көлемде ұсынатын. Енді КӘТ заң жүзінде бекітіледі және барлық өңір үшін көлемі бірдей етілмек. Оның ауқымы жалпыға міндетті білім беруді қаржыландырудың 2%-ынан кем болмауға тиіс.

Көмекті іске асыру тетігі сол күйде қалады: мектептер аз қамтылған отбасылардан шыққан өз оқушыларын киіммен және тамақтандырумен қамтиды. Алайда бұдан былай қаржыны әр мектептегі осы санаттағы оқушы санына қарай ауданның өзі бөлетін болады.

АӘК пен КӘТ-ке қатысты жаңалықтар 2020 жылдың 1 қаң­тарында күшіне енбек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қарашаның басында 456,5 мыңға жуық отбасы немесе 2,1 млн адам АӘК алатынын хабарлады. Оның 53% – көпбалалы отбасылар. Ел тарихында алғаш рет АӘК төлеуге рекордтық сома – 245 млрд теңге қарастырылып отыр.


Елдос СЕНБАЙ