Тәуелсіздік – ортақ мұратымыз
Тәуелсіздік –  ортақ мұратымыз
565
оқылды

Олар – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Анасы бесігін азаттық жыры­мен тербеген. Егемендік желі айдарынан есіп, Тәуелсіздік лебі танауын қы­тықтаған. Еркін елде өскен ұландар бой түзеп, жарқын болашаққа нық қадаммен қараған. Бірі – өнерде, екіншісі – спортта, ендігісі қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүр. Мереке қарсаңында Тәуелсіздік құр­дастарының жүрекжарды тілегін ұсынамыз.


Аигерим.JPG

Әйгерім БЕКЕТАЕВА, 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
«Астана опера» балет театрының жетекші солисі:

 

Жүректің тыныштығынан артық бақыт жоқ

– Тәуелсіздік – қас­тер­лі ұғым. Тарихи күнді отбасыммен бірге өткі­зуге, достармен кездесуге тырысамын. Бірақ біздің жұмысымыз мереке күндері қарбалас болып кетеді. Артистер, әдетте мерекелерді көбінесе сахнада өткізеді. Біздің міндетіміз – көрерменге қуаныш сыйлау. «Астана опера» театрында жұмыс істегеніме өзімді бақытты сезінемін. Себебі мұндай театр әрбір мемлекетте бола бермейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ел мәдениетінің дамуына айрықша үлес қосқаны үшін зор алғыс айтамын.

Тәуелсіздік жылдарында мәдениетті дамыту үшін көптеген жаңа театрлар салынды. Театр – ел мәдениеті дамуының түпқазығы, қазақ руха­ния­тының алтын діңгегі. Өнер әрбір адамның тұлғалық дамуында, көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Кез келген дәуірдің көне тарихын театрсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан қай уақытта да театрдың маңызы, алатын орны ерекше. Рухани құндылықтарды өмір­де ештеңе алмастыра алмайды. Адамзаттың жан жүрегін тебірентіп, жүрегіне нұр құйып, сәуле сыйлайтын өнер дамыса, өнерді халық қолда­ған­нан артық қуаныш жоқ.

Тәуелсіздік жылдарында жаңа астанамыз бой көтерді. Бас қаламызда өнерді дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бас-аяғы 20 жылдың шеңберінде Нұр-Сұлтан Еуразияның жүрегіндегі мәдени орталыққа айналды. Өнердің өркендегеніне қуанамын. Еліміздегі бейбітшілік әр жүрекке тыныштық сыйлайды. Әрбір шаңырақта тыныштық, қуаныш көп болсын.

 

Бауыржан.JPG

Бауыржан ТҰРЫСБЕК,
«Тобыл» футбол клубының шабуылшысы:

 

Елімнің еңсесі биік болсын!

–    Тәуелсіздік – тарих­пен үндес ұғым. Егемен еліміздің сан ға­сыр жүріп жеткен биігі. Әрқашан көк Туы­мыз көкте желбі­реп, қыран елдің қанаты талмаса екен. Тәуелсіз Қазақстанның спорт тарихына тамшыдай болса да үлес қосып жүргеніме қуанамын. Әсіресе, ұлттық құрама атынан доп тепкенде жан дүниемді ерекше толқыныс билейді. Әнұранымыз шырқалып, жасыл алаңда жанкүйерлерді көргенде рухтанамын. Мұның бәрі – азат өлкенің ұланы екеніміздің дәлелі. Айтулы күнді отбасыммен, бала-шағаммен атап өтемін. Мерекенің маңызын бала бойына сіңіргім келеді.

Осы орайда, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігі мәңгі болсын. Бастысы, бабалар аңсаған күннің қадіріне жетіп, бағалай білсек болғаны.

 

Артур.JPG

Артур ТӨЛЕПОВ, 
актер:

 

Бойтұмары қазақтың жарқырай берсін!

–    Тәуелсіздік күні-ұлық мереке. Елбасымыз «Қа­зақ­тар талай рет тұта­сымен қырылып кету­ге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды» деп әдемі суреттеген. Қиындықпен жеткен, бабалар, Алаш арыстары арман еткен азат күнде қанат жайып жүргеніміз – бақыт. Тәуелсіздік дейтін бойтұмардың қазақтың мойнында мәңгі жарқырауын тілеймін. Түрлі киноға түсіп, жастарға рух беретін монолог оқып жүрмін. Instagram желісінде жастар жөн нәрсе оқысын, көрсін деген ниетпен видео түсіремін. Өз басым Тәуелсіздік күнін отбасыммен, ағайын-туыспен дастарқан басында тойлаймыз.  

