Елге сіңірген еңбек еленді

Елге сіңірген еңбек еленді

Қалыптасқан дәстүр бойын­ша ұлтымыздың қас­терлі мерекесі қар­саңында Ақордада Мем­лекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігімізді тұ­­ғырлы, мемлекеттілікті мы­ғым, экономика дамуын ек­пінді етуге өз үлесін қос­қан бір топ азаматқа өз қо­лы­мен мемлекеттік награда тап­сыр­ды.  

Президент қазақстан­дық­тарды Тәуелсіздік күнімен құт­тықтап, егемендік – еліміздің баға жетпес байлығы екенін баса айтты.

– Мерейлі мемлекет бол­ға­нымызға 28 жыл толды. Бұл – тарихи белесіміздің бастауы, ұлы мейрам! Біздің буын Елбасының сарабдал саясаты арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олар­дың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жан пида еткен батырдың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Қ.Тоқаев.

Еліміздің алтын дәуірі, дербес дамуы Егемендік алған күннен басталды. Көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Әлем бойынша 9-орындағы жеріміздің шекарасын толық шегендедік. Бүкіл әлем Тәуелсіз Қазақстанды сенімді серіктес ретінде таныды.

Алатаудың баурайынан елордамыз Арқа төсіне көшіп, Есіл жағасына ел қонды. Ха­лық саны 2 миллионға кө­бейіп, Тәуелсіздік алдындағы демографиялық дағдарыс ең­серілді.

– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту басты міндетіміз болды. Қиындыққа толы алғашқы жылдарда экономикада түбегейлі реформаларды қолға алдық. Соның арқасында 28 жыл ішінде ЖІӨ 16 есеге өсіп, 180 миллиард долларға жетті. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді. Еліміз халықаралық экономикада өзінің лайықты орнын алды. Осының бәрі халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл еліміздің абыройын және кемелдігін айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Ол әлем қоғамдастығы соңғы елу жылдағы ең күрделі сенім дағ­дарысын бастан өткеріп жат­қанына екпін түсірді және мұны «тұрақтылық пен ынтымаққа қауіп төндіретін үрдіс» деп атады.

– Азаматтар мен мемлекет институттары арасындағы қара­ма-қайшылық ушығып тұр. Күллі әлем жұртшылығы тұрмыс сапа­сын жақсартуды, тең мүмкіндік беруді және мемлекеттің ашық­тығын талап етуде. Қазақстан әлемнің бір бөлігі. Ол мәселелер­дің елімізге де қатысы бар. Осын­дай жағдайда жалған ұрандарға сенген елдердің береке-бірліктен айырылғанына куә болып отыр­мыз. Демек, жағымсыз әрекет­тер­ге дер кезінде назар аударып, халықтың мүддесіне сай саясат жүргізу өте маңызды, – деді ел Президенті.

Оның айтуынша, ең алдымен еліміздің тұғыры әрқашан мықты болуы керек. Ал бұл халқымыздың татулығына байланысты. Мемле­кетімізді бақуатты елге айналды­рып, азаматтардың тұрмыс сапа­сын жақсарту – ұлттық стратегия­мыздың басты мақсаты.

Осыған орай, Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар нақты міндет­терді шешуді «өзінің негізгі мақ­са­тым деп санайтынын» мәлімдеді.

Экономиканың тұрақты өсі­міне басты көңіл бөлінеді. Себебі кез келген елдің тәуелсіздігін сақ­тауының және гүлденуінің басты ұстыны – берік эконо­ми­калық база. Қазақстанның ЖІӨ жыл сайын кем дегенде 4% өсіп отыруы, кейін 5% межесіне шы­ғуы – стратегиялық міндет.

Қ.Тоқаев Үкіметке келесі 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдар­ла­масын кеңейтуді жүктеді. Жыл басынан бері осы бағдарлама арқасында 4 мыңдай аз қамтылған отбасы жаңа баспанаға қол жет­кізіп, қоныстойын тойлаған. Сон­дай-ақ мемлекет халыққа өз бетінше тұрғын үй сатып алуына жағдай жасауда.

– Азаматтар жай тұтынудан жинақтауға көшудің қажетін түсінді. Мысалы, бүгінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 1,5 миллиондай салым ашылған. Әкімдіктерде баспана кезегінде тұрған 526 мың адамның 200 мы­ңы жинақ жинай бастады. Ен­деше, олар қолжетімді шарттар­мен тұрғын үй мәселесін жылдам шешу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар жауапты ата-­ана­лар да 180 мыңдай балаға депо­зит ашқан, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының бай­ламынша, мұның бәрі әзірге жеткіліксіз.

