Түркиядан келген бақылаушылар сайлаудың әділ өтіп жатқанын айтты

Түркиядан келген бақылаушылар сайлаудың әділ өтіп жатқанын айтты

Бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізген түркиялық бақылаушылар Зеки Хакан Сыдалы мен Тұғрул Чамаш Қазақстандағы сайлау науқанының жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Ауа райының суықтығы мен пандемияға қарамастан, сайлаудың жақсы өтіп жатқанын көрдік. Бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Орта жастағы азаматтардың белсенділігі байқалады. Заңсыздықтар көзге түспеді. Кешке дейін әлі бірнеше учаскеде боламыз. Сайлау әділ, ашық және ешбір форс-мажорсыз өтеді деп сенемін», – деді Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, оппозициялық IYI партясының мүшесі Зеки Хакан Сыдалы. Ал Түркия Қоршаған орта және урбанизация министрлігінің кеңесшісі, тәуелсіз байқаушы Тұғрул Чамаш демократиялық процестерді тереңдетуде сайлаудың маңызды екенін, бірақ тәуелсіздік алғанына көп болмаған мемлекеттерді Батыс елдерімен салыстырмау керек екенін айтты.

«Біз үшін атажұрттағы қаңтардың аязы таңсық дүние. Сондықтан «ауа райының қолайсыздығы мен пандемияға қарамастан» дедік. Әйтпесе, тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда көптеген сайлау өтті. Тәжірибе жинап келеді. Өз басым бақылаушы ретінде алғаш қатысып отырмын. Заңбұзушылық, әділетсіздік байқалмады. Керісінше, халықтың белсенділігі, сайлау комиссиясы мүшелерінің жауаптылығы сезіледі», – деді Тұғрул Чамаш.

Амангелді ҚҰРМЕТ