«Жаужүрек мың бала» фильмінің түсірілімінде бабалар жолымен жүргендей әсер алып едім. Содан бері жастардың бай тарихты барынша бағалай білгенін қалаймын. Кинематографиямыз күн санап дамып келеді. Шетелдік тарихи фильмдермен шендесетін кинолар көбейсе екен. Еліміз өркендеп, білім мен ғылым қарыштап дамысын. Спорт пен өнерден еліміздің қауқарын бар әлем танып жатыр. Ғылым мен білімнің көші алға жылжысын дегім келеді.

 

Бактияр.JPG

Бахтияр ІЛИЯСОВ, 
азаматтық қорғау капитаны:

 

Тәуелсіз елдің ұланы болғаныма мақтанамын

– Бала кез­­дегі арманымды іс­ке асы­ру үшін бар күш-жігерімді жұмса­дым. 2006 жылы Екі­бас­­­­тұз қаласындағы Н.Кремениш атындағы маман­дан­дырылған Кадет мектеп-интернатына оқуға түстім. Мектеп-интернатта екі жыл оқыдым. Оқу орнында оқыған жылдары көп нәрсе үйрендім. Күн тәртібіне дағдыландым. Темірдей тәртіп, ұстам­дылықты үйрендім. Мектеп-интернатта оқуым­ды аяқтағаннан кейін Көкшетау техникалық инс­титутына курсант болып қабылдандым. Алма­тыдағы Құрлық әскерлерінің Әскери инсти­тутына түсуге ұмтылдым. Бірақ менің тағдырым азаматтық қорғау жүйесімен байланысты болды. Бұл саланы таңдағаныма өкінбеймін. Себебі же­тістікке жету үшін ұмтылып, сан белестен өттім. 2010 жылдың тамыз айында Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясын тамамдадым. Мәскеуге іссапарға жіберді. Жинаған тәжірибемнің арқасында мамандығымның қыр-сырын үйрендім. Осы жоғары оқу орнын бітір­ген­нен кейін Павлодар облысы ТЖД Ақтоғай ауданында ТЖ бөліміне аға инженер лауазымына тағайындалдым. Осы салада елге қызмет еткенді мақтаныш санаймын. Қатардағы қызметкерден осы бөлімшенің бас маманы болып жоғарыладым. Тәуелсіз елдің ұланы болғаныма мақтанамын. Бар­ша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттық­таймын!

 

Нурсултан.JPG

Нұрсұлтан ЖАҚСЫГЕН, 
«Жайдарман» ойыншысы:

 

Азаттығым – ардағым!

–    Аллаға шүкір, атқан таңымыз Ән­ұран­мен басталып, көк байрағымыздың көлеңкесінде күліп оянып жатырмыз. Туған күні­міз осы тариxи сәтпен бай­ла­нысты болған соң мақтанып айтуға болады. Тәуел­сіздік мерекесін жыл сайын отбасыммен тойлай­мын.

Әрбір азамат ата-анасын сыйлап, құрметтеп, өзінің туған жеріне деген маxаббатын арнаса және сүйікті жұмысы болса, елге қосқан үлесі дер едім. Қанша жыл «Жайдарман» саxнасында жүріп, көрерменнің құрмет-қошеметіне бөленіп, солар­дың жүрегінен орын алу мен үшін елге деген еңбек деп айтар едім.

Ауыз толтырып айтатындай дәрежеде тойлай алмай келеміз, әншілермен көшеде концерт пен желтоқсан құрбандарын еске алу кештерін өткізу­мен ғана тоқталып жатырмыз. Алда тағы жақсы бір жоба­лар мен іс-шараларды көргім келеді.

Егемен еліміздің ертеңі ерекше, бола­шағы баянды, келешегі кемелді болуына атсалы­сатын жастарымыз көбейе берсін дегім келе­ді. Тәуелсіздік – бұл Алланың берген сыйы. Сон­дық­тан бағасын біліп, әр адам қадірін түсінсе, бізден мықты ел болмайды дер едім!

