Кресло ауыстыратын әдетім жоқ — Ноғаев

Кресло ауыстыратын әдетім жоқ — Ноғаев

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев өзінің жаңа қызметіне қатысты пікір білдірді, — деп жазады «Спутник Қазақстан».

«Енді, біз «министр болуды армандадым, армандамадым» деп айтпаймыз. Қазақ «маңдайға бұйырған» дейді. Сөйтіп, келіп отырмыз. Қазіргі кезде Энергетика министрлігі Елбасы мен Мемлекет басшысының қойған тапсырмаларын орындап келеді. Сондықтан мен бүгін келіп алып, барлығын ауыстырамын деп айтпаймын. Барлық азамат білімі мен біліктілігіне қарай өз орындарында жұмыс істеп жатыр», — деді Ноғаев журналистерге берген сұхбатында.

Журналистермен жүздесуінде министр бос тұрған вице-министрдің бір орнына лайықты адамды тағайындайтынын айтты. Сондай-ақ орынбасарлары жемқорлық үшін сотталса, отставкаға кетуге дайын екенін де жеткізді.

«Бұл – заңның талабы. Мені қызметке тағайындағасын осы талапты қабылдауға міндеттімін», — деді Ноғаев.

Кеше тағайындалған министр журналистерге кабинетіне әлі бармағанын жеткізді. Креслоны ауыстыруға қатысты сұраққа: «Жоқ, креслоны ауыстырмаймын. Ондай әдет жоқ. Министр қызметіне тағайындайтынын күткен жоқпын. Өзім түнде ұшып келдім», — деді Ноғаев.