– Қазір барға тоқмейілситін уақыт емес. Баспанасыздыққа қа­тысты жағдайды түбегейлі өз­гер­ту керек. Бұл мәселе ұдайы бас­ты назарымызда болады. Тұр­ғын үймен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым­дығы. Сондықтан жақын арада осы бағытта қосымша шаралар қабылданады. Үкімет «Бақытты отбасы» бағдарламасының игі­лігін үй кезегінде тұрған барлық азаматтарға тарату мәселесін пысықтауда, – деп хабарлады Қ.Тоқаев.


Ол бас­панамен қамтамасыз ету мәселе­сіне бірінші кезекте мән беріле­тінін және бұл жұ­мыс­тың нәтиже­лерін ел жақында сезіне бастайтынын нықтады.

– Біз бюджет қызметкерлері­нің еңбекақысын біртіндеп арттырып келеміз. Бұл ұстаздар қауымына, дәрігерлерге және мәдениет саласы мамандарына қатысты. Мысалы, келесі жыл­дан бастап мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өседі, ал жалпы 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе­ге ұлғаяды. Көпбалалы отба­сы­лар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шек­теулі жандар әрдайым мем­лекет­тің қамқорлығында болады. Біз әлеуметтік мемлекет еке­німізді ешқашан естен шы­ғар­маймыз! Өзгеге қолдау көрсетіп, қол ұшын беру, көмектесу – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Бұл – біз­дің ұлттық кодымызда бар нәр­се, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол алда тұрған тағы бір маңызды міндет ретінде ұлттық сананы жаңғыртуды атады. Қа­зақстан Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» жолымен алға қадам баса береді.

– Еңбекқорлық – әлем елдерін табысқа жетелейтін басты игілік. Біз дүниежүзіне еңбекқор ұлт ретінде танылуымыз керек. Мұқ­таж жандарға көрсетілетін көмек пен масылдықтың аражігін ажырата білген жөн. Күнделікті өмірде ысырапшылдық пен өзгеге еліктеушіліктен арылуымыз керек. Ата-бабамыз дәріптеген қанағат пен үнемшілдікті жаңа буынның рухани тірегіне, асыл қасиетіне айналдыру қажет. Бі­лімге деген құштарлық азамат­тары­мызды ғылым мен техноло­гия саласындағы зор жетістіктерге жетелеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент «қазақ тілі өрке­ниеттің ой-пікірін қалыптас­ты­ратын, өнертапқыштар мен ға­лымдар сөйлейтін тілдермен қатар тұруы керегін» мәлім етті: «Сонда ғана ана тіліміз ұлтаралық қатынас тіліне айналады».

Келесі жылы республикамыз әл-Фарабидің 1150 жылдығын, ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтеді. Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған іс-ша­ралар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі төл тарихымызды дәріптеп, рухани жаңғыруымыз үшін маңызды.

– Ел тарихындағы барлық же­тіс­тіктер – әр азаматтың ерен еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі мара­пат иелері – соның жарқын кө­рінісі. Сіздер өнегелі істеріңізбен өзгелерге үлгі болып, көпшіліктің құрметіне ие болып келесіздер. Өз саласында ерекше табысқа жеткен азаматтардың бәрі ең жоғары наградаларға лайық, – деді қатысушыларға қайырылған Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақордада «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы халық артисі Роза Рымбаеваға, 25 жыл шахтада жұмыс істеген кенші Тұрсынбек Мақышевке берілді.

«Отан» орденін жазушы Илья Жақанов иеленді.

І дәрежелі «Барыс» ордені­мен – Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, ғалым Әділ Ахметов, жазушы Төлен Әбдік, Мә­жіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, ғалым Мекемтас Мырзахметов, ал ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – академик Ғарифолла Есім марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені профессор Мәмбет Қойгелдиев­ке, жазушы Қойшығара Салға­раұлына ұсынылды.

Димаш Құдайберген және Тамара Асар «Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері» атанды.

«Парасат» орденіне журна­лист-публицист Жанболат Ауп­бай лайық деп танылды.

Мемлекет басшысы ІІ дәре­желі «Достық» орденін Президент кеңесшісі Ерлан Қаринге, «Құр­мет» орденін – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге табыс етті.