Шымкент қаласы бірер күннен соң ТМД-ның 2019 жылғы мәдени астанасы болған Беларусьтің Брест қаласынан эстафетаны салтанатты түрде қабылдап алады. Демек, 2020 жылы Шымкент қаласы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы мәртебесіне ие болады. Ресми құжат 2017 жылы 11 қазанда Сочиде өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында бекітілген-ді.
Айтса айтқандай, Шымкент – бұрыннан да мәдениет пен руханияттың, ынтымақ пен бірліктің ордасы. Еліміздегі ең шуақты, қонақжай қала. Тіпті қала әкімі Е.Айтаханов жуырда қайырымды қала деген балама атау да ұсынды. Осы орайда, бүгінде үшінші мегаполисте бірқатар шаралар өткізіліп жатыр.
Жалпы, ТМД елдерінің мәдени астанасы болуға қандай қалалар лайықты, бұл мәртебенің маңызы не, ал шымкенттіктердің бұған дайындығы қалай?
«Достастықтың мәдени астанасы» жобасының тарихына үңілсек, осынау игі бастама 2010 жылы Минскідегі гуманитарлық ынтымақтастық салалары басшыларының екінші үйлестіру кеңесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы тарихи және мәдени мұра жылы аясында маңызды жоба ретінде басталған. Бағдарламаны дайындау және іске асыру туралы бастаманы ТМД-ға мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық кеңесі мен мемлекетаралық қоры ұсынды. Осы жылдың 4 қазанында Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің мәдени ынтымақтастық кеңесінің XXV мерейтойлық отырысында бұл ұсыныс қолдау тауып, бағдарлама тұжырымдамасының жобасы мақұлданды.
Ал 2012 жылғы 5 желтоқсанда Ашхабадта Достастық мемлекет басшыларының кеңесі «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы туралы ережені бекітті.
ТМД-ның мәдениет саласындағы басты жобаларының бірі саналатын бұл бағдарлама «Достастықтың мәдени астанасы» мәртебесін алған ТМД-ға мүше мемлекеттердің шығармашылық ресурстарының жыл сайынғы шоғырлануын қамтиды. Бағдарлама қалалардың бай мұраларына назар аудара отырып, олардың әлеуетін ашуға бағытталған. Сондай-ақ бұл болашаққа көпір ретінде қызмет ететін жоба. Ол мәдени алмасуды кеңейтуге және ТМД елдерінің мәдени әлеуетін неғұрлым тығыз біріктіруге арналған.
Бағдарламаның негізгі міндеті – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің толеранттылық, достық пен тату көршілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, әртүрлі халықтардың мәдениетін, тілін, тарихы мен дәстүрін құрметтеу негізінде мәдени байланыстарды жандандыру. Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттердің азаматтары арасындағы басқа да көлденең байланыстарды дамытуға жәрдемдесу, мәдени саладан бөлек туризм, экономика және басқару, кадрлар даярлау, қала құрылысы және сәулет саласындағы тәжірибе алмасу да маңызды фактордың бірі саналады.
Ал ТМД-ның мәдени астанасы болуға лайықты қалаға қойылатын негізгі талаптар қаланың мәдениеті арқылы өзгеруге және дамуына дайындығының және мемлекетаралық желілік ынтымақтастықтың алғышарттарының болуы, қазіргі заманғы мәдени өнімдердің жарқын мысалдары мен қажетті инфрақұрылымы сай болуы тиіс. Сонымен бірге «Достастықтың мәдени астанасы» мәртебесін алған қалаларда ұлттық жобалар конкурсы өтеді. Ал бағдарламалардың іс-шараларын өткізуге бөлінетін қаржы жергілікті және облыстық бюджеттер мен қажет болған жағдайда республикалық бюджеттен де қарастырылады.
Осылайша, мәдени байланыстарды кеңейтуге, гуманистік құндылықтарды насихаттауға бағытталған бұл жоба әр жылдары ТМД-ға мүше мемлекеттердің талапқа сай келетін қалаларында өткізіліп жүр. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астаналарының алғашқы сертификаттары Беларусьтік Гомель және Ресейдің Ульяновскі қаласына берілді.