 

Ерсин.JPG

Ерсін ҚАЗИЕВ, 
Маңғыстау облыстық сотының 
Азаматтық істер жөніндегі апелляция­лық
сот алқасы сот отырысының хатшысы:

 

Егемен елде жұмыс істегеніме қуанамын

– Егемен елде халыққа қызмет етіп жүргенімді абырой санаймын. 2012 жылдан бері Маңғыстау облыстық сотында жұмыс істеп келемін. Еңбек жолымды аудандық соттардан бастадым. Мұнайлы аудандық, Ақтау қалалық сотында, БАҚ-пен байланыс бөлімінде 3 жылдай еңбек еттім. Сот саласында сатылап қызмет етіп келемін. Халықпен жұмыс істеудің артықшылығымен қатар қиындығы да бар. Міндетім – сот отырысына қатысушы тарап­тарды сотқа шақырту, хабарлау, тараптарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бір сөзбен айтқанда, сот жұмысын ұйымдастыру. Қазіргі кезде қоғамның сұранысына сай сот саласына да заманауи жаңалықтар дендеп еніп жатыр. Мысалы, биылдан бастап азаматтар сот отырыстарына ұялы телефондар арқылы қашықтан қатысуға мүмкіндік алды. Мұндай мүмкіндіктерді көзі ашық техниканың тілін меңгерген азаматтар нәтижелі пайдалануда. Алматыда отырып Маңғыстауда өтіп жатқан сот отырыстарына бейнебайланыс арқылы кедергісіз қатысып жатыр. Цифрландырудың әдіс-тәсілдері кеңінен қолданылып келеді. Жаңа заманға сай жаңа технологиялардың мүмкіндігін халыққа ақпарат таратуда кеңінен қолданып отырмыз. Қазір азаматтар құқықтық көмекті тегін алады. Халыққа құқықтық көмек көрсету орта­лық­тары ашылды. Медиация туралы мәліметті тегін ала алады. Сот ғимаратында арнайы кеңес беретін кабинет ашылды.

Сонымен қатар сот саласында қолданысқа енгізілген жаңа пилоттық жобалар соттардың жұмысын жеңілдетті. Мәселен, азаматтар сотқа қоятын талаптарды толықтай біле бермейді немесе бір мезгілде бірнеше талапты қатар қояды. Заң жүзінде бір мезгілде бірнеше талап қойылмайды. Бірнеше талап бөлек-бөлек, ретімен заң аясында жеке-жеке қарастырылады. Алайда бұл туралы азаматтарымыздың барлығы біле бермейді. Құқықтық кеңес беретін кабинетте сот процесі, арыз-шағым жазу, өз құқын қорғайтын тараптарға егжей-тегжейлі түсіндіремін. Сот саласындағы жаңалықтар, тың жобалар халық үшін жасалып жатқанына қуанамын. Кикілжің, келіспеушілік үшін медиация әдісін қолдану қазіргі таңда жемісін беріп жатыр. Соның салдарынан тұрмыстық жанжал, эмоциямен айтылған сөз үшін сот табал­дырығын тоздыратындардың қатары азайды. Дау мұраты – бітім. Өнбес дауды даулайтындардың қатары азайғаны – нәтижелі жұмыстың жемісі.

Ел егемендік алған жылы дүниеге келгенім – тағ­дырдың сыйы. Тәуелсіздік күнімен барша қазақ­стандықтарды құттықтаймын! Әрбір шаңы­рақ­қа ынтымақ, бірлік-береке тілеймін!   


Н.Бурлинов.JPG

Нұрсұлтан БУРЛИНОВ,
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 
Екібастұз электрмен жабдықтау дистанция 
бастығының орынбасары:

 

Халыққа қызмет ету – парызым

– Қарағанды облы­сы Шет ауданы Ақа­дыр кентінде 1991 жылы 1 мамырда дүниеге келдім. Тәуел­сіздіктің құрдасы болғаным – мен үшін мақтаныш. Егемендік бізге теңдікпен қатар көптеген мүмкіндік сыйлады. Мемлекет тарапынан, әсіресе жастарға білім алу, әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударып отыр. Тәуелсіздіктің арқасында замандастарыма әлемнің кез келген елінде оқимын, саяхаттаймын десе де жол ашық. Сондықтан жастарға мүмкіндік көп. Біз мүмкіндіктерді пайдалана отырып, елге қызмет етуге әрдайым әзірміз.

Теміржол – қан тамырдай тарамдалғанымен, бір-біріне жіпсіз байланған күрделі әрі маңызды сала. Ел экономикасының күретамыры – темір­жолда жұмыс істеуге бала күннен қызығатынмын. Теміржолшылардың күні-түні үзіліссіз, қарбаласқа толы әрбір күні еңбегі ерлікпен пара-пар. Кейінгі жылдары біздің салаға жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізіліп жатыр. Цифрландыру жұмысымызды жеңілдетті. Жолаушылар да қызмет көрсету саласындағы жаңалықтарды үйреніп, қажетіне жаратып жатқанына қуанамын. Біздің елде де теміржол саласын дамытуға, шетелдегідей жағдай жасауға көп көңіл бөліп отыр.     

Қазір Екібастұзда жұмыс істеймін. Еңбек жолымды Ақадыр кентінен бастадым. Үш ай бұрын Екібастұзға ауысып келдім. 2011 жылдан бері теміржол саласында еңбек етемін. Халыққа қызмет ету – парызым.   

Тәуелсіздік күнінде аңсаған арманына, көздеген мақсатына жетуге тілектеспін.

 

Нурлан.JPG

Нұрлан ӨТЕПОВ,
педагогика ғылымдарының магистрі, 
жоғары санатты ұстаз:

 

Ел ертеңі – жастар

 

– Тәуел­сіз­дік мерекесін 365 күн тойлаймын. Ата-баба аңсаған еркіндіктің әрбір таңы мен үшін   мейрам, қуаныш! Ел бастаған хандар, қара қылды қақ жарған билер, жаужүрек батырлар, әділдік пен бірлікті жырлаған ақындар, кешегі Алаш зиялылары – бәрі-бәрі осы тәуелсіздік үшін күресті емес пе?! Аспандағы бір-бір жарық жұлдыздай болған ел ағаларының лаулаған сөздері мен өлеңдерін көңіліне тоқып, өміріне бағдар қылып, жылдың әр күнін елге қызмет етуге берілген тағы бір мүмкіндік деп білемін. Елдің кешегі мен бүгінгі асылдарын ардақтап, замандас пен жолдасқа, іні мен бауырға қандай қызметте болмасын «тәуелсіздік» ұғымының қадір-қасиетін жеткізу жолында сөздерімді салмақтап отырамын.

«Елдің ертеңі – жастар» десек, жастардың жүйрік ойлы, зерек те жан-жақты, әділетті де бәсекеге қабілетті болып өсуі басты мақсатымыз. Тәуелсіз Қазақстанымның өркендеуіне қосқан тамшыдай үлесіміз болсын деп оқушыларымыздың ойлау қабілетін дамыту мақсатында «Математика – Логика» кітабы жазылды. Әрбір мектеп оқушысына қырағы ойлай білудің жетістікке апарар басты жол екендігін түсіндіріп, жастардың математика-логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған және оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында оқушылармен кездесулер ұйымдастырамыз. Елдің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын, ауыл мен қаласын арала, мектептерде мотивациялық сағаттар өткіземіз. Әрбір ісіміздің астарында елімізге деген махаббат пен шексіз құрмет жатыр.

 

Есенбек.JPG

Есенбек ТОҚТАРБЕКОВ,
Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері:

 

Жауапкершілік жүктейді

– Тәуел­сіз­дік­тің құр­да­сы болу абы­рой­мен қатар үл­кен жауап­кер­шілік жүк­тейді. Әсіресе, тәуел­сіздік алу үшін еліміз күрделі әрі ұзақ жолды жүріп өтті.

Қазір біз бейбіт әлемде, тұрақтылық пен тыныштық орнаған елде өмір сүреміз. Бұл ретте Тұңғыш Президенттің еңбегі зор. Погон тағуды бала кезімнен армандадым. Өйткені әкем ауданның құқық қорғау органы қызметкері еді. Қызмет жолымда әкем әркез үлгі болды. Алайда бәрі бірден орындала қойған жоқ. Әр істің өз қиындығы мен қызығы бар. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын денешынықтыру және спорт мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Кейіннен Железин ауданында орналасқан Алакөл ауылына қайта оралдым. Бірақ арманым маза бермеді. Алға ұмтылуға, күш жинауға, тайсалмауға үгіттеді. Мақсатқа жету үшін С.Торайғыров атындағы ПМУ магистратурасына түстім. «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығын бітірген соң, ТЖ бөлімінің қызметкері атандым. Осылайша, арманыма жету үшін барымды салдым.

Азаматтық қорғау жүйесінде жұмыс істеу үшін адамға батылдық, абырой, адалдық пен еңбекқорлық сияқты қасиет қажет. Өйткені күрделі миссия – төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс істеу, яғни адамдарды қорғау және оларға көмек көрсету кез келгеннің қолынан келмейді.

 

Майра ЖАНЫСБАЙ, 
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