Одан кейін, яғни 2012 жылы екі қала ТМД-ның мәдени астаналары болып еліміздің Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) және Түркіменстанның Мары қаласы аталды. Аталмыш екі қала эстафетаны Габала (Әзірбайжан), Гюмри (Армения) және Могилев (Беларусь) қалаларына өткізді. Ал Достастық мемлекет басшылары кеңесінің 2013 жылғы 25 қазандағы шешімімен ТМД елдерінің мәдени астаналары мәртебесін 2014 жылы Алматы (Қазақстан) және Ош (Қырғыз Республикасы) қалалары алды. Одан кейін ТМД SGS шешімімен ТМД-ның мәдени астаналары 2015 жылы Ресейдің Воронеж және Тәжікстанның Куляб қалалары анықталды.
2015 жылғы 16 қазанда ТМД мемлекет басшыларының кеңесі «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасын Түркіменстанда жүзеге асыруды ұйғарып, Дашогуз қаласын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы деп жариялады. 2017 жылы бұл мәртебе Әзірбайжандағы екінші үлкен қала Гянджаға берілді. 2018 жылы Армения Республикасында (Горис қаласы), 2019 жылы Беларусь Республикасында (Брест қаласы) өткізілді. Міне, таяу күндері Брест қаласында мәдени астананың салтанатты жабылуы өтіп, бұл мәртебе Шымкент қаласында жүзеге асырылатын болады. ТМД мемлекет басшылары кеңесінің 2019 жылғы 28 қыркүйектегі шешімімен Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласы 2021 жылы Достастықтың мәдени астанасы болып жарияланды.
Бүгінде қала көлемінде айтулы жылда қаланың ТМД-ның мәдени астанасы ретінде жаңа имиджін жасауға бағытталған іс-шаралардың тұтас кешенін жүргізу жоспарлануда. Олардың қатарында қызықты туристік бағыттар құру, тарихи ескерткіштерді қайта жөндеу, түрлі музыкалық фестивальдер, мұражай көрмелерін өткізу, шетелдік театрлардың гастрольдерін және әлемдік танымал авторларының қатысуымен кітап жәрмеңкелерін ұйымдастыру да бар.
Иә, әр қаланың өзіндік мәдениеті, бай рухани қазынасы және бірнеше жылдық тарихы бар. Ақпарат көздеріне сүйенсек, әр жылдары мәдени астана мәртебесін алған қалалардың мәдениет саласында едәуір өзгерістер орын алып, жаңа ғимараттар тұрғызылып, мәдени шара көптеп өткізілген. ТМД елдерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдері бас қосып, түрлі шаралардың өтуіне ұйытқы болған. ТМД-ның түрлі елдерінен келген шығармашылық ұжымның қатысуымен жүздеген музыкалық, білім беру және театрлық бағдарламалары жүзеге асырылды.
Мәселен, Брест қаласында биыл ТМД мәдени астанасының ашылуы 2019 жылдың наурыз айында өтті. Бресттіктер жоба аясында түрлі елдің мәдениетімен танысып, скрипка байқауы, хореографиялық фестивалі, мүсіншілер әуені, оркестрлер шеруі сынды 1000-нан астам шараларды тамашалады.
Ал 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатын мәртебе үшінші мегаполиске тектен-текке берілген жоқ. Соңғы жылдары қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылған. Экономикасы өсіп, республикалық маңызға ие мегаполис атанды. Сондай-ақ миллионға жуық тұрғыны бар қалада мәдени шараларды өткізетін жаңа нысандар көп. Бұл мәртебе шаһарға жүктелген үлкен жауапкершілік. Шымкентте мәдени шаралар өткізуге, қонақтарды күтуге мүмкіндік мол. Бүгінгі таңда қалада 5 театр, 5 ірі-ірі кітапхана, цирк, қуғын-сүргін құрбандарының музейі, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, көрме орталығы, зообақ, дендросаябақ, Түркістан сарайы сынды концерт залдар да бар.
Сонымен қатар SСAT әуекомпаниясы әуежайдың жаңа терминалының құрылысын бастады, теміржол вокзалы қайта құрылмақ және 20 мың орындық Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта құру жұмыстары жүреді. «Қырғы базар» шығыс стилінде жаңғыртылуда. Қазіргі таңда «Шымкент Сити» аумағында Конгресс орталығы салынуда. Аталмыш орталық келер жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі. Айта кетейік, Шымкенттің өзінде соңғы жылдары 50-ге жуық мәдени нысан ашылды.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Аликенқызының айтуынша,«Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» жобасын дайындау және өткізу жөніндегі республикалық ұйымдастыру комитеті құрылып, комиссия құрамы бекітілуге ұсынылған.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» жобасы аясында жыл бойы ТМД елдері арасындағы байланыстар мен достықты нығайту, мәдениет пен өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында 40-қа жуық түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылғанын атап өтті. «Атап айтқанда, 2019 жылдың сәуір айынан бастап Шымкент қаласында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының астанасы» статусын ресми тапсыру салтанаты мен ТМД елдері өнер шеберлерінің мерекелік концерті, «Жібек жолы» ұлттық салт-дәстүр мен заманауи қолөнер көрмесі, ТМД елдерінің опера жұлдыздарының фестивалі, «Душа Евразии» I халықаралық эстрада әндерін орындаушылардың фестивалі мен «Өнеріміз саған, Қазақстан!» республикалық фестивалі, суретшілер, фотосуретшілер, ақын-жазушылардың кездесулері және тағы басқа шаралар өткізілді» дейді ол.
Бүгінде қала көлемінде айтулы жылда қаланың ТМД-ның мәдени астанасы ретінде жаңа имиджін жасауға бағытталған іс-шаралардың тұтас кешенін жүргізу жоспарлануда. Олардың қатарында қызықты туристік бағыттар құру, тарихи ескерткіштерді қайта жөндеу, түрлі музыкалық фестивальдер, мұражай көрмелерін өткізу, шетелдік театрлардың гастрольдерін және әлемдік танымал авторларының қатысуымен кітап жәрмеңкелерін ұйымдастыру да бар.
– Бұл ретте барлық іс-шаралар шетелдік туристерге де, ішкі тұтынушыға да қызықты және танымды болуы тиіс. Қазақстанда өткізілген ЕХРО – 2017, «Азиада–2011» және «Универсиада–2017» сияқты жаһандық жобалар ішкі туризмнің зор әлеуеті бар екенін және оларды тарту, сондай-ақ өткізілетін іс-шаралардың өзін-өзі өтеуіне ықпал ететінін көрсетті. Сондықтан біз ұсынған жобалар әртүрлі мақсаты бар аудиторияның қажеттіліктерін қанағаттандыру тұрғысынан қарастырылуы керек. Мұнда іс-шаралардың ауқымдылығы мен кеңдігіне емес, олардың мазмұнына артықшылық берілген. Туризм индустриясының әлемдік тәжірибесі бүгінгі күні туристердің үлкен қызығушылығын этно-туризм және ашық ауада Open Air деп аталатын іс-шаралар үлкен қызығушылық тудыратынын көрсетеді. Бұл дегеніміз – сәулет ескерткіштері, түрлі фестивальдер және де этно-қалашықтар. Қазіргі заманғы тур-индустрияның барлық осы ерекшеліктері «Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы – 2020» жобасы аясындағы іс-шаралар тізбесін жасау кезінде ескерілді, – дейді Ғалия Аликенқызы.
Шымкент қаласында осынау жобалар жүзеге асса, келер жылы қала имиджі едәуір артады. Осы арқылы салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға да мүмкіндік зор. Әрине, мәдени астана болу іс-шара өткізумен ғана шектелмейді, келер жылы қалада талай көркі көз тартар ғимараттармен де толығары сөзсіз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы